• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Өндіріс 05 Қазан, 2024

Геосинтетикалық материал шығаратын зауыт

80 рет
көрсетілді

Мемлекеттік саясаттың басты ұстанымының бірі – отан­­дық экономиканы әртараптандыру. Мұның астарын­да екі мақ­сат бар. Біріншіден, инвестиция тар­тып, бәсекеге қа­білетті түрлі өнім шығару қажет. Екін­шіден, сапалы өнім­дер импортты тауарларды алмас­тыруға жол ашады.

Атырау облысында осындай мақсатты көздеген жаңа зауыттың бірінші желісі іске қосылды. Ар­найы эко­номикалық аймақта орна­­ласқан өндіріс орнында поли­эфир­лі гео­синтетикалық мате­риал шыға­рылады. Облыс әкімінің орын­басары Марат Мурзиевтің пікірін­ше, мемлекет тарапынан экономиканы әртараптандыруға үлес қо­сатын осындай жобаның бәріне қол­дау көрсетіледі.

«Мемлекет басшысының инвес­тиция тарту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында «қара алтынды» экспорттаумен шектелмей, жаңа өнім шығаратын жобалар іске асырыла бастады. Соның бірі – полиэфирлі геосинтетикалық материал өндірісі. Жаңа зауыттың өнімі ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», дейді М.Мурзиев.

«Интаго Қазақстан» ЖШС бас директоры Азамат Асыл­бековтің айтуына қарағанда, өнді­ріс орнының жылдық қуаты – 15 млн шаршы метр. Кәсіпорын жақын арада жер­гілікті өнімнің ішкі айналым­дағы үлесін арттыруға серпін беріп, полиэфирлі материал­дар импортына деген тәуел­ді­ліктен арылтады.

«Елімізде полиэфирлі гео­син­­те­ти­калық материалға сұ­раныс бар. Осындай материал­дың шамамен 10 млн шаршы метрі Түр­кия, Қы­тай, Ресейден алынады. Өнім­де­­ріміздің басым бөлігін отандық тұ­­ты­нушылар­ға ұсынамыз. Үштен бі­рін экс­портқа жіберуді көздедік. Ре­с­ей­дегі тұтынушымыз 3 млн шар­шы метр материалды сатып алу­ға ке­лі­сім­шарт жасады», дейді А.Асыл­бе­ков.

Жаңа зауыттың жұмысы тәулік бойы тоқтамайды. Өндіріс орнын­дағы технологиялық желілердің дамылсыз үдерісін қадағалауға 40 адам жауапты. Өз ісін жауапкершілікпен атқа­руға кіріскен жергілікті маман­дар­дың орташа жасы – 31.

«Зауыттың жұмыс істеу ұста­нымы – пластиктерді өңдеп, қал­дық­сыз өнім шығару. Бұл мате­риал жоғары сапасымен, су өткіз­бейтін төзімділігімен ерек­ше­ленеді. Оны жол және нысан құрылысында, теміржол мен дренаждық жүйеге қолдануға болады. Әсіресе жаңадан салынатын жол табанын нығайту үшін төселеді. Мұндай сапалы материал төселген жол жабындысы бұзылмайды», дейді А.Асылбеков.

Бас директордың мәліметін­ше, жобаға бағытталған инвес­тициялық қаржы көлемі – 1,4 млрд теңге. Оның 715 млн теңгесі «Өнеркәсіпті қолдау қорынан» алынған. 2025 жылы тағы 3 жобаны іске қосу жос­парланып отыр. Оған 4 млрд теңге инвестиция тартылып, жаңадан 160 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ зауытты шикізатпен қамту мәселесі қолға алынбақ. Осыған орай алдағы жылдың көктемінде «Жасыл даму» бағдарламасы аясында Атырауда штапельді талшық шығаратын желі іске қосылады. Жалпы құны 2 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылатын жоба аясында 61 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. «Қазақстанда штапельді талшық шығаратын өндіріс орны жоқ. Оны шығаруға қайта өңделген пласти­калық бөтелкелерді шикі­зат ретінде қолданамыз», деді А.Асылбеков.

 

Атырау облысы