Батыс Қазақстан облысын «Еліміздің батыс қақпасы» деп атайды. Расында, Еуропа құрлығына жататын азғантай пұшпағымыз осы өңірде. Ресейдің бес облысымен шектесіп жатқан, Еуропаға ең төте жол шығатын Ақжайық өңірінде көлік-коммуникация саласында айта қалатын жақсы жаңалық та, көптен күрмеуін таппай келе жатқан түйін де жетерлік. Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов өңірдегі көлік жүйесінің дамуы мен жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеміз дейді.
Ертеректе Жайық өзені арқылы жолаушы және жүк тасымалы тым тәуір жүріп тұрған. Бірақ өзен суы тартылып, кеме қатынасы тоқтағалы жарты ғасырға жуықтапты. Орал қаласы мен облысты елдің өзге өңірлерімен байланыстыратын теміржол да Ресей арқылы (Сол-Илецк, Тұзтөбе) өтеді. Мұның да өзіндік қолайсыздығы, сағаттарға созылатын кедендік тексеру мәселелері бар. Ал өңірдегі жалғыз әуе порты – Мәншүк Мәметов атындағы халықаралық әуежайдың жыры да аз емес. Облыс әкімінің осы саланы қадағалайтын орынбасары өңірде қалыптасқан көлік жүйесі жөнінде рет-ретімен айтып берді.
«Географиялық орналасуымызға байланысты, қазір облыста 4 халықаралық маршрут – Ресейдің Самара, Орынбор, Тольятти және Саратов қалаларына баратын автобустарымыз қызмет көрсетеді. Бұған қоса, бір облысаралық бағыт – Орал мен Атырау қалалары арасында автобус күн сайын жүреді. 24 ауданаралық маршрутқа 18 тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Барлық 12 аудан орталығы автобус қатынасымен қамтылған», деді Т.Каюпов.
Айтуынша, 2023 жылы өткен байқау қорытындысы бойынша Оралдан Қазталов пен Жымпиты бағытына баратын 3 ауданаралық автобус маршруты қайта ашылған. Биыл Сарыөмір, Қамысты, Сайқын маршруттары қызмет көрсете бастапты. 2023 жылы әлеуметтік маңызы бар бағыттарда 233 743 жолаушы тасымалданған екен.
Жоғарыда аталған бағыттардың «әлеуметтік» деп аталу себебі бар. Өйткені жолаушылардың жағдайы ескеріліп, бұл маршруттарға кететін шығынның бір бөлігі мемлекет есебінен жабылады. Статистикаға қарасақ, кейінгі жылдары облыстық бюджеттен бөлінетін субсидия көлемі артып келеді. Сонымен қатар субсидияланатын маршрут саны да өскен. 2024 жылы 17 бағыт бойынша жолаушы таситын 14 тасымалдаушы компания жалпы көлемі 400 млн теңге субсидия алып отыр.
Бір тәуірі, аудан орталықтарына қатынайтын әлеуметтік маңызы бар бағыттарда студент, зейнеткер және басқа аз қамтылған тұрғындарға жеңілдік қарастырылған. Мемлекеттік субсидия және облыс әкімдігінің қолдауы нәтижесінде ауданаралық маршруттарда қызмет көрсететін тасымалдаушылардың автопарктері де жаңартылып жатыр екен. 2020 жылдан бері 15 жаңа автобус сатып алынған.
«Біз ең алдымен автопаркті жаңартуға ден қойдық. 2021-2024 жыл аралығында су жаңа 124 автобус сатып алынды. Бұған дейін қаладағы автопарктің тозуы 47% болса, қабылданған іс-шара нәтижесінде ол көрсеткіш 28%-ға дейін қысқарды. Қала тұрғындары заман талабына сай жаңа автобустармен жүретін болды. Бұл оң үрдісті жалғастыра береміз», деді Тілепберген Ерсайұлы.
Әдетте, теміржол қатынасын ең арзан әрі ең қауіпсіз көлік түрі деп жатады. Бұл рас та. Облыс арқылы бүгінде «Алматы – Саратов» халықаралық пойызы, «Орал – Астана», «Орал – Алматы», «Орал – Маңғышлақ» облысаралық пойыздары және «Орал – Семиглавый Мар», «Орал – Шыңғырлау» ауданаралық пойыздары өтеді. Соның ішінде облыстың өз ішінде жүретін «Орал – Семиглавый Мар» және «Орал – Шыңғырлау» әлеуметтік маңызы бар маршруттарын субсидиялау бағдарламасы іске асып жатыр. Мәселен, 2022 жылы – 199,6 млн теңге, 2023 жылы 218 млн теңге қаражат құйылған. 2024 жылға 209 млн теңге субсидия бөлінген. 2023 жылы 67 676 жолаушы тасымалданыпты.
«Жолаушылар тарапынан Орал вокзалы ғимаратының тозып кеткені туралы сын айтылып жүрген еді. Көлік министрі М.Қарабаевтың тапсырмасымен Орал қаласы және «Қазақстан» стансасының (Ақсай қаласы) вокзалдарына техникалық тексеру жүргізілді. Сол тексеру қорытындысы бойынша қос вокзалды күрделі жөндеуге тиісінше 1 700 млн теңге және 722 млн теңге қаражат қажеттігі есептелді. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленді», дейді орынбасар.
1983 жылы салынған Орал теміржол вокзалы соңғы рет 2012 жылы күрделі жөндеуден өткен екен. Жалпы ауданы – 5 716,1 шаршы метр, тәулігіне 900 жолаушыға қызмет көрсете алатын бекетке жөндеу қажет-ақ. Ал Ақсай қаласындағы «Қазақстан» вокзалы 1937 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Ол да соңғы рет осыдан 10 жыл бұрын жөндеу көрген. Айтпақшы, аталған вокзал ғимараттарын жөндеу «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ компаниясының құзырында.
Сонымен қатар батыс қақпадағы заманауи әуе байланыс мәселесі өткір тұр.
«Қазір Орал қаласының халықаралық әуежайы арқылы 9 бағытта ұшақ қатынасы бар. Мұның 6-ауы – Астана, Алматы, Түркістан, Ақтау, Атырау, Шымкент секілді ішкі республикалық қатынас болса, Франкфурт, Анталья, Шарм-эль-Шейх қалаларына баратын 3 халықаралық бағыт бар», дейді Тілепберген Ерсайұлы.
Екі жыл бұрын әуежай терминалы ғимараты 6,6 млрд теңге қаражатқа жөнделіп, реконструкциядан өтті. Қазір әуежайдың жаңа терминалы сағатына 400 жолаушыны өткізе алады. Өткен жылы әуежайда айлақ жабындарын жөндеу және таңбалау, ангарды жөндеу, әуежайды техникалық қайта жарақтандыру жүзеге асыпты. Бұған 29 арнайы техника тартылған. Сондай-ақ кабельдік байланыс желілері тартылып, бірқатар бизнес үрдіс қайта ұйымдастырылған. Инвестор қаражатына Амбулифт мамандандырылған техникасы сатып алынып, халықтың аз қорғалатын тобына қызмет көрсету сапасы артқан.
«Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС мамандандырылған жобалау ұйымын тарта отырып, «А» рульдік жолы мен перронның жасанды жабындарын реконструкциялауға жобалау-сметалық құжаттама әзірледі. Оның жалпы құны – 71 млн теңге. Қазір құжат мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Сараптама 2024 жылдың II тоқсанында аяқталады. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған жағдайда мердігер ұйымды айқындау бойынша байқау өткізіледі», дейді орынбасар.
Батыс Қазақстан облысы