Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болып, онда Қазақстан Республикасы Үкіметінің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.
Депутаттардың алдында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов және Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин баяндама жасады.
Отырыста атап өтілгендей, жыл қорытындысы бойынша қаржылық нәтижелер теңгерімделген және бюджет түсімдері 5 989 миллиард теңге немесе түзетілген жоспарға қарағанда, 99,4 пайыз болып қалыптасты. Республикалық бюджеттің 2014 жылға арналған шығыстары 7 070 миллиард теңгені немесе жоспардың 99,4 пайызын құрады. Тапшылық бекітілген деңгейде – 1 081 миллиард теңге.
Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы негізгі қорытындыны айта отырып, бюджет қаржысын тиімді әрі мақсатты түрде және нысаналы пайдалануға қатысты өзекті мәселелерге тоқталды. Ол, сондай-ақ, республикалық бюджетті пайдалануды жетілдіру және мемлекет активтерін басқаруда тиімділікті арттыру жөніндегі ұсыныстар айтты.
Есеп құжаттарын талқылау барысында сенаторлар Е.Нығматулин, М.Бақтиярұлы, Қ.Айтаханов, Д.Құсдәулетов, А.Күзеков, Б.Еламанов, Г.Ким, Н.Оразалин, С.Ершов, Е.Астаев, В.Бобров, С.Нөгербеков, Т.Мұқашев, Б.Бекназаров бюджеттің кіріс базасын жетілдіру, мемлекет активтерін басқаруды жақсарту, атқарушылық тәртіптерді бұзғаны үшін жауаптылықты арттыру, қаржы мониторингі жүйесінің пәрменділігі, салық және кеден әкімшілендірулерінің тиімділігін күшейту мәселелерін көтерді.
Есеп құжаттарын талқылаудан кейін Сенаттың қаржы және бюджет жөніндегі салалық комитетіне Парламент палаталарының 17 маусымда болатын бірлескен отырысына қосымша баяндама әзірлеу тапсырылды.