• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2015

Кедергі келтірмеу – басты талап

272 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетек­ші­лігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысының күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Депутаттар бұл жолы еліміз бен Македония арасындағы қосарланған салықты болдырмау, ТМД-ға қатысушы мемлекеттермен өзара саудадағы кедергілерді жою мәселелерін талқыға салды. «Қазақстан мен Македония үкіметтері арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қолдау тапты. Келісімнің мақсаты ин­вестициялық қолайлы жағдайлар жасау, екі ел арасындағы ын­тымақтастықты нығайту және кеңейту болып табылады. Мәжіліс депутаты Темірхан Досмұхамбетов Келісім қос мемлекет резиденттерінің кірістеріне қосарланған салық салуды болдырмайтынын, салық салудан жалтаруға жол бермейтінін, бұл уағдаласушы мемлекеттер арасында тауар айналымы мен инвестициялардың ұлғаюына ықпал ететінін ерекше атады. Сондай-ақ, депутаттар «Кеден одағына мүше мемлекеттер болып табылмайтын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қа­ты­сушы мемлекеттермен өзара саудадағы техникалық кедергі­лерді жою туралы Кеден одағына мүше мемлекеттердің келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын да қолдау керек деп шешті. Келісімде ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің Еура­зиялық экономикалық комис­сия­ға өнімдердің белгілі бір түрлеріне қатысты өзара саудада техникалық кедергілерді жою туралы сұранысты жіберуге құқылы екендігі көзделген. Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мүдделі мемлекеттің Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарын қолдануы өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою болып табылатынын айтты. Бұдан басқа, құжатта мүдделі мемлекеттің аккредиттелген сертификаттау жөніндегі органдары мен ұлттық аккредиттеу жүйесіндегі бағалау мен сәйкестікті растау үшін жауапты сынақ зерт­­­хана­ларының қызметін тануға арналған шарттар көзделген. Бұл ретте, вице-министр былай деді: «ТМД елдері деңгейінде техникалық реттеу сала­сындағы бірыңғай құжаттарды Достастық мем­лекет­терінің мойындауы туралы мәселе әзірге шешіл­ген жоқ. Сондықтан да келісімді ратификация­лау өте маңызды». Артынан вице-министр депутаттардың қойған бірқатар сауалдарына жауап берді. Депутат Светлана Рома­нов­скаяның сұрағына берген жауабында Альберт Рау бүгінгі таңда Кеден одағының 32 тех­никалық регламенті жұмыс істеп тұрғанын алға тартты. Тағы бір белгілі болғаны, 202-ге тарта қазақстандық сынақ зертханасы орталық реестрге тіркелген, сондықтан да тексерістен өткен қазақстандық тауарлар өзге елдерде мойындалады. Алкоголь және өзге де қазақстандық тауарлардың Ресей аумағында қиын­дыққа тап болып келгендігін алға тартқан депутат Сәкен Жыл­қайдаров бұл мәселенің шешілуі перспек­тивасын сұрады. Вице-министр жауабында кейбір қазақстандық өнімдер бойынша жеке келісімдер қажет­тігіне назар аудартты. Сон­дай тауарларға жататын дәрі-дәрмектерге кедергі болатын жәйттерді алып тастау мәселесі 2016 жылдан бастап шешімін табуы тиіс. Ал депутат Тұрсынбек Өмірзақовтың сұрағына орай жауабында вице-министр: «Украинамен сау­да айналымы жалғасуда және қосалқы бөлшектер мен шикізат жеткізіліп келеді», деді. Оның айтуынша, екі ел арасында машина жасау саласында 15-ке тарта жоба жүзеге асырылу үстінде екен. Бұл жобалардың іс жүзінде орындалуын вице-министр өзі үйлестіріп келе жатқанын да алға тартты. Заң жобасы бойынша қосым­ша баяндама жасаған Мәжі­ліс депутаты Еркін Шпанов Келі­сім Кеден одағына мүше және Кеден одағына мүше болып табылмайтын, ТМД-ға қаты­сушы мемлекеттер арасын­да­ғы өзара саудадағы техника­лық кедергілерді жоюға, ТМД ел­дері өнімдерінің Кеден одағы­ның бірыңғай кеден аума­ғы­на шығуын жеңілдетуге, өзара сауда-экономикалық және ­и­н­вес­тициялық ынтымақтастық­ты кеңейтуге бағытталғандығын атап өтті. Бұдан кейін палата­ бірқатар заң жобаларына­ қо­рытынды әзірлеу мер­зім­дерін бекітіп берді. Атап айт­қанда, халықаралық әуе тасы­малдарының кейбір қағи­даларын біріздендіруге арнал­ған конвенцияны ратифика­циялау туралы заң жобасы жұмыс­қа қабылданды. Конвенция 1999 жылы 28 мамырда Мон­реаль­да қабылданып, 2003 жылғы 4 қарашада күшіне енген. Монреаль конвенциясы халықаралық әуе тасымалдауда жолаушыларды қорғау дәрежесін жоғарылатады және жолаушылардың мүдделерін тасымалдаушылардың мүд­делерінен жоғары қояды. Үкіметке жолданған хаттарға жауап келе қоймағандықтан, «Бітімгершілік қызмет туралы» және оған ілеспе заң жобасымен жұмыс жалғасатын болып шешілді. Ал қорытынды әзірлеу мерзімі кейінге шегерілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».