• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 16 Қазан, 2024

Ұлттық спортты ұйыстыру – елдік мақсат

165 рет
көрсетілді

Апта бойы Арқа төсін дүбірге бөлеген V Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дары ұлттық спорт түрлерін дамытуға серпін беруге тиіс. Думаны тарқағанымен де, дақпырты бәсеңдемейтіні анық. Этноспорт аламаны­ның бас төрешісі Тастанбек ЕСЕНТАЕВПЕН сұхбатымыз төрткүл әлемнің назары ауған дода төңірегінде өрбіді.

– Далалық тартыстан қа­лалық өрке­ниет­тің өзегіне ойысқан этноспорт ала­маны да тарих қойнауына кетті. Көш­пелілер мәдениетіне дендей бой­лату­ды көздейтін сайыс­ты өткізуде жауап­кер­шілікті жұ­мыла көтере алдық деп пайым­даймыз.

– Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын елімізде өт­кізу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсыны­сымен жүзеге асқан маңызды шара. Арқа төсін аламан дода­лар­дың дүбірі кернеген айтулы аламанды жоғары деңгейде ұйым­дастыруды жауапты орын­дарға жүктеді. Бұған дейін Дү­ниежүзілік көшпелілер ойындары үш мәрте Қырғызстанда, бір рет Түркияда өтті. Бірақ бұл додаларда ұлттық ойын түрлері сайыс­тан гөрі көрсетілімдік фестиваль дәрежесінде ұйымдастырылды. Қатысушы мемлекеттер өз хал­қының көшпелі мәдениетіндегі ұлттық ойындарының тарихын әйгілеуге ұмтылды. Ал бізге Дү­ниежүзілік көшпе­лілер ойындарын халықаралық стандартқа сай өткізу жүктелді.

– Сіз бұған дейін Ұлт­тық спорт түр­лері қауымдас­ты­ғында бас хатшы болдыңыз. Төл ойын түрлерін дамытуға этноспорт аламаны серпін берді деп айта аламыз ба?

– Ертеректе ұлттық спорт түрлерінің танымалдылығы, халық арасында кеңінен насихатталуы дәл қазіргі биігіндей болды дей алмасақ керек. Тіпті бі­рер жыл бұрын төл ойындарымызды ұлықтауға, дамытуға ай­тарлықтай көңіл бөліне қой­ған жоқ. Олимпиадалық спорт түрлерімен салыстырғанда ұлттық ойындарымыз өз дәргейінде дәріптелмеді. Өрістетуге бөлінетін қаражат та мардымсыз болды, дамытуға серпін беретін кадр тапшылығы да қатты білінді. Өйткені жоғары оқу орындарында ұлттық спорт­тың мамандарын даярлау ісі жүйелі жүзеге аспады. Әсі­­ресе ат спорты түрлерінен білікті кәсіп иелері әлі де қат. Сондықтан да үш бағытта стратегиялық жоспар түзіліп, мамандар даяр­лау, инфрақұрылымды ны­ғай­ту, индустрияны күшейтуге кө­ңіл бөлінді. Кадр әзірлеуде жұ­мысшы тобы құрылып, ға­лым­дармен бірлесе ауқымды жұ­мыс атқарылып, бағдар­лама­лық оқулықтар жазылды. Соның не­гізінде Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академия­сынан ұлттық ат спорты жаттық­тырушысы мамандығы ашылды. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінен ат спортының ветеринары деген мамандыққа оқыту жүзеге асты.

Спорттық инфрақұрылымды дамыту­дың да шаруасы шатқаяқтап тұр. Елімізде 40-тан аса атшабар (ипподром) бар десек, ешқайсысы да халық­аралық стандартқа сай келмей­тін. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізудің нәтижесінде Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңғырып, жаңарып, әлемдік стандарттың талабына сәйкес жабдықталды. Үкімет­тің, Астана қаласы әкімді­гінің қадағалауымен «ERG» компания­сының қаржысына қайта түлеген атшабар кез келген дүбірлі доданы қабылдауға қауқарлы.

Бізде әлі де ұлттық спорттың инфра­құрылымын жақсартуға септігін тигізетін кешендер жеткіліксіз. Мысалы, көкпар ойы­нының стандартына сай алаң өте қат. Теңге ілу, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату спортының да стан­­­дартқа сай кешені тапшы, тіпті жоққа тән. Келешекте осы олқы­лықты орнын толтыру мақ­­са­тында ауқым­ды жұмыс қолға алынып, ұлттық ойын түр­лерін спорттық деңгейде дамы­туға арналған алаң, нысандар соғылады деп сенеміз.

Спорттық индустрияны дамыту да маңызды. Мысалы, аттың тұяғын сақтайтын тағаны, шегені алайық. Тіпті ер-тұрманның басқа да керек-жарағын өндіруде цех, орталықтар кемшін. Ел іші ұстаға кенде емес, сондай алтын қолды азаматтардың ісін ілгерілетіп, дамытуға арналған цех ашылса, индустрияны нығайтуға серпін береді. Одан сырт ұлттық ойынды дамытуға күш қосып жүрген спортшылардың бірыңғай киім үлгісін өндіруді де жүйелі жолға қою керек.

Ат индустриясын дамыту бағытында бірқатар шаруа жүзеге асырылды. Кезінде ұшқыр­лы­ғы сыналғанда ағылшын жыл­қысынан кейін екінші орын иеленген, ал 100 шақырымды 4 сағат 1 минутта шауып өтіп рекорд орнатқан Қостанай жылқы тұқы­мын көбейту қолға алынды. Бү­гінге дейін бұл рекордтың кө­бесін ешбір жылқы тұқымы жа­ңарт­қан жоқ. Келешекте ат спор­тына қажет қылқұйрықтарға деген сұранысты шетелден сатып алумен толтырмай, осы жыл­қы тұқымын көбейту арқылы мәселені шешу қолға алынды. 2012 жылдан бері Қостанай жыл­қы тұқымын өсіруге субсидия беру тоқтап қалған еді, былтырдан бастап қайта жанданды. Әр өңірде осы жүйрік тұқымын өсіріп, көбейтуге ықыласты аза­мат­тардың да қатары артып ке­леді. Ғылыми зерттеу жүр­гіземін дейтін ғалымдарға, жылқы тұ­қымын сатып алып мал басын арттыруға бейіл шаруаға мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді.

Ұлттық спорт түрлерін дамытуда климаттың да тигізер әсері зор. Мысалы, көкпар ойы­ны өр­кендесін десек, алты ай қыс­тың астында қалатын облыс­тарда да жылдың әр мезгілінде тартыс өтуге тиіс. Әрине, оған жабық, аязды күнде жылуы қо­сылатын кешен соғылуы керек. Оңтүстік өңірлерде дамыған ойын теріскейде де, сол деңгейге жеткенде ғана бәсекелес­тік артады. Дей тұрғанмен де, елімізде 10 ұлттық спорт клубы, 13 ұлттық спортқа баулитын мектеп жұмыс істейді. Міне, осы спорт мек­теп­терінің бағдарламасы әлі де толықтырылып жазылуға тиіс.

– Ұлттық ойын түрлерін халық­аралық стандартқа сай дәрежеде дамыта аламыз ба? Мәселен, көкпар ойыны.

– Биыл сәуір айында Түр­кияда өткен VI форумда зерттеуші мамандарымыз ойларын ортаға салды. Көкпар ойынының ережесі жалпыға ортақ болу керектігін айтты. Тар­тыс кезінде ең алдымен адамның өміріне қатер төнбеуін, аттың он екі мүшесіне зақым келмеуін ескертті. Бұл тартыс бізде көкпар, қырғыздарда көкбөрі атауымен өріс ала береді, ал көшпелілер ойындарында ортақ ереже, әлем­дік стандартқа сай бірыңғай тәртіппен өткізіледі деген байлам жасалды. Бірақ көкпарға да, көкбөріге де кейбір елдер әлі де оң қабақ танытпайды. Се­бебі атты сабау, тіпті арасында ер үстіндегі көкпаршыға да қамшының тиіп кетуі, еңкейіп жердегі серкені ілу кезінде омырау­лап келіп қағуы, аттардың бірін-бірі соғуы, түюі шетелдіктерге жат көрінеді. Олар «Horse Ball» деген регби ойыны секілді ат үстін­дегі сайыс­ты дамытқан. Мұ­нда қағу, соғу, аттарды сабау жоқ. Біз де келешекте көкпар ойы­нын осындай өркениетті сайыс сана­тына қосылуға лайық ортақ ере­жесін әлі де ширата түсуіміз қажет.

– Көшпелілер ойында­ры­на қатысқан спортшылары­мыздың әзірлігі жүйелі жүргі­зілді ме?

– Құрама команда жасақталып, бірнеше кезеңдік оқу-жаттығу жиыны өтті. Содан соң Туризм және спорт министрлігінің қол­дауымен екі кешенді ғылыми топ құрылды. Бірінші топ қаты­сушы адамдардың әзірлігіне, ден­саулығына зерттеу жүргізсе, екінші топ сайысқа мінетін аттар­дың әлеуетін бақылады.

Спортшыларға бұған дейін генетикалық паспорт беріліп, функционалдық диагностика жасалған емес. Кешенді топ осы олқылықты бүтіндеді. Нәти­жесінде, бапкерлік құрам қай спорт­шыға қандай салмақты жат­тығу жасатуға болатынын алдын ала сараптап отырды.

Ат спорты түрлеріне мінетін сәйгүлік­терді іріктеу Алматы облысында өткен оқу-жаттығу жиынында жүргізілді. Көк­парға, көкбөріге, теңге ілу, жамбы ату, аударыспаққа қай ат ыңғайлы екені сараланды. Тіпті аттардың жүректілігі, мінезі­нің ша­дыр­лығы, не жуастығы, үркек­­тігі жіті қа­дағаланды. Әр жылқыға арнайы диагностикалық талдау жа­салды. Мамандар аттарға жем-шөбі, суы қандай мөлшерде болу керегін атбегілерге жазып берді. Кешенді ғылыми топтың жүйелі жұмысы пайдасын тигізді.

– Төрешілерге арнайы семинар да ұйымдастырылды емес пе?

– Этноспорт аламанында бұған дейін төрешілердің біліктілігін арттыратын семинар өткен емес. Астана төріндегі семинарда әр спорттың бас төрешісі мен хатшылары қазылық етушілердің қарым-қабілеті сараланып, жо­ғары деңгейлі төрешілерге сер­тифи­кат берілді. Келешекте Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарында, болмаса ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлем чемпионаты, құрлық додасында сертификат алған төрешілер қазылық ете алады.

– Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының бас төрешісі болдыңыз. Көк­­пар додасының финалдық тартысында туын­даған даудың түйіні қалай тарқатылды?

– Қырғыздар көкбөрі деп атайтын ойын мен біздің көкпар додасының ережесіндегі айырмашылық 26 тармақтан тұрады. Көкпар сайысының бас төрешісі Ғани Ахметбаев бас­таған төрешілер алқасымен бей­не қайталауды бір емес он шақты рет қарадық. Рас, біздің көкпаршы қырғыз құрамасының ойыншысына қамшы көтерген. Бірақ ойынның үстін­де емес, тартыс тоқтап, көкпаршылар алаң жиегінен тысқары шығып кеткенде болған жайт. Көкпардың ережесіне сай біздің ойыншы 2 минутқа ойыннан шеттетіліп, шара қолданылды. Оны да қом­сынған көршілеріміз марапаттау сәтінде Әнұранымызға құрмет танытпай, марапат алаңынан түсіп кетті. Спорттық этикаға жат қылық көрсеткен қырғыз ойыншыларына шара қолданылады. Не айыппұл салынады, я болмаса осы ойыншылар көкпар сайысынан екі-үш жылға шеттетіледі. Көшпелілер ойындарының бас төрешісі ретінде ұйымдастыру дирекциясына осы мәселеге қатысты қорытынды шешімді жібердік. Олар Дүниежүзілік этно­спорт конфедерациясына жол­дады. Қандай шешім шығар­ғаны алдағы күндері хабарла­нады. Дүниежүзілік көшпе­лілер ойындарының көздегені – халықтар достығын нығай­тып, ел мен елдің барыс-келісі жақсаруына алтын көпір орнату. Сондықтан алдағы уақытта мұн­дай келеңсіздік орын алмауға тиіс.

Қорыта айтқанда, Дүние­жүзілік көш­пелілер ойындары 21 сайыс түрінен өтсе, барлық доданың жоғары деңгейде ұйым­дастырылуына айрықша көңіл бөлінді. Ат спорты, құсбегілік тартысына қатысушылардың жүйріктері мен қырандарына да барлық жағдай жасалды. Спорт­шылардың жатын орны, сайы­с кешені де жүйелі реттелді. Төрешілер де қажетті керек-жа­рақтан тарлық көрген жоқ. Әр спорт түрінен сайысты бірнеше камерамен түсірді, әділ, ашық болып, бұрмалаушылыққа жол бермеу қатаң қадағаланды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»