Елімізде инвестиция мол құйылатын саланың бірі – білім. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы назарында ұстайтын саланың стратегиялық маңызы зор «Серпін-2050» бағдарламасы былтыр қолға алынған болатын. Бағдарлама халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы (Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары) жастарды кадр жетіспеушілігі анық байқалатын шығыс, солтүстік және батыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыруды көздейді. Аталған жоба 2014 жылы педагогикалық мамандықтарды қамтыған болса, биыл техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарын қамтымақ. Осы орайда жобаны іске асыруға қатысатын жоғары оқу орындарының бірі болып бекітілген Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің әлеуметтік даму және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Жақсыкелді Нәзбиевпен әңгімелескен едік. Жақсыкелді Түсіпқанұлының айтуынша, университетке «Серпін» бағдарламасы бойынша биыл 450 мемлекеттік білім гранты бөлінді. Бағдарлама негізінде автоматтандыру және басқару, ақпараттық жүйелер, есептеуіш техника және бағдарламалық қамтамасыз ету, математикалық және компьютерлік үлгілеу, кен ісі, металлургия, геодезия және картография, машина жасау, көлік, көліктік техника және технология, аспаптар жасау, жылу энергетикасы, электр энергетикасы, техникалық физика, технологиялық машиналар мен жабдықтар, құрылыс, тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау, стандарттау, метрология және сертификаттау, пайдалы қазбаларды байыту, көлік құрылысы, су ресурстары және суды пайдалану, орман ресурстары және орман шаруашылығы, ағаш өңдеу және ағаштан бұйымдар жасау технологиясы сынды мамандықтар қамтылды.
Проректордың түсіндіруінше, биыл техникалық мамандықтарға гранттың көп бөлінуінің себебі, еліміздің еңбек нарығында инженерлік мамандарға сұраныстың жоғары болуында. Ірілі-кішілі кәсіпорындарда, компанияларда, өндірісте инженерлер қажет. Олардың жалақысы жоғары, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіледі және кәсіби тұрғыдан өсудің мүмкіндігі бар. Бұл мамандықтарға түсуде таңдау пәндері ретінде көбіне физика, география, химия алынады. Сондай-ақ, ҰБТ балының жоғары болуы міндет емес. 50 және одан көп балл жинағандардың барлығы осы бағдарлама бойынша оқуға түсу үшін мемлекеттік білім грантының конкурсына қатыса алады.
– ШҚМТУ-ге осы бағдарлама бойынша оқуға түскісі келетіндер өз облыстарындағы ең жақын жоғары оқу орнына барып, 2015 жылы 23-31 шілде аралығында мемлекеттік білім грантының конкурсына құжаттарын тапсыра алады. Тек арызды толтырған кезде таңдаған мамандықтың тұсына ШҚМТУ-дің коды – 012 санын көрсетсе болды! «Серпін» бағдарламасы бойынша түскен студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ оқуды аяқтаған соң жұмысқа тұруына көмек көрсетіледі. Және оқуға түскен балалардың 2 рет үйіне келіп-кеткен жолақы пұлын мемлекет төлейді, – деді Ж.Нәзбиев.
Заманауи дәрісханалары мен ғылыми зертханалары, қоры бір миллион томнан асатын кітапханасы, спорт залы, Бұқтырма су қоймасының жағасында орналасқан спорт-демалыс лагері, әскери кафедрасы бар Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ге «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түскісі келген талапкерлер университеттің www.еktu.kz сайты арқылы толық ақпаратқа қаныға алады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.