Жетісу жерінде медицина саласына арналған 60-қа тарта нысанның құрылысы басталды. Бұл ғимараттарды салу жұмысы алыс аудандардағы халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында қолға алынып отыр. Оған қоса сол елді мекендерге маман тарту мәселесі де жүйеленіп келеді. Айталық, былтыр өңірге 76 маман келген. Олар мемлекет тарапынан 10 млн теңгеге дейін үстемеақы алған. Жалпы, кадр тапшылығын шешуге 595 млн теңге қаржы жұмсалған.
Өңірдегі медицина саласын дамыту мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қолға алынған. Қазір соның игілігін алыстағы елді мекендер де көріп жатыр. Мәселен, көп ұзамай Ақсу, Алакөл, Сарқан, Ескелді, Көксу, Қаратал, Кербұлақ Панфилов аудандарында 59 медициналық нысан бой көтереді. Шалғайдағы ауылдарда 15 дәрігерлік амбулатория мен 39 фельдшерлік-акушерлік, 5 медициналық пункт іске қосылмақ. Өңірде қабылданған іс-шаралар нәтижесінде кейінгі 2 жылда денсаулық сақтау нысандарын жаңарту деңгейі 50 %-дан асқан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бір ғана шалғай Алакөл ауданында ұлттық жоба аясында 9 заманауи денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды. Олар: Екпінді, Жайпақ, Бескөл ауылдарындағы 3 дәрігерлік амбулатория, Жанама, Сапақ, Үшбұлақ, Қызылқайың, Қайнар, Ақжар ауылдарындағы 6 фельдшерлік-акушерлік пункт. Жалпы, Ақжар ауылындағы ФАП-тың дайындық дәрежесі шамамен 40%-ды құрайды. Мердігер ұйым өкілі Құрбанәлі Омаровтың айтуынша, құрылыс жұмыстары тамыз айында басталған.
«Біздің міндетіміз – нысан салу, іргелес аумақты абаттандыру, қоршау орнату. Сондай-ақ 35 млн теңгеге жуық сомаға заманауи медициналық жабдықтар сатып алуға өтінім бердік. Яғни нысанды дайын күйде тапсырамыз. Шеттен келген мамандардан басқа 10 жергілікті тұрғын тартылған, қажетті техника жеткілікті. Бір сөзбен, құрылысты мерзімінде орындауға барлық мүмкіндік бар», дейді Қ.Омаров.
Ақжар ауылында 1500 адам тұрады. Салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункт 60-жылдары салынған, бейімделген ғимаратта орналасқан ескірген медициналық пункттің орнына салынады.
«Ауылдағы медпункт ескірген, нормалар мен талаптарға сәйкес келмейді, қыста медпункт болады. Сондықтан да ауыл тұрғындары өздерінде заманауи денсаулық сақтау мекемесінің пайда болуына, медициналық қызмет көрсету сапасының артуына өте қуанышты. Шілде айында ауылдық округтің Қоңыр ауылында блокты-модульді медициналық пункт іске қосылды. Өткен жылы мұнда мектеп жөнделіп, 150 орындық жаңа мәдениет үйі салынды. Мұның бәрі ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді», дейді Ақжар ауылдық округінің әкімі Елес Жапарғалиев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров атап өткендей, жергілікті бюджет есебінен ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында өңірде блокты-модульді медициналық пункттер салынып жатыр.
«Алакөл ауданына келетін болсақ, өткен жылы Қарлығаш, Байзерек, Ынталы ауылдарында блокты-модульді медициналық пункттер орнатылды. Биыл осындай нысандар Бибақан, Арқарлы, Қоңыр ауылдарында пайдалануға берілді. Сондай-ақ Достық, Қабанбай, Ақтүбек ауылдарына 3 санитарлық автокөлік сатып алынды. Жыл соңына дейін аудандық аурухана заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, 200 төсектік стационары бар орталық емхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», дейді А.Жансеңгіров.
Кейінгі екі жылда Алакөл ауданына инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандардың құрылысына, сондай-ақ жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 32,2 млрд теңге бөлінді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі медициналық кадрлардың тапшылығын азайту мақсатында биылдан бастап көтерме ақы төленеді. Енді өңірге келген дәрігерлер ауылдық жерде жұмыс істейтін болса, 10 млн теңгеден, қалада жұмыс істеген жағдайда 5 млн теңгеден алады. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, өткен жылы өңірде дәрігерлік кадрлардың тапшылығы 8%-ға төмендеген.
«Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен облысымызға кәсіби медициналық кадрларды тартуға біржолғы көтерме ақы төлеу туралы шешім қабылданды. Биыл осы мақсатқа 595 млн теңге бөлінді. Осы кезеңде ауылдық жерлерге келген 9 дәрігерге 10 млн теңгеден, ал қалаға келген 16 дәрігерге 5 млн теңгеден төленді. Биылғы шілдеден қазанға дейін жұмысқа қабылданған тағы 45 дәрігерге жыл соңына дейін көтермеақы төлеуді жоспарлап отырмыз. Бұл қолдауды 3 айлық сынақ мерзімінен сәтті өткен жағдайда алуға болады. Өңірдің медициналық мекемесінде 5 жыл жұмыс істеу қажет. Қазірде бізге 186 маман жетіспейді, жыл соңына дейін олардың саны азаяды. Сол тұрғыда бұл мәселені шешуде біржолғы көтермеақы төлеу – жақсы демеу», дейді А.Жансеңгіров.
Айта кетейік, жыл сайын облысқа 80-ге жуық жас маман келеді. Солардың бірі – 17 жылдық еңбек өтілі бар хирург Нұрмұхамед Байжанов, ол Қабанбай ауылындағы Алакөл аудандық орталық ауруханасының бөлімшесіне жұмысқа тұрған. Ауылдық ауруханаға 6 ай бұрын келіп, қолдау ретінде 10 млн теңге көлемінде көтерме ақы алған. Жергілікті әкімдік отбасын қажетті тұрғын үймен қамтамасыз етті.
«Жұмыс оңай емес, кішігірім жарақаттарды қоспағанда, күніне 2-3 күрделі операция жасалады. Бірақ біз, дәрігерлер, бұл жолды өзіміз таңдадық. Басты міндетіміз – науқас жандарға көмектесу. Адамдар ауыр жарақатпен түскен күрделі жағдайлар да болды, ондай сәтте минуттың өзі маңызды. Барлық жауапкершілікті өзіңе аласың. Менде 4 сертификат бар. Өзім жалпы ересек, жалпы балалар хирургімін, балалар травматологімін, балалар ортопедімін, балалар урологімін. Сондықтан емшектегі сәбилерге дейін түрлі операция жасай аламын. Бөлімде лапароскоп аппараты барлығы қуантады, бұл кез келген ауруханаларда бола бермейді. Ал заманауи медициналық жабдықты пайдалану жұмысты бірнеше есе жеңілдетеді, операциядан кейін науқастың қалпына келу үдерісін жеделдетеді», дейді маман.
Алакөл ОАА директорының орынбасары Эльмира Серікованың айтуынша, 5 жаңа маман – 2 хирург, 2 реаниматолог, 1 акушер-гинеколог арнайы бағдарлама арқылы қабылданды, оларға 10 млн теңгеден төленді.
Сондай-ақ өңірде медициналық кадр тапшылығы проблемасын шешумен қатар, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға қатысты түрлі іс-шара қабылданып жатыр. 2024 жылдың соңына дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары 94 ауылда пайдалануға беріледі, оның ішінде: 3 – жаңа құрылыс, 27 – блокты-модульді медициналық пункт, 59 – «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде, тағы 5-еуі күрделі жөндеуден өтеді.
Айта кетейік, облыста қабылданып жатқан іс-шаралар нәтижесінде 261 денсаулық сақтау нысанының 136-сы жаңартылады, жаңарту деңгейі 52%-ды құрайды.
Жетісу облысы