• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Айбын 05 Қараша, 2024

Алғашқы әскери дайындық пәні ұстаздарына арналған дәріс

80 рет
көрсетілді

Шымкент қаласының ал­ғаш­қы әскери және техно­логиялық дайындық мұға­лімдері әскери даярлықтың негізгі пәндері бойынша оқу-әдістемелік сабақтан өтті. Бұл дәрістер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бри­гадасының аумағында жүр­гізілді.

Аталған сабақтар мұғалімдердің білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар ұстаздардың бі­ліктілігі арқылы жастардың пат­риот­тық сезімін оятып, әскери қыз­метке деген қызығушылығын ту­дырады. Ұйымдастырушылар іс-ша­раның басты мақсаты саптық және денешынықтыру даярлығын пы­сықтау екенін айтты. Әрі осы оқу­ларда қатысушылар теориялық пен прак­тикалық дағдыны бір-бірімен ұш­тастырды. Сондай-ақ ұс­таздар жал­пыәскери жарғылардың ереже­леріндегі негізгі өзгерістермен де танысты. Бұған қоса еліміздің Қарулы күштерінің қару-жарағы мен әскери техникасын тамашалады.

Ал дәрісте оқытушылар құ­рамы әртүрлі болды. Ұстаздарға кеңес одағында қызмет еткендер де, бірнеше жыл бұрын әскери қызметін аяқтағандар да сабақ берді. Бір қызығы, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің арасында қыздар да болды. Оларға бұл пән өте ұнайтын болғандықтан осы мамандықты таңдапты. Сол үшін арнайы педагогикалық жоғары оқу орнында білім алған.

Дәріске қатысушыларға оқу-материалдық базадан орын бе­рілсе, алдын ала дайындалған жеке құрам да соларға бөлінді. Өз ке­зегінде 35748 әскери бөлімінің тә­жірибелі нұсқаушылары оқыту­шы­ларды әскери дайындық негіз­де­рі­не қалай дұрыс әрі сауатты оқыту керектігін баяндап, мұғалімдердің қызықтырған сұрақтарына жауап берді.

– Бүгінде алғашқы әскери да­йын­­дықтың әрбір мұғалімі мек­тептің әскери-патриоттық клубы­ның басшысы десек болады. Осы орайда қорғаныс істері жө­ніндегі департаменттің мәліме­ті­не сүйенсек, Шымкент қала­сының аумағында 137 мектепте алғашқы әскери және техноло­гия­лық дайындық бойынша са­бақ­ өткізіледі. Әрбір оқушы армия туралы мағлұматты бірінші мұғалімінен алатыны белгілі. Сон­дықтан біз олардың қызметіне ерекше назар аударуымыз керек. Әскери бөлімде өткен әдістемелік са­бақтар – ұстаздардың білімі мен тәжірибесін байытудағы алғашқы қадамдар, – деді бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары подполковник Қуаныш Айдынғалиев.

Қорғаныс саласы мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда оқушыларды жауынгерлік дайындық негіздеріне үйретудің маңызы ерекше. Себебі сол арқылы болашақ әскерге ша­қы­рылушылардың бойында Отан алдындағы борышын өтеуге деген сезімі оянады әрі жасөспірімдердің соған іштей дайындалып жүруіне мүмкіндік туады. Жалпы, әскери­лер мұндай сабақтар қала мен елді мекендегі білім беру ұйымдарында әскери дайындық пәнін оқытуда оң өзгерістерге жол ашады деп үміттенеді. Бұл дәрісте мұғалімдер өзара тәжірибе алмасуға, сабақ барысында туындаған қиындықтар­ды ортаға салып бірге талқылау­ға, сондай-ақ білім беру үдерісін жақ­­­сарту бойынша ұсыныстарын әзірлеуге мүмкіндік алды.

– Мұндай іс-шаралар педагог­тердің біліктілігін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың санасын сілкіндіріп, патриоттық рухын күшейтумен де маңызды. Бөлім басшылығы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде ұстаздармен бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан да дайын. Осы орайда әскери мен білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастық одан әрі арта береді деген үміттемін, – деді подполковник Қ.Айдынғалиев.