• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Республика күні 23 Қазан, 2024

Мемлекеттік егемендік туралы декларация: Тарихи мұра және оның қазіргі заңнамадағы рөлі

149 рет
көрсетілді

«Еге­мендік декларациясы – тәуекел мен дип­ло­матияның, ақыл мен сабырдың жемі­сі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұза­май байқала бастады. Біз қоғамның іргета­сын жаңар­тып, жаңа белестерге ұм­тылдық. Қазақ­стан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болу­ға бағыт ұстады», Қасым-Жомарт Тоқаев.

1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде мемлекеттілігінің негізін қалаған алғашқы әрі шешуші құжаты болды. Бұл декларация елдің егемендігін жариялап қана қоймай, саяси және құқықтық жүйенің жаңа бағытын айқындады. Алайда, бүгінгі таңда оның Қазақстанның заңнамалық жүйесіндегі орны толық бағасын ала алмай, тарихи рөлі екінші қатарға ығысып келеді. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және құқықтық сабақтастықты қамтамасыз ету үшін декларацияның мәртебесін қайта қарау аса маңызды.

Белгілі академик Салық Зиманов бұл құжаттың мемлекет құрудағы маңызын ерекше атап өтіп: «Жоғарғы Кеңес қабылдаған декларация жай ғана ниет емес, бұл – біздің мемлекетіміздің дүниеге келген күні», деп айтқан еді. Дегенмен, 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң мен Декларацияның арасында жасанды қайшылық туындады. Соның салдарынан Декларацияның рөлі тек саяси мәлімдеме ретінде қарастырылып, құқықтық мәні елеусіз қалды.

Заңгерлер мен құқықтанушылардың пікірі бойынша, декларация тек саяси акт емес, сонымен қатар құқықтық құндылығы бар нормативтік құқықтық акт болып табылады. Аса көрнекті заңгер ғалымдар Ғ.С.Сапарғалиев, З.Ж.Кенжалиев, В.А.Ким, сондай-ақ С.С.Сартаев пен Л.Т.Назарқұлова  декларацияны елдің құқықтық жүйесінің маңызды дереккөзі ретінде қарастырып, оны конституциялық-құқықтық актілер қатарына қосу қажеттілігін ұсынды. Бұл көзқарас декларацияның мемлекет құрудағы алғашқы қадам ретіндегі маңызын заңды түрде танудың өзектілігін көрсетеді.

Қазақстанның қазіргі Конституциясы халықаралық құқықтың басымдығын мойындайды, ал ратификацияланған халықаралық шарттар ұлттық заңдардан жоғары мәртебеге ие. Осы тұрғыда, егемендікті алғаш жариялаған құжат ретінде Мемлекеттік егемендік туралы декларация да жоғары құқықтық мәртебеге лайық. Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы тарихи және құқықтық негізін қалыптастырды және бүгінгі заңнамалық жүйеде тұрақты орын алуы тиіс.

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен алғашқы Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Бұл қадам Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи рөлін жаңғыртып, оны тәуелсіздіктің негізгі кезеңі ретінде қайта бағалауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бұл бастама құқықтық сабақтастықты нығайтып, декларацияны қазіргі құқықтық жүйенің ажырамас бөлігі ретінде мойындаудың қажеттілігін көрсетті.

Декларацияның құқықтық мәртебесін нақтылау үшін «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының заңына бірқатар өзгерістер енгізу ұсынылады. Атап айтқанда:

4-баптың 1-тармағына толықтыру енгізу:

«Қазақстан Республикасы заңнамасының жүйесін Мемлекеттік егемендік туралы Декларация, Қазақстан Республикасының Конституциясы, оған сәйкес келетін заңнамалық актілер, өзге де нормативтiк құқықтық актiлер, оның ішінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары құрайды».

10-баптың 1-тармағын келесі редакцияда мазмұндау ұсынылады:

«Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын әзірлеудің құқықтық негізі болып табылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының  жоғары заңдық күші бар».

Бұл өзгерістер Декларацияның құқықтық мәртебесін айқындап, оның тарихи және заңнамалық маңызын заң жүзінде бекітуге ықпал етеді.

Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның Қазақстанның құқықтық жүйесіндегі маңызын мойындау елдегі құқықтық сабақтастықты қамтамасыз етіп қана қоймай, оның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына жаңа серпін береді. Бұл қадам декларацияның өткеннің ескерткіші емес, қазіргі құқықтық жүйенің маңызды құрамдас бөлігі екенін көрсетеді. Тәуелсіздік пен егемендік ұғымдарын заңнамалық жүйеге енгізу арқылы Қазақстан халықаралық құқық талаптарына сай, тұрақты және тиімді құқықтық жүйе қалыптастыруда маңызды қадам жасай алады.

Бұл ұстаным Декларацияның тарихи маңызын жаңғыртып, оны Қазақстанның құқықтық тарихындағы ұлы құжат ретінде заңды түрде тануға мүмкіндік береді.

 

Алмас ҚАНАТОВ,

ҚР ПІБ қарасты Парламентаризм институтының

нормашығармашылық бойынша атқарушы директоры, 

қауымдастырылған профессор