Халықаралық теннис федерациясы (ITF) 2025 жылы өтетін Дэвис кубогінің жеребесін тартты. Бірінші әлемдік топтың плей-оффында өнер көрсететін Қазақстан құрамасы Пәкстанмен күш сынасады. Бұл бәсеке келесі жылдың 31 қаңтары мен 2 ақпаны аралығында ұйымдастырылады.
Биылғы жылы Халықаралық бокс даңқы залына енуге үмітті тарландардың тізімі жарияланды. Солардың қатарында әр дәуірде шаршы алаңда жарқырай көрінген Юрий Арбачаков, Артур Абрахам, Хорхе Арсе, Хоэль Касамайор, Поли Айяла, Найджел Бенн, Вуяни Бунгу, Лучиан Буте, Сот Читалада, Крис Юбэнк, Аселину Фрейтас, Лео Гамес, Майки Гарсия, Артур Григорян, Хенаро Эрнандес, Крис Джон, Миккель Кесслер, Сантос Ласьяр, Рокки Локридж, Мигель Лора, Генри Маске, Дариуш Михальчевски, Мун Сон Гиль, Омар Нарваэс, Орзубек Назаров, Майкл Нанн, Свен Оттке, Мэнни Пакьяо, Винни Паз, Шон Портер, Хильберто Роман, Джанфранко Рози, Вирапхол Сахапром, Самуэль Серрано, Антонио Тарвер, Мелдрик Тейлор, Фернандо Варгас, Исраэль Васкес, Вильфредо Васкес, Ратанапол Сор Ворапин, Пхонгсаклек Ванчонгкхам, Синсукэ Яманака сынды саңлақтар бар. Өкіншіке қарай, бұл тізімнен еліміздің мақтанышы Геннадий Головкинді кезіктіре алмадық.
14 қазанда Ташкентте дзюдодан әскерилер арасындағы әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Бір аптаға созылатын бәсекелер барысында Қазақ елі намысын жеті спортшы қорғайды. Олар – Ғалия Тынбаева (48 кг), Шерзод Давлатов (60 кг), Жанарыс Рахметқали, Нұрқанат Серікбаев (66 кг), Екатерина Токарева (70 кг), Бақытжан Әбдурахманов (73 кг), Кәмила Берліқаш (+78 кг).
Қазақстан теннисшісі Юлия Путинцева Қытайдың Ухань қаласында өтіп жатқан турнирдің тұсаукесер кездесуінде Чжан Шуайға 6:4, 6:4 есебімен шаң қаптырды. Енді ол әлемнің 18-ракеткасы, хорватиялық Донна Векичпен шеберлік байқасады. Ал Шанхайдағы жарыста бірде-бір жерлесіміз қалмады. Алғашқы екі айналымда ресейлік Роман Сафиуллин Бейбіт Жұқаев пен Александр Бубликтен басым түссе, үшінші кезеңде Александр Шевченко чехиялық Якуб Менщикке есе жіберді – 1:6, 7:6, 2:6.
БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Аустрияның «Ферст» клубының сапындағы немістің жартылай қорғаушысы Филипп Окс Қазақстан құрамасында ойнауға ниетті екенін айтты. Негізі бұл жігіт бізге бөтен емес. Филлиптің әке-шешесі Солтүстік Қазақстанда дүниеге келген. Кейіннен отбасы тарихи отанына оралды. Ал футболшының өзі «Хоффенхайм» футбол мектебінде тәлім алды. 2011-2019 жылдар аралығында Ост Германияның жасөспірімдер мен жастар құрамасы сапында өнер көрсетті.
Ыстанбұлда өткен кәсіпқой бокс кешінде Еділ Қожамбердиев (13-2, 13 КО) Танзанияның өкілі Паскаль Абель Ндомбамен (27-14-2, 25 КО) жұдырықтасып, оны екінші раундта ұрып жықты. Осының алдындағы жекпе-жегін Еділ биыл мамыр айында Алматыда индонезиялық Александра Баджавуға қарсы өткізіп, оны да нокаутпен ұтқан еді.
Ұлттық баскетбол қауымдастығында (ҰБҚ) бұрын-соңды болмаған оқиға тіркелді. Маусым алдындағы «Финикс Санзға» қарсы кездесуде «Лос-Анджелес Лейкерс» клубы сапында Леброн Джеймс пен Бронни Джеймс өнер көрсетті. 39 жастағы Лебонның спорттың бұл түрінде бағындырмаған белесі жоқ. Ол – әлемдік баскетболдың шоқ жұлдыздарының бірі әрі бірегейі. Ал 20 жастағы Бронни аталған команданың жейдесін биыл ғана киді. Бұған дейін ҰБҚ тарихында әкесі мен баласы иық тіресіп, бірде-бір рет бірге ойнамаған еді.