• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 05 Қараша, 2024

Тиянақты шаруаға – ұтымды несие

71 рет
көрсетілді

Айдос Исмаил 2018 жылдан бері «Исмаил А.Б.» жеке шаруашылығының жұмысын дөңгелетіп ке­леді. Мал шаруашы­лы­ғымен айналысуды мұ­рат тұтқан еді, үмі­ті алдамады. Асыл тұ­қым сиыр өсіруді қолға алды. Қостанай өңі­ріне ар­найы сапарлап барып, Қаракеңгірдегі ша­руа­шылығына ақбас сиырлар сатып әкелді. Бұған қоса жылқы өсіруді де ойлас­тырды.

Мал басы өсе келе, жемшөп тап­шы­лығы сезіле бас­та­ды. Қуаңшылық жылдары тіп­ті қиын жағдайға тап болды. Қайтпек керек? Әрине, кім болса да мұндайда тығырықтан шығар жол іздейді ғой. Айдос та ізденді. Ол жастығына қара­мастан, алыстағы АҚШ-тан бас­тап күншығыстағы Жапонияда да, Еуропаның бірқатар ел­інде де болған азамат. Бір­ақ ол бұл елдерге турист болып, қы­­дырыстап барған жоқ. Өзі тә­різді шаруалардың тыныс-тір­шілігімен танысып, ой бө­лісуді, тәжірибе жинақтауды ойлады. Барғанда көргендерін ой елегінен өткізгенде көп мүмкіндікті пайдалана алмай жүргенін де, орынсыз шығынға жол берілетінін де, мал өсірген соң оны жемшөбімен жеткілікті қамту керегін де ұғынды. Сөй­тіп, жемшөп қорын жа­саудың қамына кірісті.

Бұл ретте ол алдымен өзіне қарасты жерді зерттеп көруді ұйғарды. Неге? Өйткені жер егіс­тікке жарамды ма, жоқ па? Құнарлығы қандай болады екен? Соны білу керек еді. Сөйтсе, кешегі кеңес уақытында бұл жерге арпа, бидай да, күнбағыс, жүгері де, бау-бақша өнімдері де егіліп, өсірілген екен. Жерді құжат түрінде суармалы жерге айналдырып, қайта рәсімдеу біршама уақыт алды. Құжат рет­телген соң, 2023 жылы Түр­киядан 160 млн теңгеге жаң­быр­латып суаруға арналған екі құрылғы әкеліп орнатты. Ал биылғы тамыздан бастап «Сол­түстік Қазақстан облысы тә­жірибесін тираждау» деп аталатын агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларға несие беру бағдарламасы бас­талғанын естіген Айдос «Ұлытау» әлеу­меттік-кәсіп­керлік корпорация­сына 400 гек­тар жерді тамшылатып суару арқылы жемшөп, көкөніс өсіруге бағытталған жобасын ұсынып, несиелендіруге өтініш берді. Ол жоба жүзеге асқанда 3 мың тонна жоңышқа, 4 мың тоннаға тарта картоп өсіруді жоспарлап отыр.

– Қазір мемлекетіміз ауылды дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету бағытында көптеген бағдарлама жасап жатыр. Соның бірі – агроөнеркәсіп ке­шені саласындағы жобаларға несие беру. Несие өте тиімді. Неге дейсіз ғой, өйткені, жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайы­з ғана. Несиені 10 жылға алуға бола­ды екен. Сонымен қатар 24 айлық жеңілдікті кезең де қарас­­тырылған. Сондықтан қуана отырып, өтініш беріп едім, Ұлы­­тау облысынан ең алғашқы болып мақұлдау алдым, – деген Айдос Исмаил мемлекет та­рапы­нан шаруаларға көрсетіліп жатқан қамқорлыққа дән риза екенін айтты.

– Ұлытау облысына атал­ған бағдарлама аясында респуб­ликалық бюджеттен жалпы сомасы 3 млрд теңге қаражат бө­лінді. Облыс әкімінің шешімімен жобаларды іріктеу жөніндегі комиссия құрылды. Іріктеу үдерісінің ашықтығын, барлық мүдделі тарапың тартылуын қамтамасыз ету мақсатында комиссия құрамына жергілікті атқарушы органдардың, «Ата­мекен» өңірлік кәсіпкер­лер палатасының өкілдері, мәс­лихат депутаттары, бизнес, бұ­қаралық ақпарат құ­ралда­рының өкілдері кірді. Өткі­зілген мемлекеттік сатып алу қоры­тындыларына «Ұлытау» ӘКК» АҚ бағдарламаның сенім білдірген өкілі (агент) болып белгіленді. Шаруалар тарапынан өтініштер түсе бастады. Комиссия түскен өтініштерді қарастыра келе, «Исмаил А.Б.» жеке шаруашылығының барлық талапқа сәйкес келетінін анық­тады. Сөйтіп, облыста агроөнеркәсіп кешені бағыты бо­йынша алғашқы несие ма­құл­данды, – дейді «Ұлытау» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпо­ра­циясы АҚ-ның басқарма төр­ағасы Алмат Жөкебаев.

«Егер жерді дұрыс өңдеп, технологиясын сақтап отырса, жаңбырлатып немесе тамшылатып суаратын болса, егіннің өнімділігі де артады. Осылай жасап, бір гектар жерден 150 тонна бидай жинаған жігітті білемін. Ал қазір егінді егіп тастаймыз да, жаңбырдың жаууына қарай әрі кеткенде 1 тонна жинап жүр­міз ғой. Ендігі жерде біз де алдыңғы қатарлы озық әдістерді қолдана білуіміз керек. Соған қол жеткізу үшін жеңілдікті несие беріліп жатқаны өте дұрыс», деген А.Исмаилдың сөзінен өз ісіне тиянақты шаруа екені байқалады. Ол ұтымды несиеге қол жеткізді. Шаруаларымыз ширақ, ұсы­нар несиеміз ұтымды болса, ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы үлесі артып, ауылдың жағдайы да түзеле түсері хақ.

 

Ұлытау облысы