• RUB:
    5.02
  • USD:
    487.24
  • EUR:
    529.34
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:20

Ерлан Қарин халықаралық пән олимпиадалары жүлдегерлерімен кездесті

79 рет
көрсетілді

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент тапсырмасына сәйкес халықаралық пән олимпиадалары­ның жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдады.

Мемлекеттік кеңесші кездесуде отан­дық оқушылардың жыл сайын көптеген халықаралық білім додасында топ жарып жүргенін атап өтті. Биыл өрендеріміз әлемнің түрлі елінде өткен пәндік олимпиа­даларда 26 медаль иеленіп, ел абыройын асқақтатты.

Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Прези­денттің жақында өткен Депутаттар форумында сөйлеген сөзінде жұртшылықты спортшыларға ғана емес, зияткерлік сайыс­тардың жеңімпаздарына да лайықты құрмет көрсетуге шақырғанын еске салды. Оның айтуынша, 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына және олардың ұстаздарына ақшалай сыйлық табысталады. Бұл ретте Қазақстан – білім олимпиадасы жүлдегерлеріне осындай қолдау көрсететін санаулы елдің бірі.

Мемлекеттік кеңесші Қазақстанда жас­тарға өзін жан-жақты жетілдіруге бар­лық жағдай жасалғанына, әсіресе, өске­лең ұрпақ үшін білім мен ғылым саласында мол мүм­кін­дік бар екеніне назар аударды.

Ұлттық құрылтай отырыстарының бірінде Мемлекет басшысы білім, ғылым және мәдениет саласын рухани дамудың мызғымас үштағаны және ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың негізі деп айтқан болатын.

Кездесу соңында Ерлан Қарин олимпиа­да жеңімпаздарына жылы лебізін білдірді. Олардың білімі, ізденісі, отаншылдығы елдің мектеп оқушыларына үлгі-өнеге екенін атап өтті.