Жас ұрпаққа айтары көп, өмірі өнегелі аға буын кешегі референдумда белсінділік танытып, жастарға үлгі көрсетті. Барлық ауданда ұлттық киіммен алғашқылардың бірі болып келген қариялар ақ батасын беріп, саяси науқанның сәтті өтуіне тілектестігін білдіріп жатты.
Мысалы, Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінің №580 референдум учаскесінде Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Ахмеджан Анартаев өз таңдауын жасады. Референдумға келушілерге, ондағы комиссия мүшелері мен байқаушыларға ақ батасын берген майдангер ақсақал 1926 жылы 10 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1944 жылғы 5 мамырда Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 64-атқыштар полкінде қызмет етті. Қатардағы жауынгер шенінде Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға, Германиядағы ұрыстарға қатысты. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальмен марапатталған.
«Елдің болашағы үшін әрбір қазақстандық референдумда өз дауысын беруге міндетті. Бүгінгідей ел еңсесін тіктеген шақта ауызбірлігіміз мықты болуға тиіс», дейді 9 баласы, 28 немересі, 5 шөбересі бар қарт майдангер.
Ал Қазығұрт ауданында «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының мүшелері алғашқылардың бірі болып, өз таңдауын жасады. «Әжелер алқасы» ұйымының мүшесі, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы Қатира Бекмұратова ауылдастарын ел болашағы үшін маңызы жоғары референдумда таңдау жасауға шақырды. Түлкібас ауданында да ақ жаулықты әжелер өз сайлау учаскілеріне келіп, таңдау жасады. Сондай-ақ олар барлық учаскеге барып ән айтып, шашу шашып, құрт-бауырсақтарын сайлаушыларға ұсынып, халықтың көңіл күйін көтерді.
Ал облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы №133 учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дегі №133 дауыс беру учаскесі аумағында кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, науқанға белсене қатысып, өз таңдауын жасауға келген қала тұрғындарына түрлі жанрдағы кітаптарды сатып алуға мүмкіндік жасалды.
Ал Кентау қаласында көкпаршылар жиналып, бірге дауыс беруді жөн санапты. Саптама етік киіп, тобылғы қамшы ұстаған олар өз таңдауын жасады.
Жалпы, Түркістан облысында 1 млн 180 мыңнан аса дауыс беруші бар. Орталық референдум комиссиясынан 13 республикалық қоғамдық бірлестік, облыстық аумақтық референдум комиссиясынан 32 қоғамдық бірлестік аккредитациядан өткен. Барлық 945 референдум учаскесінде 6 433 байқаушы мен 20 мобильді капитан, сондай-ақ 167 ауылдық елді мекенде тұрғындарды тексеру үшін жылжымалы медициналық пункттер жұмыс істеді. Дауыс беруге алғашқы келгендерге арнайы сыйлықтар табыс етілді. Облыс бойынша қоғамдық көліктер тегін қатынады. Көлік демекші, барлық аудандарда «инватакси», әлеуметтік таксилер қызмет көрсетті. Мысалы, Мақтаарал ауданында мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау үшін 61 сайлау учаскелері арнайы кабиналар, тактилдік көрсеткіштермен, мониторлы компьютер, ұлғайтқыштар, тұтқалармен және пандустармен толық жабдықталған. Сонымен қатар 11 сурдо-тифло аудармашы, 3 «инватакси», 4 әлеуметтік таксилерімен қамтамасыз етілді.
Түркістан облысы