Джордж Вашингтон университетінің профессоры Питер Роллбергтің «Советтік Қазақстанның кино өнері» атты монографиясы – Батыс әлеміндегі Орталық Азия елдерінің мәдениетіне қызығушыларға таптырмас оқулықтың бірі.
Ол бұл кітапқа қалай кіріскені туралы айта келе, «2012 жылы оқу орнымызда Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер институтының директоры болып тағайындалдым. Әне, сол кезде Қазақстанның мәдениетіне, әсіресе, киносына, қазақ музыкасы мен әдебиетіне қызығушылық таныттым. Саясаттану және тарих саласындағы әріптестерім кеңестік, посткеңестік кезеңде Қазақстандағы демократияландыру, ұлттық бірегейлік аспектілері бойынша ғылыми зерттеулер жасады, сол бағыт бойынша жұмыс істеді. Ал мен 2017 жылы зерттеу сапарымен Алматыға барып, Сатыбалды Нарымбетов, Дәрежан Өмірбаев, Асанәлі Әшімов сынды режиссер, актерлермен кездесіп, кітабыма қажетті материалдар алдым», дейді.
Тіпті ол қазақ режиссерлері түсірген қазіргі фильмдерді Вашингтонда тұрып та қалт жібермей көретінін айтты. Соңғы рет Алдияр Байракимов-тің «Паралимпиадашы» фильмі, сонымен қатар жақында шыққан «Шекер» сияқты шағын сериалдарды тамашалағанын жеткізді. Бізге әсіресе оның «Қыз Жібек» фильмі туралы айтқан шынайы бағасы қатты әсер етті. Оның айтуынша, бұл кино қазақтың ұлттық мәдениетін төрткүл дүниеге кеңінен дәріптеген тұңғыш фильм болмақ.