• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сараптама 23 Қазан, 2024

Технологиялық үрдістер болашағы

127 рет
көрсетілді

McKinsey&Company – жеке, мемлекеттік және әлеуметтік секторлардағы мекемелерге тұрақты табысқа жетуге көмектесуді мақсат тұтқан жаһандық басқару консалтиң компаниясы. Компания нарықта 90 жылдан аса уақыт бойы ең сенімді кеңесші ретінде қызмет етіп келеді. 60-тан аса елдің нарығында жұмыс істеп, бүкіл әлемде тұтынушыларға өз зерттеулері мен талдауларын ұсынады. Осы мақалада оқырман назарына McKinsey компаниясының 2024 жылғы Технологиялық үрдістердің болашағы (Technology Trends Outlook 2024) зерттеуін ұсынамыз.

2023 жылғы нарықтың күр­делі жағдайына қарамастан, технологияға салынған инвестиция көлемі артқан. Генеративті ЖИ (Gen AI) 2022 жылдан бері технологиялық даму саласын­дағы көрнекті трендке айналып келеді. Бұл технологияға деген қызығушылық пен инвести­ция­ның айрықша өсуі робот­техника және иммерсивті шындық сияқты өзара байланысты үрдістерде инновациялық мүмкіндіктерді ашуы ықтимал. Зерттеуде оптимизм, инновация және таланттардың ұзақмерзімді қажеттіліктері сияқты санаттармен 15 технологиялық үрдістің ұзақмерзімді траекториялық дамуы көрсетілген. Технологиялық үрдістер бес ауқымды санатқа топтастырылған: AI революциясы, цифрлық болашақты құру, компьютерлер мен интернетке қосылудың шекаралары, озық инженерия және тұрақты әлем.

AI революциясы. McKinsey компаниясының ЖИ-дің жай-күйі туралы кейінгі сауалнамасына сәйкес, респонденттердің 65%-ы олардың ұйымдары мен жұмыс орындары кем дегенде бір бизнес функциясында ЖИ-ді үнемі қолданатынын айтқан. Бұл былтырмен салыстырғанда ЖИ-ді пайдалану жағдайларының жылдық құны 2,6 трлн доллардан 4,4 трлн долларға дейін болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Былтыр OpenAI-дың GPT-4, Anthropic's Claude және Google's Gemini сияқты мәтіндік буын үлгілері, сондай-ақ Dall-E 3 және Midjourney сияқты кескін жасау құралдары салаcында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Жа­қында OpenAI-дің Sora мәтіндік-бейне генераторын іске қосуы технологияның әлеуетін тағы бір рет дәлелдеді. Тіпті музыкалық композицияда да төңкеріс болып жатыр. Бұл салада Suno сияқты жаңа модельдер әртүрлі стильдегі түпнұсқа туындыларды жасау мүмкіндігіне ие.

Цифрлық болашақты құру. Зерттеуге сүйенсек, алдағы уақытта таланттар ландшафтында өзгерістер болады. ЖИ-дің жаңа буынының пайда болуы бағдарламалық жасақтама инженерлеріне өз уақытын таза код жасау тапсырмаларынан айы­рып, сәулет дизайны және мәсе­лелерді шешу тапсырмала­рына қайта бөлуге мүмкіндік береді. Аталған өзгеріс инженерлер арасында ойлаудың айтарлықтай өзгеруіне әкеліп қана қоймай, сонымен қатар компаниялардың таланттарды таң­дауға, біліктілігін арттыруға және жұмысқа орналасуға деген көзқарасына да әсер етеді. Енді компаниялар жұмысқа маман алуда әлеуетті үміткерлердің кодтау дағ­дыларынан бөлек та­лант­тарды сақтау және дамыту үшін біліктілікті арт­ты­ру­дың сараланған стратегия­сын анықтауға инвестиция салады. Сонымен қатар үміткерлердің күнделікті тапсырмаларды орындау­да аталған озық құралдарды қан­ша­лық­ты тиімді пайдаланатыны, оларға бейімделе білетін қабілеттерін бағалауға басымдық береді. Компьютерлер мен интер­нетке қосылу шека­ралары. Зама­на­уи интернетке қосылу технологиялары тұтыну­шылардың және өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шар­уа­­­шы­лығы сияқты салалар­дың тә­жірибесінде төң­керіс жасауы мүм­кін. Ұйым­дар мен компаниялар өз байланыс инфрақұрылымын жақ­сарту үшін технологияларды кеңінен пайдаланып жатыр. Теле­коммуникация саласы осы технологиядан түсетін кірістің шектеулі өсуіне қарамастан, 5G-ге инвестиция салуды талап ететін тұрақты қоғамдық қысымға тап болды. Компаниялар нарықта салаларындағы инновация­лар­ды ынталандыру мен қаржы­лық қиындықтарды жеңу мақса­тын­да спутниктік байланыс про­вай­дерлері сияқты келесі буын тех­но­логиялық компания­ларымен се­ріктестік орнатуды жалғастырып жатыр.

Зерттеуде мамандар келтір­ген мәліметтерге сүйенсек, 6G технологиясы өрісті дамып келеді. Бірақ салада мазалайтын сұрақтар әлі де бар. Мем­ле­кет-жекеменшік әріптестігі саласындағы зерттеулер, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу және стандарттау арқылы прогреске қол жет­кізіп отыр. Қазіргі таңда бел­гілі бір қолданбаларға қосыл­ған 6G құнына байланысты шығындардың жоғары екені анық­талды және телекомму­ни­кациялық компаниялар бұл жаңа инновацияны қаншалықты сәтті монетизациялай алатыны әлі белгісіз.

Озық инженерия. Зерт­теу­де жетілдірілген робот­тық жү­йелер әртүрлі физикалық тап­сырмаларды автоматтандыруда жоғары мүмкіндіктерімен ерек­ше­ленетіні атап өтілген. Пай­да­лану жағдайларының ауқы­мы тұтынушылық деңгейдегі қыз­­­меттерден бастап кәсіпорын дең­­гейіндегі құрастыруға дейін, мак­роэкономикалық жағ­дайларға да, технологиялық же­тіс­тіктерге байланысты да ке­ңейді. Макроэкономика тұр­ғысынан әлемде еңбек шығын­дарының өсуі, халықтың қартаюы және оффшорлық жұ­мыс күшіне қа­тысты қосым­ша кедергілер бай­қалады. Техно­логиялық тұрғы­дан алғанда ЖИ физикалық робот­тардың мүмкіндіктерін арттырып, дайын­дығын жеделдететін көп­теген инновацияға әкелді. Еңсе­руге болатын технологиялық және әлеуметтік кедергілерге қарамастан, кең ауқымды нарыққа ену өнімділікті арттыру­дың кілті болуы мүмкін. Бұл экономиканы қазіргі адамға бағытталған жұмыс орындарынан түбегейлі ерекшеленетін жаңа жұмыс әдістерін енгізуге бағыттайды. Тұрақты әлем. Электр­лендіру және жаңартылатын энергия технологиялары Париж келісіміне сәйкес көмірқышқыл газының жаһандық шығарын­ды­ларын азайту үшін өте маңызды. Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу үшін 2030 жылға қарай жаһандық шығындарды 45%, ал 2050 жылға қарай нөлдік шығындарға дейін азайту қажет. Бұл технологиялар кең таралған сайын таланттар арасындағы ал­шақ­тықты жою да өте маңыз­ды болады. McKinsey зерт­теуінің қорытындысы бойынша, 2050 жылға қарай климаттық технологиялардың құн тізбегі бүкіл әлемде шамамен 200 млн білікті жұмысшыны қажет етеді.

Электрлендіру және жаңар­ты­латын энергия технология­ларын одан әрі енгізу техно­логия­лық жетістіктер мен ауқымды инвестициялар арқы­лы қол жеткізуге болатын шығындарды азайтуға байланысты болады. Есепке сүйенсек, болашақта технологияға қажетті литий, болат және мыс сияқты материалдарды жеткізу өзекті болуы мүмкін.

Түйіндесек, McKinsey ком­па­ниясының биылғы техно­логиялық үрдістер есебі – заманауи өнімдердің экономикалық даму, ғылым мен адамзат баласының болашағына әсерін бағамдауға мүмкіндік беретін зерттеулердің бірі. Есепте берілген мамандар қорытындылары мен статистикалық мәліметтер зерттеуші ғалымдарға, жалпы қызығушылығы бар қауымға қосымша көмекші құрал бола алады.

 

Айдана АМАЛБЕКОВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы