Шымкентте референдум басталған күні бірінші болып №6506 әскери бөлімінің 665 әскери қызметшісі №89 референдум учаскесіне таңғы сағат 06.00-де барып дауыс берді. Одан кейін сағат 07.00-де полицейлер мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері алғашқы бюллетенді жәшікке тастады. Олар «Түркістан» сарайындағы №231 учаскеге барып, өз таңдауын жасады.
Шымкентте 18 жасқа толған 660 563 тұрғын дауыс беруге құқылы. Қалада референдум күні 344 учаске жұмыс істеді. Оның 23-і – жабық. Ол ерекше санаттағы азаматтарға арналды.
Саяси маңызды оқиға күні мегаполисте қоғамдық көліктер тегін жүрді. Инватаксилер мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсетті. Мегаполисте ерекше қызметті қажет еткен 3 615 сайлаушы тіркелді. Мүгедектігі бар 1 512 азаматқа инватакси жұмылдырылды. Есту қабілеті бұзылған 1 423 адамға сурдоаудармашылар көмекке келсе, көру қабілеті нашар 680 тұрғынға тактильді жолдар, брайльді бюллетеньдер, құлаққаптар қарастырылды.
Референдумда «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Б.Нарымбетов №231 учаскеде дауыс берді. Ол референдум ел үшін маңызды оқиға екенін, әр адам өзінің құқығын пайдаланып, дауыс беруге келу керектігін атап өтті.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков те өз таңдауын жасап, мемлекеттік маңызды істен ешбір адам шет қалмау керектігін еске салды.
Осы маңызды оқиға барысында көптеген қызықты сәттер орын алды. Мәселен, кимешек киген апалар дауыс беру учаскесінде халық әндерін төгілте шырқады. Басындағы бөрік пен үстіндегі шапаны жараса қонған қариялар нағыз абыз ақсақалдарға ұқсап жұрт назарын өздеріне қаратты. №167 дауыс беру учаскесінде қалалық қуыршақ театрының әртістері келушілердің көңілін көтеру мақсатында қызықты концерт қойды.
Бұл күні қоғам қайраткерлері О.Рахманбердиев пен Ш.Мырзахметовтер дауыс беру учаскелеріне келіп, азаматтық таңдауын жасады.
«Осы референдумнан соң елде маңызды шешім қабылданады. Оның тағдыры қалай болатынын бүгінгі дауыс берушілердің берген дауыстары шешеді. Референдум нәтижесі қалай болған күннің өзінде, елге тек пайдасы тисе екен деп тілеймін», деді Ш.Мырзах- метов.
Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері М.Ділдәбеков те дауыс берді. Ол ел үшін маңызды шешім қабылданар тұста немқұрайдылық танытуға болмайтындығын білдірді. Даңқты спортшы еліміздегі осындай саяси оқиғалар өзінің отбасы үшін мереке іспетті екенін атады.
Спорт демекші, №1 олимпиада резервін даярлау спорт мектебіндегі референдум учаскесінде дауыс берушілерге гір тасын көтеру, асық ату секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
Осы күні Қазақстанның көркем гимнастикадан құрметті жаттықтырушысы Әлия Юсупова да халықпен бірге маңызды шешім қабылдау іс-шарасына қатысты. Ол тағдыршешті мәселе тұрғанда еліміздің әрбір азаматы жеке шаруасын қойып осынау саяси оқиғаның басы-қасынан табылуға тиіс деген ой айтты. Сондай-ақ дауыс берушілер қатарында Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры, белгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы да болды. Ол халықтың талқылауына түскен сауалға өзінің қалауындағы жауабын беріп, елдің келешегі үшін дұрыс шешім қабылдау мақсатында референдум учаскесіне асыға келгенін мәлімдеді.
Жалпы, мегаполисте референдум ешқандай заңбұзушылықсыз өтті. Бұл сөзімізді №269 учаскенің бақылаушысы Жібек Қаумен де қостап отыр. Оның айтуынша, бекітілген учаскеде ешбір тәртіп бұзушылық орын алмаған. Учаскеде тіркелген мүмкіндігі шектеулі бірнеше азаматқа дауыс бергізу үшін референдум ұйымдастырушылары үйіне барып қайтқан.
ШЫМКЕНТ