• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Қазан, 2024

Жарыстар күнделігі

74 рет
көрсетілді

Дзюдо: Нұрқанат – әлем чемпионы

16-18 қазан күндері Өзбекстанның Ташкент қаласында дзюдодан әскери қызметшілер арасында әлем чемпионаты өтті. 13 балуан ел үмітін арқалап, белдесуге түсті. 29 елден 214 спортшы қатысқан дода тартысқа толы болды.

60 кг салмақта Нұрқанат Серікбаев пен Шерзод Давлатов финалға дейінгі қарсыластарын айқын ұтып, әлем чемпионы атағын өзара сарапқа салды. Тәжірибелі Нұрқанат жастар арасынан ересектер сапына өткен Шерзодтан басым түсіп, әнұранымызды шырқатса, Давлатов күміспен күптелді. 66 кг салмақта Бауыржан Нарбаев пен Жанарыс Рахметқалиға сенім артылған. Бауыржан іріктеу кезеңінен аса алмаса, Жанарыс қола медаль үшін өткен белдесуде Солтүстік Корея балуаны Ри Ким Сонгтен басым түсті. Ел қоржынына екінші қола медальды Бақытжан Әбдірахманов (73 кг) салды. Ол шешуші сында Армения спортшысын қапы қалдырды. Сондай-ақ чемпионатта Асқар Нарқұлов (81 кг), Құдірет Досымов (90 кг), Марат Байқамыров (100 кг), Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) күрес алаңына шықты.

Ал әйелдер сынында Ғалия Тынбаева (48 кг), Бақыт Құсақбаева (57 кг), Ека­­терина Токарева (78 кг), Кәмила Берліқаш (+78 кг) белдесті.

 

Футбол: Чемпионатқа қатыспайды

Футболдан жастар арасында Еуропа чемпионаты келесі жылы Словакияда өтеді. 21 жасқа дейінгі футболшылардың құрлық додасына іріктеу біздің жігіттерге сәтсіз болды. Константин Горовенко баптайтын жастарымыз Мажарстан, Бельгия, Испания, Мальта, Шотландия футболшыларымен В тобында додаға түсті. 10 матчта 3 рет жеңіске жетті, 7 ойында жеңілді.

Еуропа чемпионатының финалдық сынына жолдама бұйыр­мағанымен, жас футболшыларымыз ұлттық құраманың лайықты ізбасары бола алатынын байқатты. Еуропа чемпионатында 5 мәрте топ жарып, күмісін де, қоласын да олжалап жүрген Испания жастарымен айтарлықтай тайталасып, 4:3 есебімен есе жіберді. Талай таланттарды түлеткен футбол ұстаханасы саналатын Шотландия жастарын Алматыда өткен қарымта тартыста 3:2 есебімен жеңді.

 

Бокс: Жастарға сенім артады

23 қазан – 3 қараша аралығында Черногорияның Будва қаласында жастар арасында бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бапкерлер құрамы әлемдік додаға қатысатын боксшылардың тізімін жариялады.

Диас Берікбай (48 кг), Бексұлтан Боранбек (51 кг), Бауыржан Мұратов (54 кг), Жансерік Көшербаев (57 кг), Алексей Хаванцев (60 кг), Ахмет Үсенов (63,5 кг), Төрехан Сабырхан (67 кг), Өнер Сейілхан (71 кг), Сан­жарәлі Бегалиев ( 75 кг), Мадияр Бексұлтанов (80 кг), Бақытжан Айт­мұханов (86 кг), Расул Асанханов (92 кг), Аслан Еділбайұлы (92 кг) әлемдік жарысқа қатысады.