• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Талбесік 19 Қазан, 2024

Жалқарағай жанға – сая, көңілге – медеу

203 рет
көрсетілді

«Ертіс орманы» резерватындағы Маралды орманшылығы бас орманшысының орынбасары Қайрат Қапшаевты бұл төңіректегі жұрттың бәрі жақсы біледі. Сонау 90-жылдары Шалдай орман шаруашылығынан бастап, кейін резерват құрылғанда да үзбей еңбек етіп келеді.

«Ағаш жапырағымен, жер топырағымен көрікті», дейді дана халқымыз. Саналы ғұмырын та­биғи байлығымызды қорғауға арнап, экологиямыздың оңалуына үлес қосып жүрген қарапайым орман қызметкерлерінің еңбегі қай жағынан болсын құрметке лайық. Осы бір абыройлы мамандықты тізгіндеген Қайрат Қапшаев Ертісті бойлаған қара орманға 35 жылдан бері қамқор болып келеді. Әріптестері оны әбден ысыл­ған маман ретінде бағалап, кейінгі толқын тәжірибелерін әркез үй­ренуден жалықпайды. Әр ісіне мұ­қият, кез келген істен жол тауып шығатын сабырлылығымен соңынан ерген әріптестеріне үлгі-өнеге.

«Атамыз аңшы болған адам. Мынау қалың жалқарағайлардың ара­сында аң-құс қағып, саятшылық құрған. Біз орманды алқапта, сұлу табиғи өлкеде өмірге келген ба­қытты ұрпақпыз. Ормандар арасында күмістей жарқыраған қан­шама көл бар. Ежелден елік, қасқыр, сілеусін, түлкі, қарсақ, қоян, бұлан сияқты түз тағылары жайлаған өлке. Бала күнімізден осы өңірді қорғау парызымыз іспетті қанымызға сіңді. Атамның табиғатпен, жабайы жануарлармен байланысы әсер етті ме екен, мектеп бітірген соң орманшы боламын деп шештім. Сол шешімім дұрыс болғанына әркез шүкіршілік етемін. Бүгінде өз қолымызбен жасаған игіліктерді көріп, көңілім тояды. Табиғат тау­сылмайтын байлық емес, оны аялап, алғанымызды толтырып отырсақ, ұрпағымыз да сау-саламатты тірлік кешпек», дейді тә­жірибелі орманшы.

Өткен ғасырдың соңғы он жыл­дығында қаптаған қалың өрттен Ертіс бойындағы қара орман сиреп қалды. Иен даланың берекесіне айналып тұрған орманды заңсыз отай­тындар пайда болып, таби­ғатқа қаншама шығын келді. Мұ­ның барлығы жылдар өте қайта рет­теліп, бүгінде резерваттағы табиғат қорғау іс-шараларының көші түзелген.

«Қарағым, мынау жалқа­ра­ғайлар деген негізі құтты, қа­сиет­ті ағаш. Орманның киесі бар. Олай болмаса 400-500 жылға дейін сусылдаған құмда өсіп тұрар ма еді? Қаншама жан-жануарға қорғаныш, қоныс болып отыр. Ғалымдар бұл жерде сонау ерте заманда мұхит болған дейді. Содан ол мұхит тартыла-тартыла табанында балдырлар қалған. Кейін мұхит болған жерде қаншама метр қалыңдықта топырақ түзіліп, миллиондаған жылдардан соң әлгі балдырлар жер бетіне ағаш болып жарып шыққан. Тамыры 70 метр тереңдікке дейін кетіп, сонау шыңыраудан нәр алады. Былай қарасаң, айналаның бәрі құм, өсімдік өседі дейтін жер емес. Жаратқанның құдыретімен қа­лың орман ел-жұртқа сая болып тұр. Маралды орманшылығының аумағы 17 022 гектарды құрайды. Кезінде жанып кеткен аумақтарда жас көшеттерді толықтай егіп, қай­та қалпына келтірдік. Бүгінде кәдім­гідей жас ормандарға айналды. Әйтсе де, қарағай ормандарының толық қалпына келуіне 100 жыл қажет болады. Орманшылықтағы 43 адам иен байлықты кірпік қақпай күзетеміз», деп әңгімесін жалғастырды Қайрат аға.

Қыс таяған сайын орманшы­лардың өртке қарсы жұмысы сая­бырлайды. Бұл уақытта жас шыршаларды күзету, ормандағы аң-құстардың қысқы азығын дайындау іс-шаралары бас­талады. Орманшының сөзінше, соңғы жылдары жас шыршаларды жаңажылдық мерекеге заңсыз кесіп әкету оқиғалары сап тыйылған. Орман жағалаған ауыл жұртының да сана-сезімі өзгеріп, жанашырлығы оянған, жалқарағайдың нағыз табиғи байлық екенін, оны сақтап, кө­бейтудің маңыздылығын түсіне бастаған. Қарағай көшеттерін егу кезіндегі маусымдық жұмысқа жұрт жабылып кіреді. Тек биылғы күздің өзінде орманшылықта 106 гектарға екі жылдық көшет егіледі деген жоспар бар.

Қайрат аға орманшылардың еңбегі бүгінде лайықты бағалана бастағанын да сөз етті. Айтуынша, еңбекақылары 300 мың теңгеге дейін өсіп, жаңадан арнайы киім­дер, құрал-жабдықтар алынып жатыр. Орманшылықтың бір өзінде екі өрт сөндіретін, екі патрульдік көлік, екі трактор бар. Күнделікті қарағай арасын шолып, аң-құстарды бақылайды. Ормандар арасындағы жолдар да талапқа сай, төтенше жағдай туындай қалса кез келген жерден техника жүруге мүмкіндік бар. Көктемде өртке қарсы жаңа жүйе пайда болып, оның арқасында бақылау мүмкіндіктері арта түскен. Биыл Маралды орманшылығында бірде-бір өрт оқиғасы тіркелмепті. Лайым солай болсын деп тілейміз.

 

Павлодар облысы