Ақжарда сүт өңдеу кәсіпорны ашылды
Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында сүт зауыты ашылды. Ауыл маңайындағы елді мекендерден сүт қабылдап, өз дүкендерінде өнімдерін делдалсыз сатуды жоспарлап отырған жаңа кәсіпорын «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының қолдауымен іске қосылды. «Айзат» ЖШС жетекшісі Бақытжан Құнафиянов аталған нысанға жеке қаражатын да салыпты. Сүт цехының өнімдері аудандағы мектептер мен балабақшаларды жергілікті өніммен қамтамасыз етіп, Семей мен Өскемен қалаларындағы дүкен сөрелеріне де түспек.
– Бұл Елбасының 100 нақты қадамын жүзеге асыру аясында қолға алынған жоба. Сүт және сүт өндірісін дамыту аудандағы тың қадам болып саналады. Енді Ақжар ауылдық округіндегі тұрғындар осы цехқа сүт өткізе алады. Сонымен қатар тұтынушылар сапалы сүт өнімдерін қолайлы бағаға алатын болады, – деді зауыттың ашылу салтанатына қатысқан Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.
Кәсіпорын сүт, ірімшік, сары май, айран, сүзбе сынды түрлі сүт өнімдерін шығарады. Ресей мен Қытай елдерінің құрал-жабдықтарымен жабдықталған нысан 5 маманды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер келешекте жұмыс орнын көбейтуді көздеп отырғанын жеткізді. Жаңадан ашылған цех жұмысына қызу кіріскен жас зертханашы Аяужан Серікқызының айтуынша, зауыттың қуаты күніне 5 тонна сүт өндіруге жетеді. Қабылданған сүттің құрамы мен тазалығы зертханалық тексеруден өтеді.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша биыл Тарбағатай ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы сүт бағытындағы ірі қара малын өсіруге, сүт өндіруге 30 млн. теңге қаржы бөлінді. Бүгінде бағдарламаға қатысушы 11 шаруашылық өз жұмыстарын бастады. Ауданда сүт тапсыратын жеке тұлғалар мен шаруашылықтардағы ірі қара малының ветеринариялық жағдайын бақылау қызметі жолға қойылды. Осы арқылы тұрғындар сапалы әрі таза сүтпен қамтамасыз етілмек.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы.