• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Тұлға 08 Қазан, 2024

Өнерді дәріптеген өнегелі әулет

56 рет
көрсетілді

Әлімбек ақсақалды қала жұрты жақсы таниды. Қала ғана емес, есімі республикаға белгілі, күнгей мен теріскей өңірінің күйшілік мектебі мен дәстүрлі ән-күйін қатар алып жүрген ақсақал бүгінде өнегелі аға буын өкілі ретінде де отанасы Ұлтуармен бірге қала жастарымен ұйымдастырылатын кездесулерге жиі шақырылады.

Қазақтың күй өнерін дамы­туға елеулі үлес қосқан Әлімбек Қо­ныс­бекұлы – Кентаудағы Ы.Ал­тынсарин мектебінің, Алматы қаласындағы П.Чайковский атындағы консерваторияның түлегі. Оған қоса, білімін жетілдіру мақсатында Құрманғазы атын­дағы Мемлекеттік консерваторияны бітірген. Еңбек жолын Кентау қаласындағы №1 балалар саз мектебінде халық аспаптар бөлімінің жетекшісі ретінде бастаған ол кейін облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Бүкілодақтық ІІ және ІІІ халық шығармашы­лығы фестивалінің лауреаты атанды. Жо­ғары дәрежелі ұстаз, «Қа­зақ­стан Республикасының білім беру ісінің үздігі» атағы­н­а ие болған және кезінде кен­ші­лер мәдениет сарайының халық аспаптар оркестрінің ұйымдастырушысы болған. Әлімбек Қонысбекұлы 1985 жылы  отбасылық ансамбльдің негізін қалаған. Мамандығы ағылшын тілі мұғалімі болғанымен, жас­тайынан ән-күйге жақын  болған, тамаша әнші, отанасы Ұлтуар Қонысбекова отағасына ансамбль құру жөнінде ой тастаған. Сөй­тіп, отбасы мүшелерінен құрал­ған «Қонысбековтер ансамблі» алғашқыда халық әндерін шыр­қап, кішігірім жиын­дарда өнер көрсетіп жүрді. Жылдар өте әулет мүшелері қосылып, ан­самбльдің құрамы кеңейеді. Өңір­дегі мәдени шаралардың әні мен сәні де осы «Қонысбековтер ансамблі» болды. Топтың белді мүшесінің бірі Әлімбектің інісі Аман­бек Қонысбеков – кеншілер қаласының мәдениет саласына зор еңбек сіңірген елеулі тұлға. Жалпы, елге белгілі әулет қаладағы өнер үйірмелері мен мектептердің ашылуына септігін тигізгенін атап кеткен жөн. Сондай-ақ Қонысбек әулетінен Сұлтанбек, Өмірбек, Мейрамбек – елге танымал өнер иелері.  Нақтырақ айтсақ, Сұлтанбек 25 жыл мәдениет саласында еңбек етсе, Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда халық аспаптары бөлімінің жетекшісі Өмірбек Қонысбековтің бұл саладағы еңбек өтілі – 23 жыл. Халықаралық байқаулардың лауреаты Мейрамбек Қонысбе­ков – Құрманғазы атындағы филармонияда халық аспаптары оркестрінің әртісі. Әулеттің жас буыны Жәлел Әлімбек Құрманғазы атындағы консерватория студенті.

«Біз ансамбль құрған жылдары өнерге деген құрмет ерекше еді. Әрі қаланың мәдени орындарында іс-шара жиі өткізілетін. Мемлекет тарапынан өнерге көрсетілген құрмет өте жоғары деңгейде болды. Ансамбль мү­шелерінің жарыстарға баратын шығыны, киетін киімі – барлығын қалалық басшылық төлейтін. Аспаптарда ойнап үйренемін деген жастар үшін, үйірмелер көптеп ашылды. Ал қазіргі өнер саласы біршама құлдырады десек те болады. Мысалы, қазір домбыраны үйренемін деген бала аспапты, яғни домбыраны өз қаражатына сатып алуы қажет. Тіпті үйірмелердің көбі ақылы түрде қабылдайды. Оның үстіне қазір өнер саласына мемлекеттен бөлінетін қаражат көлемі де азайып кетті. Яғни өнер мек­тептеріндегі оқушылардың шы­ғынын көбіне ұстаздары немесе ата-анасы шығарады. Сол се­бепті де өнерге бет бұрған жас­тар аз. Мемлекет тарапынан қол­­д­ау күшейтілсе, өнер саласы қала экономикасын арттыруға айтар­лықтай үлес қосатын еді», дейді Әлімбек Қонысбекұлы.

Бір әулеттің елге әнші, күй­шілігімен танымал болғаны – Әлімбек ақсақалдың сол жылдары төккен терінің нәтижесі. Отбасы мүшелерінің дарынын одан әрі шыңдап, көпшілік алдында өнер көрсетуге баулып, оларды еңбекқорлыққа, адал қызметке үндеп, ең бастысы өнер деген құдіретті дамытуды парызым деп санаған Әлімбек Қонысбе­ков – шерт­пе күйді орындаушы­лар­дың хас шебері. Сазды да мәнді күй­лерімен елді тамсандырып жүрген күйші-компози­тор. Оның «Наурыз күй», «Мұра күй-поэмасы, «Шаттық думан»,  «Өттің, дәурен», «Жігер», «Бірлік басы – Ордабасы», «Аңсар», «Сей­долла сарыны», тағы да басқа шығармалары ел ішінде танымал. Ал балаларға арналған «Ақ тайлақ», «Алақай», «Көксерек», «Мектебім», «Сырғанақ», «Боз­жор­ға», «Ақша қар», «Ортеке», «Қошақан» сияқты 40-қа жуық күйлері мен күй-толғау, күй-поэмалары бүгінде саз мектептерінің репертуарынан берік орын алған. Сегіз қырлы, бір сырлы Әлімбек Қонысбекұлы әдемі лирикалық әндердің де авторы.  «Сен бар жерде»,  «Алыста жүрген бауырлар», «Аяулы ана», «Өзің едің», «Майдангер жыры» сияқты 20-ға тарта әні бар. Ал отанасы Ұлтуар керемет әнші ғана емес, сондай-ақ көптеген әннің сөзін жазған автор. Құдай қосқан қосағының бірқатар әндеріне де сөз жазған. Міне, осындай өнерлі жандар бүгінде перзенттерінің қызығын көріп отырған бақытты ата-әже.

Әлімбек ақсақал күйшілік өнер­­дің нағашы ағасы Самар  Сүйін­діковтен дарығанын айтады. Бала күнінде Самар ағасының домбыра шерткеніне қызығып, күйші боламын деп мақсат қояды. Нағашысы алғашқы ұстазы болса, одан кейін Саламат Жұманалиев, консерваторияда Хабидолла Тас­танов деген ұстаздардан дәріс ала­ды. Осындай ұстаздардың шәкір­ті болғанын мақтан ете­тін Әлімбек Қонысбекұлы – Кент­ау қаласының құрметті азама­ты, Композиторлар одағы­ның мүшесі. «Ғұмыр перзент», «Ана құдіреті», «Ясауи тол­ғауы», «Домбыраға арналған педаго­гикалық репертуар», «Музыка пәнін оқытудағы жаңа технологиялар» сынды оқу-әдістемелік құралдар – авторы еңбегінің бір парасы осындай. 

 

Түркістан облысы