• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 09 Қазан, 2024

Бағдарламаның балық шаруашылығына шарапаты

80 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы Түр­кістан облысы тұрғын­дарының табысын арт­тыруға септігін ти­гізіп келеді. Алғашқы жар­ты­жылдықта бағдарлама есебінен 30 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 3 413 жаңа жұмыс орны құрылды. 75 кооператив ашылды.

Халқының 80 пайыздан астамы ауылдарда тұ­ратын өңір үшін «Ауыл аманаты» жобасының маңызы зор. Өңірде жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті жоғары. Бүгінде жасанды жолмен балық өсіру шаруашылықтарын құруға қатысты қызығушылық танытқан бизнес өкілдері, жеке тұлғаларға жергілікті атқарушы орган мен балық шаруашылығы инспекциясы бірлесіп шаруа­шылық құру алгоритмін түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Облыс бойынша тауарлы балық өсірумен 224 кәсіпкерлік субъектісі айналысады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы 24 кә­сіп­керге 168,9 млн теңге жеңіл­детіл­ген несие берілген болатын. Биыл «Ырыс микро қаржы ұйымы» ЖШС арқы­лы 232 шаруа­шылыққа 1020,0 млрд теңге қарас­тырылған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану­ды реттеу басқармасының мәліметіне қара­ғанда, «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021–2030 жылдарға арналған» арнайы бағ­дарламасына сәйкес 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, балық өнім­дері экспортының өсімін 2 есе, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 100%-ға көтеру көз­де­ліп отыр. Бүгінде облыс аума­ғындағы 110-ға жуық балық өсіру шаруашылықта­ры ашылған, биыл 7000 тонна тауарлы балық өсіру жоспарланған. Сегіз айдың қорытындысымен 1 645 тоннаға жеткен.

Жауаптылар балық аулау мер­зімі қазан-қараша айлары болуына байланысты жоспар жыл соңында толық орындалаты­нын айтады. Ал акваөсіру бойын­ша жергілікті бюджеттен биыл 500 млн теңге бөлініп, 61 балық шаруашылығы субъек­тісінің шы­ғыстары өтелген. Инвес­тициялық субсидиялауға 2024 жылға 237,5 млн теңге бөлініп, тиіс­ті жұмыстар атқарылып жатыр.

Шардара ауданында «Ауыл аманаты» аясында субсидия алып, балық шаруашылығын өркен­детуге өз үлесін қосып жүргендер көп. Соның бірі – Тұрысбеков ауыл округінде орналасқан «Мөлдір» шар­уа қожалығы. Аумағы 10 гектар болатын тоғанды балық өсіру­мен айналысатын шаруа қожа­лығы былтыр іске қосылған. Қазір 6 жасанды көл жұмыс істеп тұр, тағы 4-еуі жақында ашылмақ. Әрқай­сысы 1 гектар аумақты құрайды. Әр гектардан 10 тоннаға дейін балық алуға мүмкіндік бар. Жылына 100 тонна балық өсіруге қауқарлы. Шаруа қожалығы биыл 60 тонна балық өндіріп, алдағы уақытта 100 тоннаға жеткізуді көздеп отыр.

Мұнда тұқы, ақ амур, сазан секілді балық түрлері өсіріледі. Өндірілген балық өнімдері Шым­кенттегі мейрамханаларға жет­кі­зіліп жатыр. Өткен жылы 5 се­рік­тес бірігіп, «Ауыл аманаты» бағ­дарламасы аясында мемлекеттен 30 млн теңгеге жуық несие алып, шаруашылықты бастаған. Қожа­лық иесі Бекарыстанәлі Сүйін­бай өнімдерін алдағы уақыт­та еліміздің кез келген облысына жіберуді, шетелге экспорттауды жоспарлап отырғанын айтады.

«Әлібай» балық шаруа қожа­лығы былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыз­дық жеңілдетілген несие алып, жасанды көл қазып, балық шаруа­шылығын қолға алған. Кәсіп иесінің айтуынша, Шардара ауданында балықты өңдеп, экспорттаумен айналысып келе жатқан «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Осы мекеменің балық шаруашылығын дамыту мақсатындағы оқыту курсына барып, білім алып, тәжірибе жинаған.

«Өткен жылы 2,8 гектар жер теліміндегі тоғанға 15 мың дана шабақ жіберілді. Былтыр 17 тон­наға жуық тауарлы балық алсақ, биыл бұл көлемді көбейтуді жос­пар­лап отырмыз. Бүгінде жасан­ды көл­дердің санын ұлғайту мақ­са­­тында жұмыстар атқарылып жа­­­тыр. Жалпы, 6 гектар аумақта жа­­сан­­ды 3 көлді қазу жұмыстары бас­­­тал­ды. Жыл соңында жасанды көл құрылысы аяқталып, жыл­дық қуат­­­тылықты 100 тоннаға жеткі­зуді көздеп отырмын», деді Асан Әлібаев.

Шардара ауданы бойынша 33 балық өсіруші кәсіпкер тіркелген. Олар 951,35 тонна балық өсірген.

Облыста жергілікті маңы­зы бар 104 су айдыны заңдасты­рыл­ған. Конкурстық негізде 82 су айдыны, оның ішінде 69 су айды­ны көлде тауарлы балық ша­руа­­шылығын жүргізу үшін, 13 су ай­дыны кәсіпшілік балық шаруа­шылығын жүргізу үшін таби­ғат пайдаланушыларға бекіті­ліп беріл­ген, 22 су айдыны резервте. Қа­зір өңірде 137 тоғанды, 5 шар­бақ­ты балық өсіру, 2 тұйық қон­дыр­ғымен жабдықталған балық өсіру шаруашылықтары жұмыс істейді.

Облыстық Ауыл шаруашы­лығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, 2023 жылы республикалық бюджеттен бағдарламаны жүзеге асыруға 19,8 млрд теңге бөлініп, 3 256 жоба қаржыландырылған. Жобаға қанатқақты режімде 64 ауыл­дық округі қатысты. Нәти­жесінде, 3 413 жаңа жұмыс орындары құрылды, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 340 адамға қысқарды. Орташа жалақы 20 пайыз­ға ұлғайып, шағын кәсіп­керлер саны 2 544 бірлікке артқан. Сондай-ақ 64,2 мың мал сатып алынып, 19 қайта өңдеу кәсіпорны ашылды, 16,4 гектар алқапқа 328 жылыжай салынған. Осы жобалар есебінен 30 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

 

Түркістан облысы