«Аңқау елге арамза молда» болған интернет алаяқтары қитұрқы әрекеттерімен қарапайым халықты құрығына іліктіріп, 30 мың адамның жеке банк карталарын қылмыстық схемаға пайдаланған, деп хабарлайды Egemen.kz.
24.kz сайтының жазуынша Қаржы мониторингі Агенттігі 30 мың адамның есепшоты есірткі саудасына қатысты операцияға қолданылғанын мәлімдеген. Алаяқтардың арам ойына алданғандар негізінен жұмыссыздар, студенттер және қоғамның осал топ өкілдері көрінеді.
«Астана мен Қарағанды қаласының студенттері және теміртаулық 64 жастағы зейнеткердің шоттары арқылы 100 млн теңгеден астам қаржы жылыстатылған. Олар «дроп» ретінде Telegram-дүкенінде есірткі сатудан алынған ақшаны өткізуге қатысқан. Алаяқтар осылайша 2 млрд теңгеден астам қаржыны айналдырған. Сол сияқты Алматыда 20 жастағы студенттің есепшотына 900-ден астам адамнан 22,5 млн теңге аударылған», дейді ҚР ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Мамандар мұндай заңсыз схемаларға қатысу салдары әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке апаратынын ескертіп, тұрғындардан сақ болуды сұрап отыр.