• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 22 Қазан, 2024

Табанды табиғат қорғаны

50 рет
көрсетілді

Гете: «Табиғат – әр парағы ұлы жаңалыққа толы жалғыз кітап» деген-тін. Шынында, табиғат заңы қашан да ақиқат жағында, ол адасуды, қателесуді білмейді. Оны қорғаған, қорғауға тырысқан жан иесінің орны даңқ төрінде, абзалдық биігінде.

Сонау тым әрі де емес, Америка ат­ты алып құр­лық­та ертегіге ұқсас оқиға болыпты. Естігендер көзге жас іркіпті, көргендер қаршадай қыздың қайсарлығына қол соғыпты. Әлқисса, 1997 жылы Джулия Хилл атты жас ару тосын шешімге бас бұрады. Әріректен сабақтасақ, өмірге құштар бойжеткен бірде ауыр жағдайға тап болып, қатерлі жол-көлік апатына ұшырайды. Көп ұзамай денсаулығы қалыпқа келген қызын ата-анасы орманға, шоқ тоғай арасына апарып психологиялық, физикалық жағынан сауығуын қада­ға­лайды. Осылайша, бала кү­нінен-ақ табиғат құдіретін сезінген Джулияның санасы өзгеріп, қоршаған ортаға деген терең сүйіспеншілігі оянады. Әрі қоңырсалқын орман тынысы денсаулығына оң әсер етіп, құлантаза айығуына сеп болады. Осы шақта бойжеткеннің кеудесіне табиғат ананың аялы алақаны өз анасындай сезіліп, оны қорғауды өзіне басты мұрат, биік ұстанымы етеді.

1997 жылы әлдебір аме­рикалық мекеме кең аумақ­ты орман шебін қара­мағына алып, ондағы зәулім ағаш­тардарды кесуге қамданады. Бұл аумақ – жүзжылдық алып қарағайларға қалқан болған, жапырағы жайқалып, бұтасы бұлтқа жеткен жұмақ мекен еді. Ақкербез табиғаттың ерекше перзентінің бірі – 500 жыл өмір сүрген, бойы 60 метр­ден асатын «Ай» есімді ағаш болатын. 23 жастағы Джулия қасақана қолдың ұрын келе жатқанын аңдап, осы бір алып ағашты қорғамаққа бел буады, «Айдың» құзар шыңына өрмелеп, төмен түсуден бас тартады. Қарсылық қағидасы бақандай 738 күн табанды Джулия «Айды» күзетіп ұшар басында отырады. Екі жылға жуық уақыт бұтадан тоқылған 50 метр биіктіктегі шағын үйшікте өмір сүрген ол көпшіліктің қызығушылығын тудыра бастайды. Қайсар қызды қолдаушылар тобы жасақталып, бойжеткенді азық-түлікпен, жылы көрпе-жастықпен, байланыс құ­ралдарымен қамтамасыз етеді. Мақсатқа жетер жол қай кезде де оңай болмасы екібастан анық, Джулия қиын­дық өтінде қар төсеніп, мұз шайнайды. Бұзып-жар­ғыш дауылдар, төзгісіз суық, төпелеген нөсерлер легі оның үйшігіне залал келтіріп, азық-түлік тапшылығына ұшы­ратады. Сонда да алған бетінен қайтпаған арудың темірдей табандылығыАмерика жұр­тының ақыл-ойын айран-асыр етіп, бұқаралық ақпарат құралдары, танымал журналистер, шоумендер мен әртістер легі арнайы келіп, қайсар қыздың қолын алып, фотоға түседі. Адам сенгісіз танымалдылыққа ие болған Джулия соңынан халық ерген алып күшке айналады. Ендігі жерде орманды жайпауға ниетті америкалық мекеме онымен санасып, талап-тілектерін орындауға мәжбүр болады. Ақыры «Ай» мен оның маңайындағы 60 метрлік ағаштарды сақтау туралы шешім қабылданып, табиғат бөлшегі оталудан аман қалады.

Міне, табандылық, міне, нәтиже, айдарлы тілек. Кейін­нен журналистерге берген сұх­батында Джулия «Ай» ағашымен туған бауырдай болып кеткенін, оның талай мехнатты кезеңдерде өміріне араша түскенін жет­кізеді. Ондағы әр бұта мен сансыз жәндіктермен дос­та­сып үлгерген бойжеткен келер ұрпақтың ұранына айналады. Бүгінде Табиғат- ананы қорғауға аттанған жас­­тар Джулияның ерен ерлігіне соқпай өтпейді, атын адақтамай артық баспайды деседі.

Табиғат – қамқор ана, табиғат – өзіндей сан құ­былысты жаратушы. Джу­лияның жоғарғы ерлігі бұл­жымас ұғымды тағы бір дә­лел­дей түскендей.