Түркістандағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Республика күніне орай халықаралық «Voice of Turan – 2024» қазақ әндері фестивалі өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен биыл бесінші рет ұйымдастырылған ән байқауына Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, Тыва, Әзербайжан, Грузия, Беларусь, Армения, Кипр, Түркия, Болгария, Косово, Индонезия, Испания, Куба, Венесуэла елдерінен халықаралық ән байқауларында жетістікке жеткен 18–35 жас аралығындағы эстрада жанрындағы орындаушылар, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар 16 үміткер қатысты.
Байқаудың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндерін орындаушылар байқауы аз ғана уақытта әлемдік деңгейдегі танымал жобалардың қатарына енгенін атап өтті. Биылғы байқауға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал композитор Төлеген Мұхамеджанов бастаған өнер қайраткерлері төрелік етті. Екі күн қатарынан өткен байқаудың алғашқы күнінде шетелдік әншілер еліміздің өнер шеберлерімен бірге дуэт орындады. Ал «Voice of Turan – 2023» халықаралық қазақ әндері фестивалінің жеңімпазы, Әзербайжанның танымал әншісі Лаэлия Алиева қонақ ретінде ән шырқады. Ал екінші күні қатысушылар өз таңдауындағы қазақ әнін шырқап, бақ сынады.
Армениядан келген әнші Cюзанна Мелконян Қазақстан авторларының үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау, ән арқылы әлемге халқымыздың музыка мәдениетінің сан алуандығын, Ұлы дала елі шығармаларында айқын сақталған музыкалық ерекшеліктерді көрсету мақсатындағы халықаралық байқаудың Гран-при иегері атанды. Қазылар алқасының шешімімен І дәрежелі дипломды Димитрина Германова (Болгария), ІІ дәрежелі дипломды Самир Ёлчиев (Беларусь), ІІІ дәрежелі дипломды Браим (Куба) мен Дарлеани Перния (Венесуэла) иеленді. Сонымен қатар Фаро (Әзербайжан), Аэлин Иелиз (Түркия), Саида Мухаметзянова (Татарстан), Мукаддас Усмонова (Өзбекстан), Таррарин (Индонезия) байқау дипломанттары атанды. Ал Тыва Республикасынан келген Ишкин Оглу «Ең үздік аранжировка» арнайы жүлдесімен марапатталды. Өзге де қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.
ТҮРКІСТАН