• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қазан, 2024

Өңірге серпін берген жоба

313 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жо­басының Ақмола облысын­да іске асырылу барысын тексеріп, бірқатар әлеу­меттік нысанды аралады.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Ауыл аманаты» жобасына оң баға берді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағдарламасы өз кәсібін ашуға, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға ықпал етеді. Осы мақсатта 2,5%-бен шағын несиелер беріледі. Тамара Дүйсенова Атбасар ауданында тұрғындар бизнес-идеяларын жүзеге асыру барысымен танысты.

«Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың бірі, Атбасар ауданының тұрғыны Виталий Дубинин 3,5 млн теңгеге көлік жөндеу стансасын ашты. Ал Аида Мейрамова наубайхана жұмысын ұйымдастырып, 8,6 млн теңгеге жеңілдігі бар несие алған. Қазіргі таңда наубайхана 16 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Жұмысты нөлден баста­дық, бүгінде халық арасында сұранысқа ие өндіріске айна­­лып отырмыз. Несиелік қара­жатқа қамыр илегіш пен 120 тоқаштық пеш сатып алынды. Біз нан өнімдерінің 20 түрі­не дейін пісіреміз», деді А.Мейрамова.

Тамара Дүйсеноваға «Ауыл аманаты» жобасына қатысу­шылар шығарған өнімдердің өңірлік көрмесі ұсынылды. Вице-премьер бағдарлама қатысушыларымен әңгімелесу барысында өндірісте терең өңдеуді дамытудың маңызды екенін атап өтті.

Премьер-министрдің орынбасары өңір басшысы Марат Ахметжановпен бірлесіп облыстың аудандары мен ауыл­дық округтері әкімдерінің қаты­суы­мен бағдарламаны іске асыру жөнінде кеңес өткіз­ді. Онда басқа да салалар­да жүзеге асқан үздік жобалар қаралды. Қызылорда өңірі­нен келген «Байқоңыр» ӘКК бас­қарма төрағасы Ғизат Әбіл­тай жобаны жергілікті әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпора­циялар арқылы қолдау жөнін­дегі тәжірибені айтты. Коопе­рация бағытындағы үлгілі ауыл ретінде БҚО Қаратөбе ауда­нындағы Қоскөл ауылы таныс­тырылды. Сондай-ақ ке­ңеске қатысушылар мектеп­терді азық-түлікпен тиімді қамтамасыз ету, өнімді өңдеу және экспорт бойынша кейс­термен танысты.

«Жергілікті жерлерде ауыл әкімдері халықпен тығыз жұмыс істейді. Олар азаматтарға мем­ле­кеттік қолдаудың неғұрлым тиімді шараларын ұсынуға тиіс. Тек осы жағдайда ғана біз басты мақсат – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арт­тыруға қол жеткіземіз. Мем­лекет жеңілдігі бар несиелер­ден басқа, бизнесті бастау үшін гранттар, субсидияланған жұ­мыс орындарын ұсынады. Осы мүм­кіндіктердің барлығын пайда­лана отырып, жақсы нәтиже­лерге қол жеткізуге болады», деп атап өтті Т.Дүйсенова.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мемле­кеттік қолдау шарасы ауыл ша­руашылығы бизнесін дамытудың тиімді құралы саналатынын атап өтті.

«Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша түрлі бағыттағы жобалар – мал шаруашылығы, тігін және былғары өндірісі, сүт пен шұжық өнімдерін дайындау және басқа да салаларға қаражат берілді. Енді тұтынудан өндіріске көшу керек. Бұл жұмыс орнын ашып, табыс әкеледі. Бюджет халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі керек», деді М.Ахметжанов.

Елімізде дәрілік заттарды таңбалау және бақылау жүйесі енгізілді. Бұл шара елге әкелінген немесе өндірілген сәттен бастап пациенттің стационарда пайдалануына немесе дәріханаларда сатып алуына дейін препараттар қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етуге арналған. Тамара Дүйсенова Көкшетау қаласы дәріханалары бірінің базасында жүйенің жұмысымен танысты. Сондай-ақ облыстық ауруханада дәрі-дәрмектерді қабылдау және босату процедурасы көрсетілді.

Денсаулық сақтау саласын дамытудың өзекті мәсе­лелері өңірдегі медициналық меке­мелердің бас дәрігер­лерінің қатысуымен өткен кеңесте қаралды. Талқылаудың негізгі тақырыбы – Президенттің тапсырмаларын орындау. Бүгінгі таңда кепілдендірілген базалық және сақтандыру бөліктерінен тұратын медициналық кө­мек­тің бірыңғай пакетін қа­лыптастыру міндеті өзек­ті. Барлық өңірде сақтан­дырыл­маған азаматтарды жүйеге тарту бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр.

Ақмола облысына жұмыс сапары аясында спортты дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізіліп, спорттық ұйым­дар мен мектеп басшылары қатысты. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев өз баяндамасында ұсынылып отырған негізгі өзгерістерге тоқталып өтті. Олар спорт түрлеріне басымдық беру, жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін енгізу, спортшы дайындаудың көп­деңгейлі, сабақтас жүйесін түзу, саланы цифрландыруға қатысты болды. Кеңес барысында спорт мектептерінің басшылары өздерін мазалаған сауалдарды жолдап, спорт саласын дамытуға қатысты пікірлерін айтты.