Жамбыл облысында прокурорлардың араласуынан кейін алимент бойынша ірі мөлшердегі қарыз төленген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айта кетейік, Жамбыл облысының прокуратурасы әлеуметтік маңызы бар санаттағы атқарушылық құжаттар негізінде жазаларды қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
«Борышкерлер көбінесе кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент төлемеу мақсатында кірістер мен мүліктерін жасырады. Осыған ұқсас фактіні Шу ауданының прокуратурасы анықтады. С. есімді азаматтың 11,2 млн теңге сомасында алимент қарызын төлемей жүргені сотқа дейінгі тергеу барысында белгілі болды. Ол бұрынғы некеде болған жары азаматша Н.-ға 2015 жылдан бастап кәмелетке толмаған үш баланы асырауға алимент төлемеген. 25.07.2024 жылы аудан прокуратурасының АЕК-не тіркелген материалдары бойынша Шу АПБ-мен борышкерге қатысты ҚК-тің 139-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталған», деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Тергеу барысында борышкердің 2018 жылы Шу қаласының Жемчужина массивінен саяжай учаскесін сатып алғаны анықталып, қазіргі жұбайының атына рәсімдеу жүргізген.
Тараптардың қол жеткізген келісімі бойынша жер учаскесі алимент берешегін өтеу есебіне беріліп, қылмыстық іс 25.09.2024 жылы тараптардың татуласуына байланысты өндірістен тоқтатылған.
Қабылданған шаралар жасырылған мүлікті анықтауға мүмкіндік беріп, нәтижесінде алимент бойынша толық қарыз өтелген.