Мектепте сабақ берудің жаңа әдіс-тәсілдері мен озық үлгілерін мұрат еткендердің бірі Құсиын Айтқалиев еді. Махамбет ауданындағы Алға орта мектебінің директоры болған жылдары оның есімі КСРО көлемінде В.Шаталов, Е.Ильин, Ш.Аманошвили секілді жаңашыл педагогтермен қатар аталатын. Өйткені ол қазақ тілі материалдарын блоктап оқыту әдісін қолданды.
Елімізде «Айтқалиевтің атаулы мектебі» атауымен озық тәжірибесіне сүйенген ғылыми-тәжірибелік конференциялар, арнайы сабақтар өткізіле бастады. 1980 жылы 12 мамырда ұзақ жылғы абыройлы еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Алқасының Жарлығымен Құсиын Айтқалиевке «КСРО Халық мұғалімі» атағы берілді. Ол сол кезде осындай марапатқа ие болған Кеңес одағындағы бес ұстаздың біреуі болды.
Екі жыл бұрын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Халық мұғалімі» Құсиын Айтқалиевке арналған «Рухани жаңғыру: Жаңартылған білім беру және тәрбие» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Оқу-ағарту Ғ.Бейсембаев әр өңірдің ардақты тұлғаларының саналы ғұмыры, дара жолы, атқарған абыройлы қызметі халқының шынайы шапағатына, үлкен құрметіне бөленіп, кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге болатынына тоқталған еді.
«Жас ұрпаққа білім мен тәрбие берген ұлағатты ұстаздарды ардақтау – ұлтымыздың қастерлі міндетінің бірі. КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қанипа Бітібаева, «КСРО Халық мұғалімі» атағының иегері Құмаш Нұрғалиевтің есімдері мыңдаған шәкірттің жадында жаңғырып, санасына нұр құйып келеді. Осындай шоқтығы биік ұстаздарымыздың бірі – Атырау топырағының аяулы перзенті «Ғасыр мұғалімі» даңқына бөленген Құсиын Айтқалиұлы. Ол өзінің өнегелі өмірін, бар қажыр-қайратын туып-өскен ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуға, білім ордасына басшылық жасауға арнады. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінде алыстағы ауыл мектебін еліміздегі ең таңдаулы оқу ордаларының біріне айналдырды. Педагогикалық озық тәжірибені зерттеп, республика мұғалімдеріне насихаттау мақсатында 1989 жылы Үкімет шешімімен құрылған Қ.Айтқалиевтің атаулы мектебі бірнеше толқын ұстаздардың шеберлігін шыңдап, баулып шығаруға зор ықпал етті», деді министр.
Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция қабылдаған шешіммен шәкірттері халықаралық, республикалық пәндік олимпиадаларда үздік атанған ұстаздарға Құсиын Айтқалиев атындағы «Үздік педагогикалық табыстары үшін» төсбелгі белгіленді. Бұл марапат жыл сайын бір рет ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында табысталады.
Жаһандану дәуірінде жаңаша ойлау, жаңаша оқыту әдістері енгізілгенімен, атақты ұстаздың сабақ берудегі жаңалыққа толы тәжірибесі ұмытылмағаны жөн. Осыған орай Қ.Айтқалиевтен білім алған, тәрбиесін көрген, дара мектебінен шеберлік тәлімін үйренген шәкірттері мен көзкөрген әріптестері «Халық мұғалімі» атты кітап шығарды. Кітаптың біразы қала, ауыл мектептерінің кітапханаларына таратылды. Бірнеше данасы Алматы мен Астанадағы білім ордаларына жіберілді. Аталған кітапты Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевқа табыстаудың сәті түсті. Министр бұл еңбекке еліміздің педагогтері үшін маңызды әрі қажетті әдістемелік-көмекші оқу құрал деп баға берді. Ол атақты ұстаздың есімін қастерлеуді тапсырып, осы мақсатта Атырауда ауқымды іс-шара өткізу мәселесін көтерді.
Қ.Айтқалиев атындағы атаулы мектептің жұмысына салалық министрлік, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қамқорлық жасап, қолдау көрсетіп отырды. Қазақ тілі, қазақ әдебиеті, орыс, ұйғыр мектептеріндегі қазақ тілі пәндері бойынша мемлекеттік білім стандартын, үлгілік оқу бағдарламаларын, жаңа буын оқулықтарын жасауға осы атаулы мектеп мүшелері Гүлтас Құрманбаева, Сәбит Дүйсебаев, ақтаулық Жәмиға Нағметова сияқты ғалым-әдіскерлер қатысып, авторлық құрамда еңбек етті. Қ.Айтқалиевтің өзі шәкірті Гүлтас Құрманбаевамен бірге 5-сыныпқа арналған жаңа буын оқулығын жазды. Бұл оқулық 2001 жылдан бастап республика мектептеріне енгізілді.
Құсиын ағай шәкірттеріне «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген Абайдың пікірін жиі насихат етеді екен. Сол сипат оның жеке тұлғасына нақ келетіні анық. Өз ісіне адамның адалдық, ізденімпаздық, парасаттылық, кісілік, кішіпейілділік, жомарттық, жайсаңдық секілді қасиеттерін бағдар тұтты. Осындай асыл қасиеттердің бәрі ұлғатты ұстаз Қ.Айтқалиевтің бойынан табылатын.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
тарих ғылымдарының кандидаты
Атырау облысы