Жаңаөзендегі ескі үйлердің құламауына кім кепілдік бере алады?
Қанша жерден сылап-сипап жасырғанмен жасының егделігі менмұндалап тұратын кәрі адамның бет-әлпетіндей тозған, көнерген үйлердің сиқы қаланың сұрқын кетірмесе, сәнін асырмайды. Бірақ бастысы, бұл сән-салтанатта емес, халықтың хал-күйінде, тұрмыс-тіршілігінде. Көнерген, тозған үйлерде тұруға халық шіркін төзіп келеді, ал үйлердің өзі қаншалықты шыдайды? Кеше ғана Атырауда орын алған оқиға бірнеше минуттарда 60-тан астам отбасыны баспанасыз қалдырып кеткен жоқ па? Қазаққа Құдайдың қарасуының кемі жоқ, абырой болғанда, адам шығыны болған жоқ. БАҚ мәліметтерінен білгеніміз – аталмыш жатақхана салынғанына 40 жыл болса да жөндеу көрмеген «баспана» екен, расында басқалқа...
Бұл жағдай жаңаөзендік тұрғындар тынымсыздана хабарласып жүргенмен, тұрғындар өтінішіне орай журналист ретінде жазамын деп жоспарлап, қаламды ұстап үстел басына талай рет «оқталып келсем де, отыра алмай» жүргенімде Жаңаөзендегі тозған үйлер туралы жазуға сеп болды. Қазір өңірдегі түрлі әлеуметтік нысандар, жұмыс, баспана тұрғысындағы жетіспеушіліктер туралы сөз қозғай қалсақ, «көшіп келушілер және табиғи өсім есебінен тұрғындар саны күрт өскен» деп сөз саптайтын болдық. Ол да рас. Әйтсе де күрделі жағдайдың шешілмеуіне бұл түпкілікті кедергі бола алмайды, көшіп келушілердің біразы өз күштерімен үй салып алуда. Оның үстіне көшіп келушілердің көптігіне қарай қимыл мен әрекет те қауырт, қамданысты болатын кезге баяғыда жеткенбіз.
Тұрғындардың саны артып, әлеуметтік мәселелері күн тәртібіне «шыға келген» өңірдің бірі – Жаңаөзен қаласы. Шағын қалалар санатында беті бері қарап, көшелері мен үйлері жаңарып, жаңа нысандар бой көтеріп, жаңа жұмыс орындары ашылып дегендей, қала әл жия бастады. Әйтсе де, тозығы жеткен тұрғын үйлердің мәселесі аяғын жиып ала алмаған күйінде келеді.
...Даудың басы бұрынғы бағдарламадан басталыпты. Құзырлы орындар тыныш жатқан елді үміттендіріп қойып, енді наразылығын туғызып отыр. Нақтырақ айтсақ, үш жыл бұрын бекітілген «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының апатты тұрғын үйді бұзу жөніндегі қанатқақты жобалар туралы бөлімінің «Маңғыстау облысы бойынша» деген тармағында «Астана қаласында және Маңғыстау облысында апатты тұрғын үйді бұзу жөніндегі қанатқақты жобаларды іске асыру көзделген. Маңғыстау облысы бойынша қанатқақты жобаларда Ақтау және Жаңаөзен қалаларының қатысуы көзделіп отыр. Үйлері бұзылатын тұрғындар үшін және Жаңаөзен қаласының тұрғындарын Ақтау қаласына көшіру үшін тұрғын үй салу жоспарланып отыр», делінген еді. Мұндай тосын жаңалықты естіген Жаңаөзен қаласындағы салынғанына 40-50 жылдан асқан көпқабатты үйлердің тұрғындары бастапқыда бөркін аспанға атып қуанды. Бір сәт тәтті ойға күмән араласқан кездер де болды, бірақ ресми өкілдердің қызу жұмыстануы ол күдікті сейілтіп жіберген. Қала әкімдігінің мамандары үй-үйді аралап, тұрғындардан сауалнама жүргізіп, Ақтауға қоныс аударғысы келетіндер мен Жаңаөзен қаласында қалып, жаңадан салынатын үйлерге көшуді қалайтындардың тізімін жасақтады. Алайда, қаладағы тозығы жеткен тұрғын үйлердің мәселесі бойынша 2012 жылы сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасарының тапсырмасына сәйкес, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының орынбасары Н.Тихонюк бастап, «Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау-экспериментальдық сейсмикаға төзімді құрылыс пен сәулет институты» РМК (ҚазҒЗСТҚСИ) мамандарымен Жаңаөзен қаласының 1950-1970 жылдары салынған, бүгінгі таңда 11 мыңнан астам адам тұратын 53 көп қабатты тұрғын үйлеріне зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде олар алдымен үйлердің іргетастарын жөндеуден өткізген соң, толық күрделі жөндеуден өткізу мүмкін деген қорытындыға келді. Сондай-ақ, бұл жұмыстардың тиімділігін анықтау үшін техникалық-экономикалық негіздемесін жасау қажет деп тұжырымдаған. «ҚазҒЗСТҚСИ» РМК қорытындысының талаптарын орындау үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасауға жергілікті бюджеттен қаражат қарастырып, мамандандырылған мекеме арқылы тізімнің алғашқы 8 тұрғын үйіне (№ 2, 4, 29, 37, 43, 50, 59, 61) техникалық-экономикалық негіздеме жасалады. Техникалық-экономикалық негіздеме тұжырымы бойынша күрделі жөндеуге шығатын шығынның көлемін есептей келе, жұмсалатын шығынның есебіне жаңа үй құрылысын салған тиімді деп қорытады.
«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасына сәйкес, Маңғыстау облысы бойынша апатты үйлерді бұзу жөніндегі қанатқақты жоба шеңберінде тұрғын үй жобалауға және салуға 2013-2014 жылдарға қаражат бөлінеді делінген және Жаңаөзен қаласындағы тозығы жеткен көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындарын Ақтау қаласына көшіріледі деп көрсетілген. Бірақ, Үкіметтің «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2014 жылдың 19 мамыр күнгі №01-03/705 қаулысында «Апатты тұрғын үйді бұзу жөніндегі қанатқақты жобалар шеңберіндегі тұрғын үй» деген кіші бөлімдегі «Маңғыстау облысы бойынша» деген тармақ алынып тасталды. Осыған орай, бұзылуға жататын тұрғын үйлердің кейбір пәтер иелерін облыс орталығына көшіру туралы жобаның да күші жойылды. Бұл жаңалық жаңаөзендіктер үшін жағымды болмады, «Халықтың тағдыры ойыншық па еді? Болмайтын болса әу баста бұл әңгімені қозғап несі бар? Жүз рет өлшеп, бір кеспей, әрі итеріп-бері жығып осынша халықты алдағаны несі?» деп ашынды. Білуімізше, апатты үйлер деп танылғандар мен тозығы жеткен үйлердің «айырмасы бар екен». Апатты үйлер қайтадан салынуға тиіс болса, тозығы жеткендерге күрделі жөндеуден өту жарап жатса керек. Сонда алғашында «апатты үйлер» ретінде Ақтауға көшіруге қамданғанда басшылық «тозығы жеткен» мен «апаттының» құжатта қалай ажыратылатынын аңғармай қалғаны ма? Әйтпесе, үй аралап сауалнама жүргізіп, жатқан жыланның құйрығын басуға құмар болмаса керек. Бірақ, «тозығы жеткен» деп танылған Жаңаөзендегі үйлердің тұрғындары үйлерінің апатты жағдайда тұрғандығын айтудан танбай келеді.
Осылайша Үкімет пен халықтың арасында қалған негізгі жауапты Жаңаөзен қаласының әкімдігі тозығы жеткен тұрғын үй мәселесін өзінше шешу үшін Үкіметтің 2014 жылғы 28 маусымдағы №728 қаулысымен бекітілген «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» негізінде 2015-2025 жылдарға арналған «Жаңаөзен қаласындағы тозығы жеткен үйлерді жою» мақсатында іс-шаралар жасақтаған екен.
– Қаулыда апатты үй деп көрсетілген, бірақ біздегі 53 үй тозығы жеткен үйлер қатарында. Алдағы он жыл ішінде инвесторлар арқылы үй салып, бұл мәселені шешеміз. 11 мыңнан астам тұрғын Жаңаөзенде салынған жаңа үйлерге кезең-кезеңімен көшірілетін болады, – дейді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Т.Көшмағанбетов бізбен тілдескенде.
Бірақ, тұрғындар оған да күмәнмен қарайды. Бізге мән-жайды түсіндірген «Шаңырақ» шағын ауданы 43-үй 9-пәтер тұрғыны 80 жастағы әже, «Алтын алқа» иегері Нұраш Өмірғалиева осы мәселемен тұрақты айналысып келе жатыр екен. Қалалық әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Кейінгі үш әкімге де бірнеше рет арыз жазған. Нәтиже жоқ. Бұл үйдің отыз екі пәтерінің барлық тұрғындарының атынан Нұраш әже – естуімізше, инвесторлар арқылы 6-шы шағын ауданнан 80 пәтерлі жаңа тұрғын үй салынып, биыл күзде алдымен «Шаңырақ» шағын ауданы Абай көшесіндегі 59-шы, 61-ші үйлерді көшіру жоспарланған екен. Бірақ ол екі үйде қырық алты пәтерден 92 үй бар. Бәріне жетпейді. Сондықтан әзірге ол екі үйдің біреуін ғана көшіріп, кезекте тұрған және барынша апатты 43-інші үйдің отыз екі пәтерін шұғыл, биыл пайдалануға берілетін сол 80 пәтерлі тұрғын үйдің ауысқан пәтерлеріне көшіруін сұраймыз, дейді. Нұраш әжей және оның көршілері оның себебін өздері тұратын үйдің алдымен көшірілетін екі үймен салыстырғанда әлдеқайда қиын жағдайда екендігімен түсіндіреді. Онсыз да тозығы жеткен үйдің маңында төрт жыл бұрын «Франт» жиһаз дүкенінде газ жарылысы болып, алапат апаттан ғимараттың күл-талқаны шықты. Жарылыс екпінінің күштілігі соншалықты, маңындағы онсыз да әупіріммен тұрған 43-ші нөмірлі үйді қисайтып, іргетасын отырғызып кеткен. Алдыңғы беттегі терезелер түгел сынып, балкон қабырғалары құлаған. Әкімдік дереу орнына терезе салғанмен, қисайған үйді тіктеу мүмкін емес, қазір үй құлау алдында тұр. Оны сарапшылардың да анықтап кеткендігін айтады әжей.
Шындығында, Жаңаөзен қаласындағы «Шаңырақ» шағын ауданындағы 43-ші үйдің жағдайы мәз емес. Ол тек тозығы жеткендіктен ғана емес, қарама-қарсы тұрған, көлемі өзіндей, жаңадан салынған жиһаз дүкені ғимараты жарылысының екпінінен қабырғалары жарылған. Жаңаөзендіктердің жанайқайы мен жағдайы қазірден-ақ апаттың алдын алу қажеттігі туындап тұрғандығын білдіреді. Атыраудағы жатақхананың кебін кимесіне ешкім де кепілдік бере алмайды...
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.