Қазақ тарихына қатысты құнды-құнды жәдігерлердің көшірмесі көзінен тізіліп, том-том еңбек елге таныстырылды. Бұл игіліктерді Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мамандары шетел архивтерінен жеткізген. Мамандар бұларды «Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасы шетелдің архив қорлары жинақтарында» ғылыми жобасы шеңберінде жүзеге асырған. Институт ғалымдары Мемлекеттік орталық музеймен бірлесіп өткізген «Шетелдің архивтік қорларындағы Еуразия тарихы» көрмесіне қазақ мемлекеттілігінің тарихына қатысты құнды мәліметтер шығарылды.
Мемлекеттік орталық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртонның айтуынша, музей мамандарының ғылыми қауымдастық, сондай-ақ шетел ғалымдарымен байланысы тың тақырыптарға жол ашып келеді. Ғылыми деректер мен фотоқұжаттардың арнайы басылымдарда ғана емес, заманауи көрмелерде көрініс табуы өскелең ұрпақтың жадында жаңғырып отыруына септігін тигізеді.
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы тарихи материалдарды зерттеуінде республикалық ақпараттық орталықтың директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Меруерт Әбусейітова бұл институт ғалымдарының ұзақ жылғы жұмысы екенін атап өтті. Бүгінде Ресей, Қытай, Еуропа елдері музейлері мен архивтерін зерттеген ғалымдар қазақ тарихының түрлі кезеңіне қатысты құнды деректердің көшірмесін елге әкелді. Институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары Дүйсен Мұстахимнің айтуынша, кейінгі он жылда ғалымдар жүргізген зерттеулер нәтижесі Орталық Азияның жаңа қырын айшықтайтын құнды мәліметтермен толығып келеді.
Бельгиядағы Лувен католик университеті докторы, профессор Анн-Мари Вилемено аталған жобаның жастарға танымдық, тәрбиелік мәні зор дейді әрі әлеммен мәдени байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам саналады.
Көрме барысында «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті бойынша карталар (ерте заман, орта ғасырлар, жаңа заман) каталогінің» тұсаукесері өтті. Каталогке Еуразиядағы геосаясат, мәдени трансформация және халықтар байланысындағы өзгерістерді көрсететін карталар енген. Каталог ұлы дала тарихы және мәдениетімен айналысатын ғалымдар, тарихшылар үшін құнды дереккөз болатыны анық.
Көрмеде Швейцарияның Берн музейінде сақталып келген 1868-1889 жылдары Орталық Азия елдеріне төрт мәрте саяхаттаған дипломат әрі саяхатшы Анри Мозердің қорынан алынған ХІХ ғасырға тиесілі көмкермелі тұскілем, әшекейлер, әскери құрал-саймандар ерекше назар аудартады.
Ұзындығы 15 метр болатын көмкермелі барқыт тұскілем зерлі жіппен, құрақ, оюлармен әдіптелген. Қолөнер туындысы ғана емес, тұскілемнің саяси мәнін айшықтап тұрғандай. Профессор Меруерт Қуатқызының сипаттауынша, тұскілем барқыт бетіне жібектен алтын мен күмісті кесте төгіп, әртүрлі құрақ ою салып тіккен қазақ әйелдерінің ісмерлігін көрсетеді. «Тұскілем сол кездегі қоғамының саяси иерархиясын бейнелейді әрі хан ордасындағы жиындарды өткізу кезінде қолданылған. Сол кезеңдегі қазақ қоғамының, Қазақ хандығының әкімшілік құрылысын бейнелейтін құжат іспетті деп айтуға негіз бар. Қақ ортасында билеуші орны, яғни хан тағы алтын, күміс жіппен әдіптелген болса, айналасындағылардың орны әртүрлі медальонмен бейнеленген. Киіз үй пішіні мемлекеттің қуаттылығын көрсетеді» дейді профессор.
Ұзындығы 13 метр атласпен апталған жібек құрақты, көмкермелі тұскілем соғыс кезінде қолбасшылар және батырлармен кездесу өткізген кезде орданы жабдықтауға арналған. Кілемнің ортасында ханның тағы іспеттес, не болмаса сұлтанға арналған орын белгіленген. Тұскілемді әскерилер жиыны өтетін киіз үй деуге келеді. Өз өрнегімен ерекшеленетін тұскілемде бейнеленген арқалықтың ішкі бедері бұтағын жайған ағашқа ұқсас келеді. Ол көне тарихқа тамыры терең бойлаған мемлекеттің өркендеп, гүлдене беретіндігін көрсетеді. Кілемнің жоғары жағында көшпелілер тарихымен үндесетін от, күн мен ай түрінде бейнеленген сары түсті жібекпен әдіптелген құрақтар көз тартады. Орта бөлігінде сақшының жітілігін, мемлекет іргесінің күші мен беріктігін және билік рәмізі болып табылатын хан найзасы немесе сұңқардың басын бейнелейтін ою-өрнек сары түсті жібекпен көмкерілген.
Профессор Меруерт Әбусейітованың айтуынша, Анри Морзенің қазақ ақсүйектерінің фотосуреттерімен толыққан «Түркістан» альбомы қызығушылық туғызады. Суреттерде өзі жүздесіп, қонақта болған дала билеушілері көрсетілген. «Осы кезде дала әрқайсысының өз сұлтаны бар үш аймаққа бөлінген. Бермұхаммед сұлтан – солтүстікте, Жантөрин сұлтан – Еділ мен Жайық арасын, Сүлеймен Тәукин сұлтан Орынбор даласын биледі деп жазады» А.Морзе.
Көрмеде күні кешеге дейін зерттеушілер үшін жабық болып келген Қытайдың бірінші тарихи музейінен табылған қазақ хандарының генеалогиясы, дипломатиялық жазбалары, оның ішінде Абылай хан, Болат хан, Уәли сұлтанның жазбалары ғалымдар үшін тың тақырыптарға тұнып тұр. Күні бүгінге дейін осы музейден институт ғалымдары 70 мыңнан астам құжаттың көшірмесін елге әкелген.
Көрмеге ішкі Моңғолияның тарихи музейінде сақталған б.з.д. III ғасырдағы ғұн тәңірқұтының алтын тәжі, Францияның Лувр музейіндегі Қ.Ясауи кесенесіне арнап жасалған Әмір Темірдің есімі бар майшамның фотосуреті, Иран «Менджлис» кітапханасындағы Исмаил хан, Шайбани, Қасым ханға қатысты тарихи деректер жазылған кітаптардың, басқа да қолжазба деректердің фотосуреттері мен көшірмелері қойылды. Ұлыбритания, Швейцария, Италия, Дания, Швеция және Мажарстандағы қорлардан алынған архивтік құжаттар және миниатюралар, картиналар, фотосуреттер мен бұйымдар топтастырылған визуалды артефактілер мен экспонаттар қазақтардың Еуразияның басқа да халықтарымен тарихи дипломатиялық байланыстарын айғақтайды.
АЛМАТЫ