Алматы қаласындағы тұңғыш Мемлекеттік қуыршақ театры – өзіндік дара жолын қалыптастырған өнер ордасы. Бүгінде 90 жылға жуық тарихы бар театр елімізде және шетелдерде өткен республикалық, халықаралық театр фестивальдарында көптеген жүлделі орынға ие болып, топ жарып жүр. Өнер ошағының репертуарының ауқымы кеңейіп, жас балдырғандармен қатар, ересектер аудиториясына да әлемдік классикалық шығармаларды қуыршақ бейнесінде сахналайды. Көрерменге жол тартқан әр қойылым ыстық ықыласқа бөленіп, кәсіби театр мамандары тарапынан жоғары бағаға ие болып келе жатқаны – қуантарлық жайт.
Биыл да театр ұжымы үшін жемісті әрі жеңіске толы болды. Жемісті дейтініміз – жыл басынан кішкентай балдырғандарға арналған көңілді әрі қызықты Шарль Перроның «Етік киген мысық» (режиссері Болат Момынжанов), жасөспірімдер аудиториясына орайластырылған қазақ спорт тарихында өшпес із қалдырған ұлт мақтанышы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановқа арналған «Чемпион» (режиссері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек) және ересектерге арналған орыс классигі Н.Гогольдің психологиялық оқиғаға толы, философиясы терең «Шекпен» (режиссері Николаз Сабашвили) қойлымдары театр репертуарын толықтырды.
Өнер ордасы аталған жылдың екінші жартысында тұңғыш рет Канаданың Оттава қаласында өткен I халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлары фестивалінде ағылшын драматургі У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» (режиссері Дина Жұмабаева) шығармасын сахналап, «Гран-при» жүлдесіне ие болды. Бірнеше дүркін әлемдік театр фестивальдарының жеңімпазы атанған әйгілі махаббат оқиғасын баяндаған қойылым әлемдік аренада қазақ елінің ұлттық қуыршақ өнерінің атағын аспандатты.
Алматылық Қуыршақ театры отандық қуыршақ театры өнерін кеңінен насихаттау әрі халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында жыл сайын әлемнің беделді театр фестивальдарына қатысуды дәстүрге айналдырған. Соның кезекті көрінісі осы жылдың қыркүйек айының 18 – 22 күндері аралығында Беларусь Республикасы Гродно қаласында өткен IV халықаралық «Лялькі над Нёманом» қуыршақ театрлары фестиваліне заманауи бағыттағы, тәрбиелік мәні зор, балдырғандарға арналған «Қаздар мен аққулар» (режиссері Антон Зайцев) ертегісімен қатысып, «Арнайы диплом» иеленді. Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Өзбекстанның үздік қуыршақ театрлары бас қосқан өнер мерекесінде фестиваль қатысушылары мен қонақтарының көрерменнің толассыз құрметіне бөленуі – зор жетістік.
Сондай-ақ Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры 23 – 27 қыркүйек аралығында Батуми қаласында өткізілген II халықаралық «Batumi International Puppet Theatre Festival – 2024» қуыршақ театрлар фестиваліне Уильям Шекспирдің әйгілі пьесасы сарынымен сахналанған «Макбет. Иллюзия» (режиссері Дина Жұмабаева) қойылымымен қатысып, өнер додасында «Үздік режиссер» аталымын иеленді.
II халықаралық «Batumi International Puppet Theatre Festival – 2024» қуыршақ театрлар фестивалінде Қазақстаннан тыс Италия, Испания, Бразилия, Франция, Польша, Грузия мемлекеттерінің танымал театр ұжымдары бақ сынап, көрермен назарына қойылымдарын ұсынды. Театр фестивалінің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар саясатымен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау. Қазіргі таңда «Батуми» халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі – аталған қаланың қолтаңбасына айналған мәдени шара. Фестиваль конкурстық бағытта болғандықтан, қойылымдарға шетелдік үздік сарапшылар баға берді. Сонымен қатар Франция, Италия, Испания және Түркияның жетекші театр мамандарының қатысуымен «Әртістік шеберлік» және «Қуыршақ жүргізу» бағыттары бойынша қызықты әрі танымдық шеберлік дәрістері өткізілді.
Жүздеген өтінім арасынан аталған фестивальға сарапталып қатысқан «Макбет. Иллюзия» қойылымы осыған дейін бірқатар беделді додаларда жеңістерге жеткен-тұғын. Атап айтқанда, осы қойылым V халықаралық «Balausa» эксперименталды спектакльдер фестивалінде – «Гран-при» және «Үздік сценография» (Қазақстан, Ақтөбе), ал XIV халықаралық түркітілдес елдердің «Мың тыныс – бір дауыс» театр фестивалінде – «Арнайы диплом» (Түркия, Конья) және IV халықаралық «ТеART-Көкше» театр фестивалінде – «Яков Куклинский атындағы арнайы сыйақы» (Қазақстан, Көкшетау) иегері атанды.
Жүлделі атанған Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры 2024 жылдың 28 қыркүйек – 2 қазан күндері аралығында Грузияның Батуми, Кутаиси, Ахалцихе, Боржоми, Тбилиси қалаларында гастрольдік іс-сапар өткізіп, қазақ қуыршақ өнерін дәріптеп қайтты.
Қуантарлық жайттың бірі – Қуыршақ театры қазан айының 10-ы күні өзінің мерейлі 89-маусымының шымылдығын түрді. Өнер ордасы қала тұрғындары мен қонақтарына қуыршақтардың барлық түрі өнер көрсететін «Жұлдызды қуыршақ» концерт-спектаклінің премьерасын ұсынып, салтанатты кеш өткізді.
Театр ұжымы өнерге сүйіспеншілігі зор, талғамы жоғары көрермендерге қашанда рухани азық сыйлауға дайын.
Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ,
Алматы мемлекеттік қуыршақ театры баспасөз қызметінің жетекшісі