Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 803 млрд теңге сомасына зейнетақы төленген, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 882,8 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 трлн 920,2 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айта кетейік, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 413 мың адамды құраған.
«2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 810 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 211 теңге, базалық зейнетақы – 42 599 теңге», деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Еске салайық, қыркүйек айында жалпы зейнетақының орташа мөлшері 131 872 теңгені құраған, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 436 теңге, базалық зейнетақы – 42 628 теңге болды.