• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Референдум 2024 07 Қазан, 2024

Ел пікірі екшелген сәт

85 рет
көрсетілді

Қызылордалықтар ел энергетикасының болашағы айқындалар сәтте 380 референдум учаскесінде дауыс берді. Бұлардың 126-сы­ – облыс орталығында, қалғаны аудандарда орналасқан. Осы учаскелердің алтауында дауыс беру таңғы сағат 6.00-ден бас­талды. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін мекемелердегі дауыс берушілер елден бұрын таңдау жасап, тірлігіне асықты.

Облыстағы 492 380 дауыс берушінің алдыңғы легінде учаскеге 103 жастағы соғыс ардагері Яхия Тасыров ақсақал жетіп, таңдау жасап, батасын беріп кетті.

«Алға тартқан озады, кейін тарт­қан тозады» дегенді бұрын­ғы­лар тегін айтпаған. Елдің алға жыл­жуы бірлікке байланысты. Ал бірлік осындайда байқалады. Сон­дықтан да осындай науқанда таң­дауымызды жасап, ортақ іске үн қосуымыз керек», дейді ғасыр ғұмыр иесі.

Таңертеңнен басталған дауыс беру түс ауа қыза түсті. Сағат 16.00-дегі көрсеткіш бо­йынша Қызылорда облысы ел өңірлерінен көп ілгері тұрды. Осы жолғы дауыс беруде азаматтық ұстанымын танытуға жасы жет­кен 7 038 азамат алғаш рет таңдау жасады. Қай науқанда да береке-бірлігімен ерекшеленетін өңір жұрты бұл жолы да жолдан тайған жоқ.

«Біз жастардың бойына бо­ла­шаққа деген сенім қалып­тас­тыруымыз керек. Ондайда үлгі болып жұрт алдында жүрмесек, үлкендігіміз қайда қалады. Мен ел ертеңінің бұдан да нұр­лы боларына кәміл сенемін», дейді Жаңақорған ауданы Жайыл­ма ауылындағы «Жайылма жауһар­лары» ансамблінің мүшесі Сырғалы Тұрабаев.

Өнер ұжымы да жұбын жазбай келіп таңдау жасап, елді өнері­мен сүйсінтіп кетті.

«Бүгінгі референдум келелі есті кеңесін шешетін дәстүрімізді тағы бір танытты. Ел пікірін екшейтін сәттен сырт қалу бәрі­мізге сын болар еді. Әр тұр­ғын осы дауыс берудің ел үшін ма­ңызын түсінуі керек», дейді бел­гілі қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев.

Облыстағы барлық учаске талапқа сай жабдықталды. Дауыс беру күні Қызылорда қаласында – 16, аудандарда 29 инватакси жұмыс істеді. Қажеттілікке қарай учаскелерде 48 ым тілінің маманы қызмет атқарды. Сондай-ақ 72 учаскеде 105 азаматқа Брайль қарпімен жазылған трафарет  қолжетімді болды.

 

Қызылорда