Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде экономиканың өсімі 4% -ды құрағанын баяндады. Нақты секторда оң динамика 5%-ды, қызмет көрсету саласында 3,8%-ды құраған, деп хабарлайды Egemen.kz Экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, салалар арасында ең жоғары өсуді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсеткен. Көлік қызметі 8,0%-ға, байланыс 6,4%-ға, сауда 6,3%-ға, өңдеу өнеркәсібі 4,8%-ға өскені белгілі болды.
«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6%-ды құрады. Инвестиция көлемі байланыста 81,7%-ға, білім беруде – 79,3%-ға, көлікте – 31,1%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 6,3%-ға, денсаулық сақтауда – 4,8%-ға өсті», деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Ал, қаңтар-тамыз айларында еліміздің сыртқы сауда айналымы $91,7 млрд-ты құраған. Экспорт $53,5 млрд-ты, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты $17,8 млрд-ты, импорт $38,1 млрд-ты құраған. Жалпы алғанда, ҚР-ның оң сауда балансы $15,4 млрд-қа тең анықталған.Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталғаны атап өтілді. Өндіріс көлемі 4,8%-ға, ал тау-кен өнеркәсібінде 1,2%-ға өскен.
«Биылғы жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 12,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінің көрсеткішінен 6,2%-ға артық.Ауыл шаруашылығы өсудің белсенді кезеңіне өтті. Дәнді дақылдарды жинаудағы үдемелі қарқынның арқасында сала өндірісінің көлемі 11,4%-ға ұлғайды. Өсімдік шаруашылығының өсім 17,8%-ды құрады»,делінген хабарламада.
Экономика министрінің айтуынша, экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар мынадай шараларға баса назар аударуы қажет:
Игеру сомаларын қатаң бақылауға алып, инвестициялық бюджеттерді игеру; Жылдың соңына дейін мұнай өндірудің жоспарланған көлемін орындау; «Самрұқ-Қазына» холдингі отандық өндірушілердің тауарларын компания тобымен сатып алуын ұлғайту; Астық жинауды толық көлемде аяқтау, «Қазақстан Темір Жолы» акционерлік қоғамы және мүдделі мемлекеттік органдар астықты, оның ішінде экспортқа үздіксіз тасымалдау мен өткізуді қамтамасыз етсін.