• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 15 Қазан, 2024

«Қазанат» дүбірге бөленген күн

66 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы «Қазанат» атшабарында ұлт­­тық ат спорт түрлерінен фестиваль өтті. 25 қа­зан – Республика күні мен мәслихаттардың 30 жыл­­ды­ғына орай ұйымдастырылған сайыс­тың жалпы жүлде қоры – 32 миллион теңге.

Астана қаласы мәс­ли­хатының төрағасы, Ұлттық және олим­пиа­далық ат спорты түрлері фед­ера­циясының президенті Ерлан Қана­лимов игі іс-шара дәстүрге айналып, жыл сайын жалғасын табатынын айтты.

«Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына орай күрделі жөн­деу жүргізіліп, барлық талапқа сай жаңартылған «Қазанат» ип­подромы ұлттық спорт ойын­дарының ордасына ай­налуға тиіс. Этноспортқа көп­шіліктің қызығушылығы артуына көшпелілер ойындары зор септігін тигізді. Төл өнер­­ді түлетуде мұндай фес­ти­­валь ұйымдастырудың ма­ңызы зор. Астананың атша­барын­да екі күнге ұласқан сайыс дәстү­рімізді жаңғыртып, ұлт­тық құн­ды­лығымызды ұлық­тауға серпін береді», деді Е.Қана­лимов.

Алдымен көкпардан ересектер арасында солтүстік ай­мақ командаларының тартысы өтті. Астана, Қарағанды қала­ларының, Қостанай, Ақ­мола, Солтүстік Қазақстан, Пав­лодар, Қарағанды облыс­тарының көк­паршылары тартысқа түсті. Солтүстік аймақ­тағы команда­лар арасындағы респуб­лика­лық турнирдің фи­налдық сынына Қостанай облысы мен Астана қаласының шабандоз­дары шықты. 4:2 есебімен қостанайлықтар чемпион атанып, 5 миллион теңге иеленді. Күміс медаль бұйырған астана­лықтар 3 миллион теңге сый­ақымен марапатталды. Ал қола медальға тартыс Қарағанды шаһары мен осы облыстың спортшыларынан жасақталған командалар арасында өрбіп, қа­лалық көкпаршылардың ме­рейі үстем болды. 3-орынға – 2 миллио­н, 4-орынға 800 мың теңге берілді. 5-орын бұйырған елорда командасы мен 6-орынды місе тұтқан Солтүстік Қа­зақстан облысының командаларына 600 мың теңге табыс­талды. Астаналық көкпаршы Александр Пупенко турнирдің үздік ойыншысы атанды.

Көкпар додасынан кейін көрермендер бәйге түрлерінен өткен жарысты тамашалады. 25 шақырымдық аламанға 21 жүйрік қосылды. Астаналық Дулат Нұр­мұханбет тізгіндеген Гауһар қызы топ жарып, 4 миллион теңгені олжалады. 2-орын Ақмола облысынан келген шабандоз Әлібек Нұр­ғазының Маржанына бұ­йырды, жүлдесіне 2,5 миллион теңге берілді. Нұр­сәулет Ербо­ловтың тақымындағы Салпаң­құлақ (Абай облысы) 3-орын иеленіп, ат иесінің қанжы­ғасына 1,5 миллион теңге сыйақы байланды. Мәре сызығын Моли (Абай облысы) арғымағымен төртінші боп қиған Қуанышбек Төлендинов 300 мың теңге сый­ақы алды. 5-орын Дүйсенбек Бақдәулет мінген Көкшоқайға (Қарағанды облысы) бұйырып, 200 мың теңге олжалады.

Топ бәйгеге 13 ат қосылып, 15 шақы­рымға айдалды. Алматы облысынан келген шабан­доз Сембек Мұқағали Айторған арғы­мағымен жеңімпаз атанып, 2,2 миллион теңгеге ие болды. Әлібек Нұрғазы шабандоз Са­лауат сәйгүлігімен (Ас­тана қа­ла­сы) 2-орын алды. Ұйымдас­ты­ру­шылар топ бәйгенің екін­ші жүл­десіне 1,3 миллио­н тең­ге табыс­тады. Үштікті түйін­деген Ер­алым Медетұлына (Түйе­то­ры, Астана қаласы) 900 мың теңге берілді.

9 шақырымға жүйткіген құнан бәйгеде 18 шабандоз бақ сынады. Темірлан Застенко Сарма жүйрігімен топ жарса, Әмір Серік Қызылжар тұлпарымен 2-орын алды. Қуа­нышбек Төлендинов мінген Шыңғыстау 3-орын иеленді. 1-орынға – 2 милллион, 2-орынға – 1 миллион, 3-орынға 500 мың теңге берілді.

Көпшілікті жорға мінген шабан­доз­дардың да шеберлігі сүйсінтті. Абай облысынан келген Шабдан Алмасбекұлы «Про­фессор» атты жорғасымен жеке-дара келіп, 2 миллион теңге ұтып алды. 2-орын Триумф жор­­ғасын тізгіндеген аста­налық Әлия Тоқтасыноваға бұйырып, 1 миллион теңге еншіледі. 3-орынды Дас­тан Әли­бақасов «Яро Син» жорғасымен ие­леніп (Абай облысы), бәйгесіне 600 мың теңге берілді.