Қостанайда ұлт ұстазы, қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы һәм реформаторы Ахмет Байтұрсынұлының рухына арналып қазақ күресінен республикалық турнир өтті.
Әр өңірден келген балуандар 8 салмақ дәрежесінде белдесуге түсті. Тартысты өткен сайыста Диас Дәулет (55 кг, Астана қаласы), Бекзат Әмзебек (60 кг, Шымкент қаласы), Ержан Еренқайыпов (66 кг, Астана қаласы), Бейбарыс Тұрғанбекұлы (74 кг, Ақтөбе облысы), Нұрдәулет Бақтыбайұлы (82 кг, Шымкент қаласы), Олжас Исаханов (90 кг, Қарағанды облысы), Әсет Жүнісов (100 кг, Ақмола облысы), Нұрсұлтан Қаблан (+100 кг, Қостанай облысы) чемпион атанды. Түйе балуандар сайысында астаналық Жандос Сейтенов финалдық белдесуде Қарағанды облысынан қатысқан Ерқанат Молдағұловты жықты. «Sport Qory» демеушілігімен өткен республикалық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне диплом, медальға қоса қаржылай сыйақы берілді.
Турнир барысында Қостанай облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов 2018 жылы қазақ күресінен әлем чемпионы атанған Ерлан Омаровты «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапаттады.
Ептілік пен ұшқырлық сынға түсті
Шымкентте теңге ілуден XVII Қазақстан чемпионаты өтті. Шырайлы шаһардың атшабарында өткен ел біріншілігіне 8 облыстан 19 спортшы қатысты.
Ат үстіндегі жауынгерлік өнердің бүгінге мирас спорттық сайыста қатысушылар үш стильде шеберлік сынасты. «Жеті құт» стилінде шымкенттік Бақыт Төлтай чемпион атанса, Алматы облысының өкілі Мәрлен Нұрсыдық күміс, Бейбарыс Сапар (Түркістан облысы), Дәулетияр Сапарәлі (Қызылорда облысы) қола жүлде еншіледі.
«Қос құлаш» стилінде Түркістан облысының шабандозы Рахат Қамбаровтың алдына ешкім түсе алмады. Тәжірибелі спортшы өзінің самдағайлығын тағы да көрсетіп, жеңіске жетті. Күміс жүлдегер Руслан Сейдахмет (Қызылорда облысы), қола медальды қанағат тұтқан Әсімжан Нариман (Алматы қаласы), Аят Намазбай (Жамбыл облысы) да болашағынан зор үміт күттіреді.
Ал «бес белес» стилімен сайысқа түскендер арасында шымкенттік Азат Түлкібайдың мерейі үстем болды. Түркістан облысының шабандозы Досжан Тастеміровке күміс, Қызылорда облысынан қатысқан Айдар Исраил мен Батыс Қазақстан облысынан келген Бекнұр Серіковке қола медаль бұйырды.
Ат спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев ересектер сапына жаңа қосылған жастардың арынды екенін, ұлттық құраманың қатарына қосылуға ұмтылатын талантты шоғыр шыққанын атап өтті.
Садақшыларға сый-құрмет: пәтер мен көлік
Ұлттық спорт түрлерінен олжа салып жүрген саңлақтарға да сый-құрмет көрсетіліп, қолдау, қошемет жақсарып келеді. Елорда төрінде өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында дәстүрлі садақ атуда олжа салған саңлақтар марапатқа кенелді.
Дәстүрлі садақ ату федерациясының басшылығы этноспорт аламанында жеңімпаз атанған мерген Жәнібек Құлмырзаевқа Астана қаласынан бір бөлмелі пәтер тарту етті. Ал күміс жүлде иеленген Ербол Тәпеновке автокөлік сыйлады. Қола жүлде олжалаған Қанат Қасымханға 500 мың теңге, ұлттық құраманың аға бапкері Диас Ахметовке 1 миллион теңге берілді.
Ілгеріде көшпелілер ойындарында ел абыройын асырған құсбегілерге кәсіпкерлер тарапынан автокөлік беріліп, құрмет көрсетілген еді. Елорда төрінде өткен дүниежүзілік этноспорт бабадан қалған ұлттық ойындарымызды ұлықтаушы сайыпқырандардың елге етене танылуына, сый-құрметке кенелуіне де өріс ашты.