Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов біздің елімізде сапармен жүрген Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Асылбек Жээнбековпен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Жүздесуде сауда-экономикалық қатынастарды нығайту, парламентаралық ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ, мемлекеттер арасындағы келісімдік-заңнамалық базаны жетілдіру турасында әңгіме қозғалды. Әсіресе, Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ға кіруі жөнінде келісімді ратификациялауды жеделдетудің маңыздылығына көңіл бөлінді.
Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық маңыздылығына назар аудара келіп, Қабиболла Жақыпов Елбасы бастамашы болған 5 институттық реформа туралы және «100 нақты қадам – Ұлттық жоспары» туралы баяндады.
А.Жээнбеков өз кезегінде Қазақстан Президентінің көрегендігі мен қазақстандықтардың береке-бірлігінің арқасында келген зор табыстарға тоқталып, біздің еліміздің алға қойған ауқымды мақсаттарға уақытынан бұрын жететініне сенім білдірді. А.Жээнбеков өз сөзінде:
– Қазақстан – дамудың, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың жарқын үлгісі, – деді.
ЭКСПО-2017 көрмесіне де көңіл бөлген мәртебелі мейман біздің еліміздің әлеуетін паш етудің айрықша мүмкіндігі екенін айтып, оған Қырғызстанның да белсене қатысатынын жеткізді.