• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Қазан, 2024

Топырақтың киесі

96 рет
көрсетілді

Ертеректе, біздің бала күнімізде, «Туған жер» атты ән болатын. Қазақта не көп, осы тақырыпта жазылған ән көп. Біздің құлағымызда қалған әлгі туынды сұмдық зарлы еді.

Қайырмасы:

«Ахау, елім-ай,

Туып, өскен жерім-ай.

Топырағың тартады-ай,

Алыстағы менің-ай, елім-ай»,

болып келетін.

Серік Құрақбаевтың бұл шығармасын мысалға тарт­қы­зып отырған – осындағы «топы­рағың тартады» деген жал­­ғыз-ақ ауыз сөз. Топырақтың ша­қыратыны бүгінде ақылға сия бермесе де, таным-түйсіктік тұрғыда қарағанда, есті сөз болып шығады. Біздің ұлттық танымда әке мен шеше, ата мен ана бір-бірінсіз айтылмайтын қастерлі болса, ел мен жер деген де дәл осылар сияқты егіз ұғымдар. Туған әке-ше­шедей қастерлі һәм қасиетті. «Қай елденсің немесе қай топы­рақтансың?» деп сұрайды қазақ. Адам мен топырақтың тұтастығына бұдан артық не мысал керек?

Табаны жерге тимей, кекілі күнге күймей көпқабатты үйде өскен бала сол топырақтың қа­дірін қайбір біліп жатыр қазір? Басқаны былай қойғанда, орта мектепті ауылдан тәмамдаған біздің өзіміз ауылға демалуға ғана барамыз. Ауыл қартайып барады... Біз анда-санда соға­тын қалалық қосмекендіге айналдық.

Әлі есімде, есім кірерлі-шығарлы 3-4 жасымда болса керек, әкемнің ағасы мені жерге аунатып алғаны. Бажылдап жылағаныма қара­мастан, бір-екі рет домалатып-домалатып жіберген. Басқасы есімде жоқ, тура сол аунатқаны ғана қалыпты. Оның өзі нешеме жылдан бері ұмытылған, өткенде мына мәтінді оқығанда жаңғырды жадымда. «Туған жерге аунату» жоралғысы арқылы туған жеріңді, ондағы ел-жұртыңды, өзіңнің қайдан шыққаныңды ұмытпау керегін, отаншыл болу қажеттігін түсінеміз. Үйге жақсы қонақ кел­генде, отырған орнына ша­па­ғаты тисін, жолын берсін деп, балаларды аунатады. Кілем тоқығанда, текемет басқанда, дайын болғаннан кейін балаларды аунатады» делінген екен ашық дереккөздердің бірінде. Біз, әрине, бұл «Аунату жоралғысына» сенбес едік. Бала күнімізде бастан өткен жай жадымызда жаңғырып, оны әкемізден сұрап, нақтылап алған соң барып жазып отыр­мыз. Білуімше, қасиеті жұқсын деп әу­лиелі топыраққа да ауната беретін баланы.

«Тұлпар аунаған жерде түк қалады» деп тегін айтпайды. Сол түк пен құт бойы­на бітсін деп туған жердің әулие­лі топы­­ра­ғына аунататын жо­ралғы қазір ұмыт қалған шығар. Әлде қазақылығы қа­лың ай­мақтарда сақталуы да мүмкін, кім біліпті.