Астана полициясы өткізген жедел-профилактикалық іс-шара барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзған Пәкістан Республикасының бес азаматын анықтаған, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Астана қаласына шетелдіктердің туристік виза арқылы кіргені және белгіленген мерзімде елден шықпағаны белгілі болған.
«Мигранттар Қазақстан Республикасынан мәжбүрлі түрде шығарылды. Полиция қызметкерлері туристерді әуе рейсімен Пәкістан Республикасына жіберді», делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Астана қаласының Полиция департаменті көшелер мен қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, заңсыз көші-қонды анықтау және жолын кесу мақсатында 14-18 қазан аралығында жедел-профилактикалық іс-шара өткізіп жатыр.
ЖПІШ басталғаннан бері полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзған 217 шетелдік пен 27 Қазақстан Республикасының азаматын анықтаған. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 23 шетел азаматы елден шығарылғаны хабарланды.