Апта бойы Арқа төсін дүбірге бөлеген V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары ұлттық спорт түрлерін дамытуға серпін беруге тиіс. Думаны тарқағанымен де, дақпырты бәсеңдемейтіні анық. Этноспорт аламанының бас төрешісі Тастанбек ЕСЕНТАЕВПЕН сұхбатымыз төрткүл әлемнің назары ауған дода төңірегінде өрбіді.
– Далалық тартыстан қалалық өркениеттің өзегіне ойысқан этноспорт аламаны да тарих қойнауына кетті. Көшпелілер мәдениетіне дендей бойлатуды көздейтін сайысты өткізуде жауапкершілікті жұмыла көтере алдық деп пайымдаймыз.
– Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын елімізде өткізу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынысымен жүзеге асқан маңызды шара. Арқа төсін аламан додалардың дүбірі кернеген айтулы аламанды жоғары деңгейде ұйымдастыруды жауапты орындарға жүктеді. Бұған дейін Дүниежүзілік көшпелілер ойындары үш мәрте Қырғызстанда, бір рет Түркияда өтті. Бірақ бұл додаларда ұлттық ойын түрлері сайыстан гөрі көрсетілімдік фестиваль дәрежесінде ұйымдастырылды. Қатысушы мемлекеттер өз халқының көшпелі мәдениетіндегі ұлттық ойындарының тарихын әйгілеуге ұмтылды. Ал бізге Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын халықаралық стандартқа сай өткізу жүктелді.
– Сіз бұған дейін Ұлттық спорт түрлері қауымдастығында бас хатшы болдыңыз. Төл ойын түрлерін дамытуға этноспорт аламаны серпін берді деп айта аламыз ба?
– Ертеректе ұлттық спорт түрлерінің танымалдылығы, халық арасында кеңінен насихатталуы дәл қазіргі биігіндей болды дей алмасақ керек. Тіпті бірер жыл бұрын төл ойындарымызды ұлықтауға, дамытуға айтарлықтай көңіл бөліне қойған жоқ. Олимпиадалық спорт түрлерімен салыстырғанда ұлттық ойындарымыз өз дәргейінде дәріптелмеді. Өрістетуге бөлінетін қаражат та мардымсыз болды, дамытуға серпін беретін кадр тапшылығы да қатты білінді. Өйткені жоғары оқу орындарында ұлттық спорттың мамандарын даярлау ісі жүйелі жүзеге аспады. Әсіресе ат спорты түрлерінен білікті кәсіп иелері әлі де қат. Сондықтан да үш бағытта стратегиялық жоспар түзіліп, мамандар даярлау, инфрақұрылымды нығайту, индустрияны күшейтуге көңіл бөлінді. Кадр әзірлеуде жұмысшы тобы құрылып, ғалымдармен бірлесе ауқымды жұмыс атқарылып, бағдарламалық оқулықтар жазылды. Соның негізінде Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясынан ұлттық ат спорты жаттықтырушысы мамандығы ашылды. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінен ат спортының ветеринары деген мамандыққа оқыту жүзеге асты.
Спорттық инфрақұрылымды дамытудың да шаруасы шатқаяқтап тұр. Елімізде 40-тан аса атшабар (ипподром) бар десек, ешқайсысы да халықаралық стандартқа сай келмейтін. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізудің нәтижесінде Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңғырып, жаңарып, әлемдік стандарттың талабына сәйкес жабдықталды. Үкіметтің, Астана қаласы әкімдігінің қадағалауымен «ERG» компаниясының қаржысына қайта түлеген атшабар кез келген дүбірлі доданы қабылдауға қауқарлы.
Бізде әлі де ұлттық спорттың инфрақұрылымын жақсартуға септігін тигізетін кешендер жеткіліксіз. Мысалы, көкпар ойынының стандартына сай алаң өте қат. Теңге ілу, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату спортының да стандартқа сай кешені тапшы, тіпті жоққа тән. Келешекте осы олқылықты орнын толтыру мақсатында ауқымды жұмыс қолға алынып, ұлттық ойын түрлерін спорттық деңгейде дамытуға арналған алаң, нысандар соғылады деп сенеміз.
Спорттық индустрияны дамыту да маңызды. Мысалы, аттың тұяғын сақтайтын тағаны, шегені алайық. Тіпті ер-тұрманның басқа да керек-жарағын өндіруде цех, орталықтар кемшін. Ел іші ұстаға кенде емес, сондай алтын қолды азаматтардың ісін ілгерілетіп, дамытуға арналған цех ашылса, индустрияны нығайтуға серпін береді. Одан сырт ұлттық ойынды дамытуға күш қосып жүрген спортшылардың бірыңғай киім үлгісін өндіруді де жүйелі жолға қою керек.
Ат индустриясын дамыту бағытында бірқатар шаруа жүзеге асырылды. Кезінде ұшқырлығы сыналғанда ағылшын жылқысынан кейін екінші орын иеленген, ал 100 шақырымды 4 сағат 1 минутта шауып өтіп рекорд орнатқан Қостанай жылқы тұқымын көбейту қолға алынды. Бүгінге дейін бұл рекордтың көбесін ешбір жылқы тұқымы жаңартқан жоқ. Келешекте ат спортына қажет қылқұйрықтарға деген сұранысты шетелден сатып алумен толтырмай, осы жылқы тұқымын көбейту арқылы мәселені шешу қолға алынды. 2012 жылдан бері Қостанай жылқы тұқымын өсіруге субсидия беру тоқтап қалған еді, былтырдан бастап қайта жанданды. Әр өңірде осы жүйрік тұқымын өсіріп, көбейтуге ықыласты азаматтардың да қатары артып келеді. Ғылыми зерттеу жүргіземін дейтін ғалымдарға, жылқы тұқымын сатып алып мал басын арттыруға бейіл шаруаға мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді.
Ұлттық спорт түрлерін дамытуда климаттың да тигізер әсері зор. Мысалы, көкпар ойыны өркендесін десек, алты ай қыстың астында қалатын облыстарда да жылдың әр мезгілінде тартыс өтуге тиіс. Әрине, оған жабық, аязды күнде жылуы қосылатын кешен соғылуы керек. Оңтүстік өңірлерде дамыған ойын теріскейде де, сол деңгейге жеткенде ғана бәсекелестік артады. Дей тұрғанмен де, елімізде 10 ұлттық спорт клубы, 13 ұлттық спортқа баулитын мектеп жұмыс істейді. Міне, осы спорт мектептерінің бағдарламасы әлі де толықтырылып жазылуға тиіс.
– Ұлттық ойын түрлерін халықаралық стандартқа сай дәрежеде дамыта аламыз ба? Мәселен, көкпар ойыны.
– Биыл сәуір айында Түркияда өткен VI форумда зерттеуші мамандарымыз ойларын ортаға салды. Көкпар ойынының ережесі жалпыға ортақ болу керектігін айтты. Тартыс кезінде ең алдымен адамның өміріне қатер төнбеуін, аттың он екі мүшесіне зақым келмеуін ескертті. Бұл тартыс бізде көкпар, қырғыздарда көкбөрі атауымен өріс ала береді, ал көшпелілер ойындарында ортақ ереже, әлемдік стандартқа сай бірыңғай тәртіппен өткізіледі деген байлам жасалды. Бірақ көкпарға да, көкбөріге де кейбір елдер әлі де оң қабақ танытпайды. Себебі атты сабау, тіпті арасында ер үстіндегі көкпаршыға да қамшының тиіп кетуі, еңкейіп жердегі серкені ілу кезінде омыраулап келіп қағуы, аттардың бірін-бірі соғуы, түюі шетелдіктерге жат көрінеді. Олар «Horse Ball» деген регби ойыны секілді ат үстіндегі сайысты дамытқан. Мұнда қағу, соғу, аттарды сабау жоқ. Біз де келешекте көкпар ойынын осындай өркениетті сайыс санатына қосылуға лайық ортақ ережесін әлі де ширата түсуіміз қажет.
– Көшпелілер ойындарына қатысқан спортшыларымыздың әзірлігі жүйелі жүргізілді ме?
– Құрама команда жасақталып, бірнеше кезеңдік оқу-жаттығу жиыны өтті. Содан соң Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен екі кешенді ғылыми топ құрылды. Бірінші топ қатысушы адамдардың әзірлігіне, денсаулығына зерттеу жүргізсе, екінші топ сайысқа мінетін аттардың әлеуетін бақылады.
Спортшыларға бұған дейін генетикалық паспорт беріліп, функционалдық диагностика жасалған емес. Кешенді топ осы олқылықты бүтіндеді. Нәтижесінде, бапкерлік құрам қай спортшыға қандай салмақты жаттығу жасатуға болатынын алдын ала сараптап отырды.
Ат спорты түрлеріне мінетін сәйгүліктерді іріктеу Алматы облысында өткен оқу-жаттығу жиынында жүргізілді. Көкпарға, көкбөріге, теңге ілу, жамбы ату, аударыспаққа қай ат ыңғайлы екені сараланды. Тіпті аттардың жүректілігі, мінезінің шадырлығы, не жуастығы, үркектігі жіті қадағаланды. Әр жылқыға арнайы диагностикалық талдау жасалды. Мамандар аттарға жем-шөбі, суы қандай мөлшерде болу керегін атбегілерге жазып берді. Кешенді ғылыми топтың жүйелі жұмысы пайдасын тигізді.
– Төрешілерге арнайы семинар да ұйымдастырылды емес пе?
– Этноспорт аламанында бұған дейін төрешілердің біліктілігін арттыратын семинар өткен емес. Астана төріндегі семинарда әр спорттың бас төрешісі мен хатшылары қазылық етушілердің қарым-қабілеті сараланып, жоғары деңгейлі төрешілерге сертификат берілді. Келешекте Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында, болмаса ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлем чемпионаты, құрлық додасында сертификат алған төрешілер қазылық ете алады.
– Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бас төрешісі болдыңыз. Көкпар додасының финалдық тартысында туындаған даудың түйіні қалай тарқатылды?
– Қырғыздар көкбөрі деп атайтын ойын мен біздің көкпар додасының ережесіндегі айырмашылық 26 тармақтан тұрады. Көкпар сайысының бас төрешісі Ғани Ахметбаев бастаған төрешілер алқасымен бейне қайталауды бір емес он шақты рет қарадық. Рас, біздің көкпаршы қырғыз құрамасының ойыншысына қамшы көтерген. Бірақ ойынның үстінде емес, тартыс тоқтап, көкпаршылар алаң жиегінен тысқары шығып кеткенде болған жайт. Көкпардың ережесіне сай біздің ойыншы 2 минутқа ойыннан шеттетіліп, шара қолданылды. Оны да қомсынған көршілеріміз марапаттау сәтінде Әнұранымызға құрмет танытпай, марапат алаңынан түсіп кетті. Спорттық этикаға жат қылық көрсеткен қырғыз ойыншыларына шара қолданылады. Не айыппұл салынады, я болмаса осы ойыншылар көкпар сайысынан екі-үш жылға шеттетіледі. Көшпелілер ойындарының бас төрешісі ретінде ұйымдастыру дирекциясына осы мәселеге қатысты қорытынды шешімді жібердік. Олар Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясына жолдады. Қандай шешім шығарғаны алдағы күндері хабарланады. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының көздегені – халықтар достығын нығайтып, ел мен елдің барыс-келісі жақсаруына алтын көпір орнату. Сондықтан алдағы уақытта мұндай келеңсіздік орын алмауға тиіс.
Қорыта айтқанда, Дүниежүзілік көшпелілер ойындары 21 сайыс түрінен өтсе, барлық доданың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына айрықша көңіл бөлінді. Ат спорты, құсбегілік тартысына қатысушылардың жүйріктері мен қырандарына да барлық жағдай жасалды. Спортшылардың жатын орны, сайыс кешені де жүйелі реттелді. Төрешілер де қажетті керек-жарақтан тарлық көрген жоқ. Әр спорт түрінен сайысты бірнеше камерамен түсірді, әділ, ашық болып, бұрмалаушылыққа жол бермеу қатаң қадағаланды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»