• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» 12 Қазан, 2024

Көше кеңейіп, субұрқақ көбейді

178 рет
көрсетілді

Қазір Қызылордаға сырттан келгендерді ең әуелі қаланың тазалығы қайран қалдырады. Кең көшелер, тап-тұйнақтай парктер мен скверлер, балаларға арналған ойын алаңдары бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі екенін көрсетіп тұр. Облыс орталығымен қатар, аудан­дар мен ауылдар да тазалыққа мән беріп, өңірде ауылдың ажарын айшықтайтын «Үлгілі елді мекен» байқауы қолға алынды. Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жұртты қоршаған орта жағдайын жақсартуға жұмылдыруға негіз болды.

Қызылорда қалалық сәу­лет және қала құры­лысы бөлімінің басшысы Дінмұхамбет Сыр­лыбаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыс орталығында саябақтарды, аллеялар мен сквер­­лерді қайта жаңғырту бо­йынша ауқымды жұмыс атқарылғанын айтады. Қолайлы климат пен тұрғындарға жайлы, қауіпсіз орта қалыптастыру мақ­сатында жаңа демалыс ай­мақтары мен алаңдар салынып жатыр.

Кейінгі екі жылда қала көше­лері кеңейіп, жаяу жүргін­шілер жолы салынып, тұрғындар ты­нығатын орындарда субұр­қақ­тар көбейді. Қаланың орталық алаңы кәсіпкерлердің демеушілігімен абаттандырылды.

Тұрақты түрде ұйымдас­тырылып келе жатқан тазалық акциялары арқасында Б.Шөкенов атындағы саябақ пен Тұңғыш Президент паркі сияқты қызыл­ордалықтар көп баратын демалыс орындарының жағдайы ай­тарлықтай жақсарды. «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталғалы бері оған облыстың 548 299-дан астам тұрғыны қатысып, 21360 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бес жүзден асатын алаң мен саябақ, 791 әлеуметтік, 1130 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, 294 су айдыны, 47 451 аула мен көше тазартылды. Президент бастамасымен қолға алынған республикалық акция аясында 225 тарихи ес­керткіш айналасы да күл-қо­қыстан арылып қалды. Акция басталғалы бері өңірде 129 358 тал көшеті егілді.

Қаладағы Мұратбаев көше­сіндегі №15, 17 көпқабатты үйлер тұрғындары өзара келісіп, сен­білікке шықты. ПИК жұмыс­шыларымен бірлесіп, өзгеге үлгі боларлық іс бастаған 50 тұрғын ауланы тазалады. «Біз бұл бас­тама арқылы қоршаған ортаға қамқорлық өзі­мізден басталатынын көр­сет­кіміз келді. Біреудің келіп істеп бер­генін күтпей, әркім ортақ іске үлес қосса, қаламыз да көр­кейе түседі», дейді белсенді тұрғын­дар.

Осы күні мұндай акция Абай даңғылындағы қасбеті қайта жаңартылған 47 үйдің ауласында жалғасын тапты. Бұл тұрғын үйлердің ауласын өткен жылы «Қыран» ЖШС абаттандырып, ойын алаңдарын салып берген болатын.

Аймақ экологиясын қорғау бағытындағы жобаның бірі Қызылорда қаласында жақында ғана іске қосылған экотакси қызметі болып отыр. Электрмен жұмыс істейтін көлік қуаты 460 шақырымға жетеді. Қалада оларды қуаттайтын 8 құрылғы бар. Қазір 52 экотакси қалалықтарға қызмет көрсетуге кірісіп кетті. Олардың қатарына көп кешікпей тағы 48 көлік қосылады. «Таза Қазақстан» экологиялық акция­сы аясындағы жоба бойынша көліктерді алуға 1 млрд 100 млн теңге жұмсалып отыр.

«Қаламызда осындай таксидің пайда болғаны қуантады. Үнемді, жайлы көліктердің тиімділігіне ешкімнің таласы жоқ. Ең алдымен бұл таксилер қала экология­сын сақтауға оң әсерін тигізері сөзсіз», дейді Қызылорда автобус паркінің директоры Әбдібәкір Маштаев.

Қаланы абаттандырып, тазалау жұмысын үздіксіз жүр­гізетін мекемелердің мате­риал­дық-техникалық базасын жақ­­сарту да – назарда тұрған мә­селенің бірі. Осы мақсатта жу­ыр­да ғана «Қызылорда таза­лығы», «Қызылорда су жү­йесі», «Жасыл Қы­зылорда» меке­мелеріне 52 ар­найы техника табысталды. Ай­мақтағы тың жоба – «Үлгілі елді мекен» байқауы өткізілгелі бері жеңімпаз болып танылған елді мекендерге 48 көлік берілді. Осы­ның бәрі экологиялық жобаның жүйелі түрде жүзеге асуына сеп болып отыр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА