Ғылымның уақыт талабына сай дамуына кең жол ашатын тұлғалар – ғалымдар мен ұстаздар. Осы екі саланы қатар алып, тұтас ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге, ағартушылыққа арнағандар аз емес. Солардың бірегейі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары – Әбдімәжит Саипов пен Қадиша Шалғынбаева.
Бүгінде 45 жылдан аса саналы ғұмырын білім мен ғылым саласына арнаған қос ғалымның өмір жолы – жастарға үлгі. Алғаш олар бір-бірімен қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқып жүргенде танысты. Кейін көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Шәкірт тәрбиелеп, ел құрметіне бөленген өнегелі отбасына айналды.
Әбдімәжит Аманжолұлы – мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына бірден түсе алған жоқ. Бір жылға жуық Жамбыл қаласындағы №28 сегіз жылдық мектепте аға пионер вожатый болып істеді. Сөйтіп, педагогиканың әліппесін теория жүзінде меңгерген жас түлек бағын тағы бір мәрте сынап көрмекке Алматыны бетке алды.
«Әке жолын қуып, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетіне оқуға түстім. Сол оқу орнында өмірлік серігім Қадишаны жолықтырдым. Студенттік жылдар қызыққа толы еді. Жатақханадағы студенттер кеңесінің төрағасы, одан кейін факультеттегі комсомол ұйымының хатшысы болдым. Қоғамдық өмірге белсене араласып, ұйымдастыру ісінде мол тәжірибе жинадым», дейді ғалым.
Осылайша, География және биология мамандығы бойынша институтты тәмамдаған жас маман еңбек жолын Алматыдан бастады. Алматы демекші, ол ағайындарының арасынан алғаш болып бас қалаға табан іліктіргеннен соң, өзінен кейінгі іні-қарындастарының арқасүйеріне айналды. Бауырларының білім алып, білікті маман болуына барын салды. Сол жылы аталған оқу орнының ботаника кафедрасына оқу шебері болып жұмысқа қабылданды. Студент кезінен ғылыми конференцияларға қатысып, баяндама жасап, ізденімпаздығымен танылғанының септігі тиді. Одан соң педагогикалық институттың Экономикалық география кафедрасына аға лаборант қызметіне қабылданып, кейін педагогика мамандығы бойынша аспирантураға түсті.
Ғылыммен айналысу – шыдамдылықты, қажыр-қайратты, үздіксіз ізденуді талап ететіні анық. Біздің кейіпкеріміз мұндай қиындықтан еш қорыққан емес. 1991 жылы «Оқушылардың экономикалық білімі. 8-9 сыныптарда экономикалық және әдістемелік географияны оқыту мысалында» атты кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, физикалық география кафедрасының аға оқытушысы болды. Әрине, бұл – оның ғылым жолындағы алғашқы кезеңі ғана.
Хакім Абай атамыздың: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой деудің бәрі де – ақымақшылық», деп айтқаны бекер емес. Ақынның қара сөзіндегі осы ұстанымын үлгі еткен ғалым 2001 жылы «Туризм менеджерлерін даярлаудың ғылыми-педагогикалық негіздері» атты докторлық диссертациясын қорғап, одан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика ғылымының кандидаты және докторы ғылыми дәрежесін беру бойынша диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы қызметін атқарды. 2009 жылы елордаға ауысып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаратылыстану ғылымдары факультетіндегі физикалық және экономикалық география кафедрасының меңгерушісі болды. Қазір осында профессор.
Айтулы ғалымның ғылыми және оқу-әдістемелік құралдары еліміздегі жоғары оқу орындарында кеңінен қолданылады. Әсіресе отандық туризм мамандарын ғылыми негізде даярлау бағытында жазылған «Қазақстан туризмінің теориясы мен практикасы», «Туризм менеджерлерін даярлаудың ғылыми-педагогикалық негіздері», «Туризм педагогикасына кіріспе» атты еңбектерінде тыңнан түрен салды. Сондай-ақ мектептегі 10-11 сынып оқушыларына арналған география оқулығы, 9-сынып оқушыларына арналған география оқулығының бірінші, екінші бөлімін жазды. Сонымен қатар бірқатар облыстың әлеуметтік-экономикалық даму географиясын зерттеді.
Бүгінге дейін Ә.Аманжолұлының 240-тан аса ғылыми еңбегі жарық көрген, соның ішінде үш мақала «Scopus» деректер базасына енгізілген журналда жарияланған. Ал Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарда – 70, шетелде өткен ғылыми конференциялар жинағы мен журналдарда 60-тан аса еңбегі басылған. Сондай-ақ ғалымның жетекшілігімен педагогика саласы бойынша 8 ғылым кандидаты, 2 ғылым докторы, география саласы бойынша 1 PhD және 30-дан аса ғылым магистрі даярланды.
Отбасы мен ғылымды тамаша сабақтастырған Әбдімәжит Саиповтың жан жары Қадиша Шалғынбаева да – педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының толық мүшесі. Ұлт педагогикасындағы еңбек тәрбиесін зерттеген білікті ғалым Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіндегі Химия және биология пәні мұғалімі мамандығын үздік бітіргеннен соң, осы жоғары оқу орнының алғашқыда адам анатомиясы және физиологиясы кафедрасында, кейін педагогика кафедрасында оқытушылық қызметін атқарды.
Қадиша Қадырқызы 1992 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Сақыпжамал Асқарқызының ғылыми жетекшілігімен «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың педагогикалық ой-пікірлері» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 2006 жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор С.Ұзақбаеваның ғылыми кеңесшілігімен «Қазақ халық педагогикасындағы еңбек тәрбиесі» атты докторлық еңбегін қорғап, болашақ ұрпақты еңбек тәрбиесіне баулу мәселесін ғылыми айналымға енгізді.
Сондай-ақ ол халқымыздың әлеуметтік, рухани-мәдени құндылықтарын сақтап, жастардың еңбек етуге белсенділік қасиетін, дәстүрлі еңбек үдерісін меңгертудегі тұрақты дағдыларын, шығармашылығын қалыптастыратын ғылыми-әдістемелік кешен даярлап, тәжірибеге енгізді. Мұнда қазақтың ұлттық құндылығы мен әлеуметтік-экономикалық ерекшелігін ескеріп, халықтың еңбек салт-дәстүрлеріне сүйену арқылы қоғам алдында өзінің дербестігі мен жауапкершілігін сезінетін, қоғамдық сана-сезімі оянған, парасаты мен ар-ожданы биік, нарық жағдайында бәсекелестікпен еңбек ете білетін, өзінің таңдаған мамандығына деген білімін көрсете білетін азамат тәрбиелеу қамтылған.
Педагогика саласында өнімді еңбек етіп жүрген ғалымның 300-ге жуық ғылыми-әдістемелік еңбегі бар. Соның ішінде 3 монография, 4 оқулық, 20 оқу құралы, көптеген оқу-әдістемелік құралы мен мақалалары ғылыми журналдарда жарияланған. Сонымен қатар ғалым 1 педагогика ғылымының кандидатын, 9 PhD, 30-дан астам магистр даярлаған. Әсіресе Қадиша Қадырқызының ғылыми жетекшісі, профессор С.Ұзақбаевамен бірігіп шығарған «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың педагогикалық көзқарастары» атты оқу құралын ерекше айтуға болады. Бұл еңбекте С.Торайғыровтың педагогикалық бай мұрасы мен оны іс жүзінде пайдалану деңгейі арасындағы қайшылыққа сипаттама беріледі. Сонымен қатар ағартушының жеке басының қалыптасуына ықпал еткен әлеуметтік жағдайлар қарастырылған. Ақынның педагогикалық идеяларын қоғам дамуының қазіргі кезеңінде жастарды адамгершілікке тәрбиелеуде пайдаланудың жолы айқындалған.
Сондай-ақ Қ.Шалғынбаева «Жаңа гуманитарлық білім, 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған Д.Майерстің «Әлеуметтік психология» оқулығының ғылыми редакторы болуымен бірге 8-тарауды толығымен аударды. Бүгінде ғалым болашақ әлеуметтік педагогтер мен өзін-өзі тану мұғалімдерін, педагогика және психология мамандықтары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандарды кәсіби даярлау мәселелерін зерттеуде елеулі еңбек етіп жүр.
Бір сөзбен айтқанда, ел үшін атқарған қызметтің елеусіз қалмайтыны заңдылық. Демек, Әбдімәжит Саипов пен Қадиша Шалғынбаева секілді қос ғалымның отбасы мен мәдениет құндылығын ұштастыруы көпшілікке өнеге болары сөзсіз.
Руслан ҚАРАТАБАНОВ,
Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының вице-президенті, PhD