Түркістан облысында қысқы жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралса, алдымен Кентаудағы жағдай басты назарға алынады. Оған себеп те жоқ емес. Былтыр желтоқсанда дүлей дауылдан қаладағы электр желілері үзіліп, жылу энергоорталығының жұмысына кері әсерін тигізді. Салдарынан қала жылудан ажыратылып, алты көпқабатты тұрғын үйдің, жеке сектордағы 40-қа жуық үйдің жылыту жүйесі істен шықты. Ол аздай, қара суықтан құбырлардағы газ қатып, 70 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынсыз қалды.
Бұл табиғи сын талай кемшіліктің бетін ашты, жылу энергия орталығындағы тозығы жеткен қазандықтарды жөндеу қажеттігін анықтады. Осы орайда биыл облыс басшылары Кентау қаласына жиі сапарлап, қысқа дайындықты қатаң бақылауға алған. Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды Кентаудағы жылу орталығына барып, жөндеу, құрылыс жұмыстарын тағы да тексерді. Қала әкімі, жауапты басқарма өкілдері мен мердігер компания басшыларының есебін тыңдады. Қазір мұнда барлығы 216 адам екі ауысымда тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Жалпы, облыс пен «Кентау-Сервис» МКК-нің №5 жылу энергия орталығының алдағы жылыту маусымына дайындық өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Облыс әкімі жылыту маусымының басталуына аз уақыт қалғанын ескертіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Кентау қаласының жылу энергия орталығының іргетасы 1934 жылы қаланып, жабдықтары 1952 жылы орнатылған, 1956 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Тозу деңгейі 85%-дан асқан. Сондықтан биыл 6 қазандықты қайта құру жұмыстары қолға алынды. Бүгінде №8, 9, 10, 11 қазандықтың жұмысы толық аяқталды. Қалған екі қазандықта құрылыс-монтаж кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, екі қазандықта (№5, 6) ағымдағы жөндеу жүргізіліп, толық аяқталған. Яғни жылыту маусымына 6 қазандық дайын. Кентау қаласын тұрақты жылумен қамтуға 3 қазандық жеткілікті, 3 қазандық резервте болады. Жылу орталығы басшыларының мәліметінше, қазір қоймада 13,7 мың тонна көмір бар. Одан бөлек, 44 мың тонна көмір тасымалдауға келісімшарт түзіліп, бұл бағытта жұмыс басталған. Жауаптылар Кентауды жылумен қамтитын көмір уақтылы жеткізілетінін мәлімдеп отыр. Сондай-ақ Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистралды жылу желілері қайта жаңартылды. Ал 14,5 шақырым жылу желілерін реконструкциялау жөнінде жоба әзірленіп, бюджеттік өтінім министрлікке ұсынылған. Биыл қаладағы 11 мектеп пен 7 балабақшаға қаржы қаралып, «көгілдір отынға» қосу жұмыстары басталған еді. 11 мектептің екеуіне ескі қазандық ғимараттарына жөндеу жұмысын жасау арқылы қойылса, қалған 9 мектепке модульді қазандық орнатылып жатыр. Сондай-ақ 7 балабақшаның 2-еуіне ескі қазандық жайларына жөндеу арқылы, қалған 5 балабақшаға модульді қазандық қойылып жатыр.
Жылыту маусымын таулы, яғни Төлеби, Түлкібас, Созақ, Қазығұрт аудандарында 15 қазанда, ал қалған аудан, қалаларда 1 қарашада бастау жоспарланған. Облыста 34 жылу энергетика кешені, 1622 автономды қазандық, 668 денсаулық сақтау, 1279 білім, 212 мәдениет, 75 спорт, 9 жұмыспен қамту нысандары, 737 көпқабатты тұрғын үй бар. Жауаптылардың мәліметіне қарағанда, автономды қазандықтар, жылу желілері де, әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер де жылыту маусымына жүз пайыз дайын. Өңірде «көгілдір отынды» тұтынушылар қатары көбейген. Дегенмен көмір отынына қажеттілік 700,9 мың тоннаны құрайды, қамтылғаны 351,3 мың тонна немесе 50%. Тұрғындардың көмір қажеттілігі 318 мың тонна болса, қамтылу көрсеткіші – 67%. Бұл орайда жылыжайлардың көмірмен қамтылу деңгейі төмен. Жылыжайларға қажетті көмір көлемі 282,9 мың тонна болса, қамтылғаны 38 мың тонна немесе 14% болып тұр. Бюджеттік мекемелерге қажетті 99,8 мың тонна көмір толығымен қамтылған.
Алдағы қыс мезгілінде болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу да маңызды. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Асқар Төлешевтің айтуынша, бүгінгі таңда облыста қар басатын жалпы 22 аумақ анықталған. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында – 6, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында – 16. Қар басатын жол учаскелерінің жалпы ұзындығы – 404,4 шақырым. Облыстық маңызы бар жолдарда 9 шақырым қар ұстағыш қалқандар бар. Қар құрсауында қалғандарға, күрделі метеожағдайларда зардап шеккендерге көмек көрсетуге 11 жылыту бекеті, қажетті техника әзір тұр. Төсектік орынмен қамтамасыз етілген жылыту бекеттерінде бір мезгілде 40 адамды қабылдауға мүмкіндік бар.
Түркістан облысы