• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Марапат 05 Қараша, 2024

Америкадан алтын медаль әкелді

183 рет
көрсетілді

Жыл сайы­н бәсі биік өнерпаздарымыз ұлтымыздың жұмбақ жанын өнерімен өрістетіп, өзге елдерге таныстырып келеді.

АҚШ-тың Нью-Йорк қала­сында өткен «Көшпелілер жұлдызы» атты халықаралық көрмеде отандасымыз, жас суретші Томирис Қарабаева туындыларын, көрермен назарына ұсынып, ықыласына бөленді. Біршама уақыт бұ­рын алпауыт елге шақырту алған талантты қыз ұлттық нақыштағы суреттері арқылы ел мәдениетінің ме­рейін асырып отыр.

Жас суретшінің ұстазы, Атырау қаласының мәслихат депутаты, Мәдениет қай­раткері Камила Жапалова сүйінші хабарды қуана жет­кізді.

– Американың Нью-Йорк қаласындағы Манхэттен тө­рінде өтіп жатқан «көш­пелілер жұлдызы» атты ха­лықаралық көрменің ашылу салтанаты көңіл толқытты. Мұхит асып, арман қуған біздер ұзақ жолды бағындырып, қазақтың сурет өнерін АҚШ төріне шығарып отырмыз. Оған себеп, жақында менің талантты оқушым, болашағынан көп үміт күттіретін 12 жасар суретші Томирис Қарабаева Нью-Йорк қаласында өтетін көрмеге қатысуға шақырту алған болатын. Кураторы, ұстазы ретінде көрмеге мен де қатысып, шәкіртім екеуміз Америкада Алаштың асыл мұрасы, ұлттық тақырыпта салынған суреттерімізбен кө­рерменді таңғалдырдық. Ха­лықаралық көрмеге Аме­­ри­каның өзінен, Ресейден, ТМД ел­дерінен өнерпаздар қатысты. Сол суретшілер арасында То­мирис алтын медаль ұтып, айды аспанға шығарды. Қан­дай керемет! «Ұстаздан шәкірт озар» деген осы. Әлемге қазақ өнерін паш етіп, елге деген құрметіміз жүректі жарып барады, – деді ол.

Суретші Камила Жапало­ваның «BatiKKami» арт-га­ле­реясы жас суретшілерді даяр­лап, түрлі конкурстар өткізіп келеді. Олардың ішінде өзге де таланттар шоғыры же­тер­лік.

Айта кетейік, болашағынан үлкен үміт күттіретін То­мирис Қарабаева бірнеше рес­публикалық сайыстардың жүлдегері. Жас өнерпаздың ұлттық көрмесі Мая­ми қа­ласына шақырту алып отыр.