Футболдан ұлттық құрамамыз УЕФА Ұлттар лигасындағы кезекті матчын өткізіп, Словения құрамасына есе жіберді. Алматының Орталық стадионында өткен ойын тағы да көп кемшілікті танытты.
Алматыда өткен тартысқа дейін 10 қазанда сырт алаңда Аустрия ұлттық құрамасына 4:0 есебімен есе жіберген жігіттер Словения футболшыларына қарсы ширақ ойнады. Жігіттерге өкпе жоқ. Тіпті 17 минут бойы сол қапталмен шабуылды өрістеткен Бауыржан Исламхан Абат Айымбетовке ұтымды пас берді. Абат ықшам қимылдап, шірене тепкен. Еуропаның тәжірибелі қақпашыларының бірі саналатын Ян Облак біздің жігіттерден мұндай шабуылды күткен жоқ еді. Еш қайран көрсете алмай, көзімен ұзатып салған. Әуелеп жеткен ала доп қақпа маңдайшасынан қайтты. Бұдан кейін де футболшылар бірнеше қауіпті шабуыл жасап, қарсыластың қорғанысын әжептәуір абдыратып тастады. Тіпті допқа иелік ету көрсеткіші де басым болды. Дегенмен 55-минутта Ян Млакардың жойқын соққысын Игорь Щацкий қайтара алмады. Есеп: 0:1.
Ресейлік маман Станислав Черчесов ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне тағайындалғалы футболшылар ресми ойындарда жеңіске жете алмай келеді. Төрт матчтың үшеуінде жеңілді, бір ойында тең түсті. Қарсыластар қақпасына әлі бір гол да соққан жоқ. Есесіне өз қақпамызға 8 гол өткізіп, 1 ұпаймен көш соңында тұрмыз.
«Топтағы құраманың осалы жоқ. Біздің жігіттер әр ойын сайын шыңдалып келеді. Словенияға қарсы ойында гол соғуға мүмкіндік туғанымен, бұйырмады. Командалық ойын жүйесін әлі де нығайту керек. Кем-кетікті келешекте бүтіндеуге күш саламыз», деді бас бапкер. С.Черчесов баптайтын ұлттық құрама Ұлттар лигасы аясында енді екі матч өткізеді. 14 қарашада Алматыға Аустрия құрамасы келсе, 17 қараша күні сыртта Норвегия құрамасымен тартысқа түседі. Топтағы үш құраманың еншісінде әзірге 7 ұпайдан бар.