Республика күні қарсаңында Петропавл қаласында ағашты терең өңдейтін зауыт іске қосылды. Жоба құны – 8 млрд теңге. «Nord Panels» ЖШС ескі ғимаратты бір жарым жыл ішінде жөндеп, Финляндия, Жапония және Тайваннан құрал-жабдық жеткізген. Компания директоры Оғузхан Челиктің айтуынша, енді мұнда сапалы фанер шығарылып, алыс шетелдерге экспортталады.
«Qyzyljar» арнайы экономикалық аумағында ашылған кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде 300-дей адамға жеткілікті жұмыс орны құрылады. Арнайы экономикалық аймақта орналасудың ересен артықшылығы – жер төлемінен, басқа да салықтардан босатылады. Әрі компания «Даму» қорынан екінші деңгейлі банк арқылы 8%-дық жеңілдетілген мөлшерлемемен несие алған. Қордың Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Гүлбаршын Дәулетбаеваның айтуына қарағанда, биыл 309 жоба қаржыландырылған.
«Соның бірі – ашылып отырған осы зауыт. Енді бұл кәсіпорын қаладағы жұмысы жақсы жүретін өндіріс ошағының біріне айналатын шығар деген үміт бар», дейді ол.
Зауыт өнім өндіруге қазірдің өзінде кірісіп кетті. Енді бір жарым айдан соң тауарларын шетелге экспорттай бастайды.
Петропавлда ағашты өңдеп, фанер шығаратын бір зауыт 2020 жылы ашылған. Ол «Солтүстік фанер зауыты» деп аталады. Оның құны 5 млрд теңге болған еді. Енді сол қатарға мына зауыт та қосылып отыр. Ол ағашты тереңдеп өңдеп, жылы пеллет материалдарын да шығарады. Осындай материалдарды бұрын құрылыс компаниялары сырттан импорттайтын. Енді сол импорттың 13%-ын осы зауыт өнімдері жабады.
«Біз ағаш өңдеуде бұл зауытпен шектелмейміз. 2027 жылға дейін бізде «SFK Furniture» фирмасы түрлі жиһаз шығаратын, құны 2,5 млрд теңгелік жаңа зауыт тұрғызады. 2026 жылы ағаш жаңқаларынан плиткалар жасайтын зауыт та іске қосылады. 2025 жылы ағаш материалдарын құрастыруға қажетті желім, шайыр сияқты химиялық компоненттерді шығаратын зауыт та пайдалануға беріледі. Оның құрылысы қазір аяқталуға жақын», дейді облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастығы Дархан Әмрин.
Сөйтіп, ағаш өңдеу кластері қатарына өңіріміздің 30-дан артық заңды тұлғасы, 90 жеке кәсіпкері қатысатын көрінеді. Бұл жергілікті, арзан ағаш материалдарын өңдеудің озық жолы болмақ.
Алайда кесілген әрбір ағаштың орнына жаңа көшет егіп отыру жұмысы ұмыт қалмаса болды. Жыл сайын теріскей ормандарында жарты миллион текше метрден артық ағаш кесіледі екен. Бір бәйтеректі бес минутта жоқ қылуға болады, ал өсіру үшін ондаған жыл керек. Сондықтан оны сақтау мен қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын облыстық Табиғат ресурстары басқармасының бастығы Бейбіт Есмановтан сұрағанымызда, ол жыл сайын 23 миллиондай ағаш, қарағай көшеті отырғызылатынын айтты.
Облыста орманды қалпына келтіруге арналған 2025 жылға дейінгі арнаулы жоспар да бар. «Осы жоспарға сәйкес облыс аумағындағы 20 мың гектар орманды алқапқа 100 миллион көшет отырғызуымыз керек. Қазір облыстағы 12 орман шаруашылығы кәсіпорындарында бұл жұмыс қызу жүргізіліп жатыр», деді ол.
Солтүстік Қазақстан облысы