Кеше Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров халықаралық байқаушылармен бес кездесу өткізді.
Нұрлан Әбдіров Беларусь Республикасы ОСК төрағасы Игорь Карпенкомен, Америка Құрама Штаттарындағы Сайлауға жәрдемдесу жөніндегі комиссияның вице-төрағасы Дональд Палмермен, Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров бастаған ТМҰ байқаушылар миссиясының делегациясымен, Түркияның Жоғары сайлау кеңесінің мүшелері Чопур Али және Үркер Алимен кездесулер өткізді. Сондай-ақ Молдова Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Мирчей Катырэумен де кездесу өтті.
И.Карпенкомен кездесуде ОРК басшысы ТМД-ға қатысушы елдердің Орталық сайлау органдары басшыларының консультативтік кеңесіне төрағалық ету шеңберінде Беларусь ОСК-мен өзара іс-қимыл туралы сөз қозғады.
Д.Палмермен сөйлесе отырып, Н.Әбдіров Қазақстандағы сайлау үдерістерін алғаш рет АҚШ-тағы Сайлауға жәрдемдесу жөніндегі комиссияның өкілі байқап отырғанын атап өтті.
«Қазақстандағы демократиялық реформалар туралы толық ақпарат алғаныма ризамын. АҚШ үшін дауыс берудің ашық әрі анық болуы маңызды. Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын әрі бұл – мен үшін референдумға қатыса отырып, Қазақстанның сайлауы мен референдумы бойынша жүйені жақсырақ зерделеуге үлкен мүмкіндік. Референдумға дайындық бірнеше айға созылды, көп жұмыс атқарылды. Елдеріміздің сайлау органдары арасында тәжірибе алмасуды жалғастыру үшін біз Қазақстанның ОСК өкілдерін 2024 жылғы 5 қарашада АҚШ-тағы президенттік сайлауды байқауға шақырдық», деді Д.Палмер.
Оның айтуынша, АҚШ-тағы маңызды мәселелердің бірі – мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқығын қамтамасыз ету. Ол Қазақстанда да бұл мәселелерге үлкен мән берілетіні туралы хабардар болғанын айтты.
ТМҰ-мен ынтымақтастық Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТМҰ-на мүше мемлекеттердің Орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құру туралы бастамасын іске асыру аясында, сондай-ақ Түркия және Молдовамен екіжақты меморандумдарды іске асыру шеңберінде де жүзеге асырылады.
Кездесулерде Н.Әбдіров қонақтарды 6 қазанға белгіленген республикалық референдумға дайындық пен оны өткізу барысынан хабардар етті, плебисцитті өткізуге қатысты кездесулерге қатысушылардың науқанның негізгі кезеңдері мен оның қорытындыларын шығару жөніндегі сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында ОРК төрағасы елімізде халықаралық байқаушылардың сайлау науқандарына қатысуына, оның ішінде еліміздің демократиялық дамуын қолдаудың айғағы ретінде баса мән берілетінін атап өтті.
Кездесулерге қатысушылар науқанды ұйымдастырушылардың жоғары кәсіби дайындық деңгейін атап өтіп, дауыс беру күні объективті әрі бейтарап түрде байқауды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.