• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2015

Өңірдегі білім мен ғылым өкілі

401 рет
көрсетілді

Байтақ Отанымызда білім мен ғылымның алтын ордасына ай­налған оқу орындары аз емес. Олардан білім үйреніп, ғылымның тереңіне бойлаған азаматтар да жетіп-артылады. Солардың бірі  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Серікбай Иманбайұлы дер едік. Ол ауылдан қанаттанып ұшып, Қызылорда қаласындағы гидромелиорация техникумына өз қалауымен түсіп, оны 1963 жылы үздік бітіреді. Мамандығы бойынша қызмет атқарады. Орта білім аясында қалып қоймай жоғары оқу орнын да тәмамдасам деген ізгі ниетпен Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының гидромелиорация факультетіне құжат тапсырады. Бұрын алған білімі оның сынақтан сүрінбей өтуіне мүмкіндік туғызады. Бес жылдан кейін 95 бітірушінің арасында ол тағы да үздік дипломға ие болады. Бі­лікті кадрды қолдан шығармай гдромелиоративтік жүйелерді пайдалану кафедрасына ассистент етіп қалдырдық. Алайда, ол теориялық білімді тәжірибеде тереңдетуім, дәлелдеуім керек, деп Қызылорда қаласындағы бір ПМК-ға мастер болып кетті. Өткен ғасырдың 60-70-жылдары елімізде ға­лымдар қатары аз болатын. Оның үстіне жаратылыс­тану пәндері бойынша ғылыми атақ алу жағы көбінде Мәскеуде орындалатын. Ол үшін мықты жетекші табуың керек. Серікбай өндірістегі тәжірибесін ендігі жерде ғылыммен ұштастырсам деген ойға келеді. Кеңес Одағындағы мелиорация саласының ғылыми орталығы негізінен Мәскеудің гидромелиоративтік институтында (МГМИ) болатын. Алған біліміне, үйренген үлгісіне табан тіреген Серікбай Иманбайұлы аталмыш институтқа жол тартар алдында, сол мекеменің ғылыми негізін қалаған А.Н.Костяковтың шәкірті, академик С.Ф.Аверьяновтың өзіне тікелей хат жолдайды.  С.Ф.Аверьянов тек одаққа ғана емес, төрткіл дүние аты мәлім, мелиорация ғылымының атақты өкілдерінің бірі болатын. Академик Серікбайдың хатына риза болғаны сонша, тез арада келіп, емтихан тапсыруы керектігін айтады. Сөйтіп, ол Мәскеуде атақты А.Н.Костяковтың кабинетінде бір академик пен екі профессорға емтихан тапсырады. Ғалымдар оған дән риза болады. Академик  Аверьянов пен профессор Голованов ғылым жетекші болатындарын жеткізеді. Жетекшілері де таланты жас­ты қолдап, бағыт-бағдар береді. 1978 жылы институттың ғылыми кеңесінде «Күріш ауыспалы егі­сіндегі ылғал және тұз режімдері» деген тақырыпта кандидаттық диссер­тациясын сәтті қорғап шы­ғады. Оның бұл жетістігінен хабардар, өзі түлеп ұшқан Жамбыл гидромелиорация институтының бас­шылары Қызылорда филиалына кафедра меңгерушісі етіп тағайындайды. Кейін бұл филиал нақтылай түсіп, 1990 жылы Қызылорда агроөнеркәсіптік өн­діріс инженерлері институты болып құрылды. Білім бере жүріп ғылыми ізде­ністерін де жалғастырған Се­рікбай Иманбайұлы 1997 жылы Мәскеу мем­лекеттік табиғатты үйлестіру уни­верситетінде, он тоғыз жылдан кейін докторлық диссертация­сын ойдағыдай қор­ғап шықты. Ол оқу ісі жөніндегі проректор ретінде білім беру мәселесі бойынша да тиянақты істерге ұйытқы бола білді. Әріптестерімен түсіністікте жұмыс істеп, студент­термен тіл табысып, оларды ғы­лымға баулу ісін алға оздырып отырды. Мамандықтарға сай оқу­лықтар жазу ісіне де бел шеше кірісіп, өзі үлгі бола білді. Жүздеген ғылыми еңбектер мен 3 іргелі монография, бірнеше оқулық соның дәлелі деп білеміз. Ол басқа мәселелер бойынша мерзімдік басылымдарға да мақала жазып, үнқосып отыруды өзіне парыз санады. Сондай ізденістен туған «Суармалы жердің сұранысы көп», «Түтінің түзу шықсын туған жерім», «Тәрбиені ұтымды үйлестірген ұтады», «Суармалы жер – ел ырысы», «Ұлттық тәрбие не үшін қажет?»,   тағы басқа мақалалары бас басылым – «Егемен Қазақстан» газетінде, «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Бұл оның өз мамандығы мен шектеліп қалмай, жалпы адамзаттық, өрке­ниет мәселесіне назар аударып отыратынын көрсетеді. Бүкіл саналы ғұмырын елдің өркендеуіне, өзі тұрып жатқан, өңірдің игілікті істерін іске асы­руға, жастарға білім беріп, тәрбие үйретуге жұмсап келе жатқан, же­ті белеске шыққан профессор Се­рікбай Иманбайұлының ең­бегі елеусіз емес. Ол осыдан 10 жыл бұрын омырауы­на «Құрмет» орде­нін тақты. Ең басты жетістігі, ғалым­дығына қоса, зайыбы Ра­биға екеуі ұлды ұяға, қызды қия­ға қондыр­ған бақытты әке, ардақ­ты ана, асыл ата, аяулы әже. Бұл тұрғыдан келгенде ол зиялы жан­дардың, жалпы жұрттың қай-қай­сысына да үлгі-өнеге бола алады. Орақбай ЗУБАИРОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры.