Мақтаарал ауданына Алматыдан арнайы келген Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының білікті мамандары жергілікті дәрігерлердің қатысуымен тұрғындарға жоғары деңгейдегі мамандандырылған көмек көрсетті.
«Атакент» ауруханасы базасында «Дені сау ұлт – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында кардиохирургия, кардиоревматология, аритмология, нефрология, гастроэнтерология, функционалдық диагностика бойынша ауданның 284 тұрғыны медициналық тексеруден өтті. Бұл жоспарланған 180 пациенттен 104-ке көп, яғни алматылық дәрігерлерге қаралушылардың қатары көбейген. Қаралушылардың 260-ына дәрігерлік кеңес, 27-іне Алматыға жолдама берілді.
Кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаевтың, жүректің ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы бөлімінің меңгерушісі Бағдат Ахыттың қабылдауына келген 64 адамның 58-іне дәрігерлік кеңес берілсе, 6-ы ғылыми-зерттеу институтына қаралуға жолданды. Сонымен қатар «Атакент» аудандық ауруханасында мультидисциплинарлық шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Екі күн бойы аудан тұрғындарына қызмет көрсеткен алматылық білікті мамандарға Атакент кентінің әкімі С.Әзімов ризашылығын білдірді. «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның басқарма төрағасы Марат Пашимовтің айтуынша, мұндай жоғарғы деңгейдегі мамандандырылған көмек түрлері облыс тұрғындарына алдағы уақытта да көрсетілетін болады.
Түркістан облысы