• RUB:
    4.99
  • USD:
    489.36
  • EUR:
    533.45
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:05

Жеңіл өнеркәсіптің өрісі кеңейеді

22 рет
көрсетілді

Облыс орталығында орналасқан «Turkistan» индустриялық аймағында жеңіл өнеркәсіп бағытында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар аз емес. Солардың бірі – ашылғанына жылға жуықтаған «Қазақстан 2023 Қытай» ЖШС. Былтыр облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен аудандардың, тиісті басқармалардың басшылары және өңірдегі кәсіпкерлердің Қытай Халық Республикасына жасаған сапары аясында 10 компаниямен 2 трлн 648 млрд теңгені құрайтын меморандумға қол қойылған болатын. «Қазақстан 2023 Қытай» кәсіпорны да екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының нәтижесінде ашылып отыр.

Кәсіпорын негізінен шұлық шы­ғарумен айналысады. Отандық өнім­­нің сапасы шетелдік тауарлардан кем емес. Бағасы да қолжетімді. Күніне 32 мың жұп шұлық шыға­ру­ға қау­қар­лы фаб­рика толы­ғымен авто­маттандырылған. Өндіріске қа­жетті шикізаттың барлығы Қы­тай­дан алынады.

«Фабрикада шұлықтың 10 түрін тіге­міз. Дизайны, түсі әр­түр­лі. Тоқы­ла­тын жіптері де түр­ліше. Ерлерге, әйелдерге, балаларға ар­нал­ған шұлықтарымыз бар. Сондай-ақ спорттық және егде жастағы адамдарға арналған шұлық та шығарамыз. Бір аппарат бір күнде 250 жұп шұлық тоқиды. Мұнда қазір 40-қа жуық станок бар. Қондырғылардың барлығы автоматтандырылған. Сондықтан жұ­­мысшы мамандардың қызметі аса ауыр емес. Ең бастысы, өнім­де­рі­міз­дің сапасы жоғары. Осы күнге дейін тұтынушылардан арыз-шағым түс­кен жоқ. Бағасы да нарықтағы өзге тауарлардан әл­деқайда төмен», дейді өнді­ріс ор­нының маманы Дарина Қалжанова.

Кәсіпорында 20-ға жуық маман жұмыс істейді. Олар жылына 150 мың жұп шұлық шығарады. Заманауи қондырғылармен жаб­дық­талған кәсіпорынның өнім­де­рін бүгінде Шымкент қаласы, Түркістан облысының аудан, ауыл тұрғындары танып үлгерген. Зауыт басшыларының айтуынша, логис­тика жағынан ешқандай мәсе­ле жоқ. Сондықтан тауарлары тұр­ғындарға қолжетімді бағамен ұсы­ны­лып отыр.

Инвесторлар шұлық фабрикасы толық қуатына жеткен соң, кос­тюм шығаратын жобаны жүзеге асырмақ. Бұл жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция салынады. Күніне 500 костюм тігу болжанып отыр.

«Мемлекет басшысы мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсы­рысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн екенін айтқан болатын. Яғни мектеп формасын барлық оқушыға қолжетімді ету отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға да ықпал етеді. Осы орайда костюмнен бөлек мектеп формалары, аяқкиім, тіпті сөмкеге дейін тігуді көздеп отырмыз. Кәсіпті бастамас бұрын нарықты әбден зерттедік. Қазір елімізге киім-кешектің барлығы дерлік өзге елдерден импортталады. Мақсатымыз – Түркістанда ою-өрнекті, ұлттық нақыштағы отан­дық өнімді, киімдерді шы­ғару. Әдетте тауар шетелден келген­дік­тен, логистика құны қосылып, бағасы шарықтап кетеді. Ал бізде арзан. Қолданып отырған технологияларымыздың барлығы жаңа. Әлі де жаңа технологияларды енгізіп, өндіріс көлемін, жеңіл өнеркәсіп өрісін кеңейте түсеміз. Арнайы мамандарға тауа­ры­мыздың сапасын тексер­теміз. Кем­­шіліктері болса дереу түзе­те­міз. Қондырғыларымыз келсе, қуат­тылық тәулігіне 15–20 мың жұп шұлыққа дейін артады», дейді мекеме әкімшісі Тұрман Қарсыбаев.

Кәсіпорын алдағы уақытта отан­дық шикізатты пайдаланудан үмітті. Мақтаарал ауданында мақта-тоқыма клас­терін дамыту мақсатында 2024–2030 жылдар аралығында жалпы құны 70 млрд теңге болатын 8 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы арқылы 3 020 адам жұмыспен қамтылып, бюджетке қосымша 1 млрд 862 млн теңге салықтық түсім түседі. Аудан әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, «Cotton Мақта» ЖШС 2025–2026 жылдар аралығында жылдық қуаттылығы 10 мың тонна болатын жіп иіру фабрикасын салмақ. «Global Textile» ЖШС Бірлік ауылдық округінен 13,8 мың тонна қатты және боялған жайма өңдеу фабрикасын салу жобасын жүзеге асырады. Бүгінде 10 мың тонна мақта шикізатын қабылдайтын бекет құрлысы жүргізіліп жатыр. Жоба құны – 21 млрд теңге. Сондай-ақ «Тulpar textile» ЖШС 2025–2028 жылдары 5 мың тонна жіп иіретін фабрика салуды көздеп отыр.

Түркістан облысында биыл қаңтар-қыркүйек айларында жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 20 852,7 млн теңге болған, яғни тоқыма бұйымдары өндірісінде – 19 123,3 млн теңгеге, киім өн­дірісінде 1 598,8 млн теңгеге өнім өндірілді. Облыс аумағында жеңіл өнеркәсіп саласында 50-ге жуық кәсіпорын бар. Оның басым бөлігі мақта өңдейді, сондай-ақ 8 тігін кәсіпорны мен 9 тігін цехы жұмыс істейді.

 

Түркістан облысы