Қызылордада орта буын медицина қызметкерлері арасында денсаулық сақтауды жетілдіру, салада халықаралық тәжірибені ұштастыруды көздеген ғылыми конференция өтті. Конференция жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов сәттілік тілеп, қатысушыларға алғысын айтты. Іс-шараға арнайы келген Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Алмагүл Қауышева салада атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Халықаралық конференцияда елiмiздегi медицина колледждерінің оқытушылары мен Латвия, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерiнен келген мамандар баяндама жасап, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алысып, тәжірибе алмасты.
Аймақ медицинасында да айта кетер жаңалықтар аз емес. Осы жылы ғасырға жуық тарихы бар Қызылорда медициналық жоғары колледжінде оқу-зертханалық, симуляциялық кабинеттер жаңғыртылып, емдік шөптер өсірілетін жылыжай ашылды. Халықаралық іс-шара қонақтарына облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов 30 000-нан астам орта буын медицина мамандарын даярлаған колледждегі виртуалды оқу кабинеті мен студенттерге тәжірибелік сабақ өткізу мақсатында ашылған жылыжай жұмысын таныстырды. Жылыжайға Іле Алатау бөктеріне жерсіндірілген шетел және Қазақстан флорасы өсiмдiктерінiң 60-тан астам үлгісі әкелінсе, 43 түрі тұқымнан себілген.
Денсаулық сақтау саласына, оның ішінде кадр даярлау мен біліктілік жетілдіру бағытындағы жұмысқа жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы жыл сайын артып келеді. Атап айтсақ, соңғы 3 жылда медицина мамандарының білімін жетілдіруге облыстық бюджеттен 532 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 1 543 қызметкер білім деңгейін көтерген. Одан бөлек, облыс әкімінің грантымен резиндентурада 167 маман білім алып жатыр.
Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Қызылорда